Ізгіліктің қаладың көз ілмеуін, Болмасын деп шәкірттің көзінде мұң

МҰҒАЛІМ
Даналықтың ұстаз боп жалғап ісін,
Еңбек еттің балауса арман үшін.
Сен - ертеңгі бәйтерек болашақтың
Бүгінгі күн тер төккен бағбанысың.

Таныдың да мінезін әр баланың,
Ұштай түстің ұл - қыздың арман - әнін.
Шәкіртіңнің болашақ биігінің
Іргетасын алдымен сен қаладың.

Парыз жүктеп қыз бенен сенімі ұлдың,
Армандарын ақ қанат сен ұғындың.
Мұңайса да, қамықса бала жаны,
Шипагері екен деп сені білдім.

Болмысыңмен осындай дараландың,
Асқақтығын ұқтырып балаға ардың.
Сен өйткені осынау мамандықты
Жүрегіңмен әу баста қалап алдың.

Болса кейде сабақ пен дәптерде мін,
Кейде ақталмай жатса да төккен терің.
Кешіріммен қарадың шәкіртіңе,
Жөн сілтедің, бірақ та жек көрмедің.

Ұстаз деген ұлық ат - сендегі есім,
Балғындардың бәрін де тең көресің.
Балалықпен күн сайын жүздесесің,
Тазалықпен бетпе - бет сен келесің.

Сәулесіне шомылып жүрек нұрдың,
Талай мәрте таңы атты түлек күннің.
Шығарып сап сапарға, сен солардың
Жақсы азамат болғанын тілеп тұрдың.

Соларменен өмір боп жалғанасың,
Сүйетұғын анадай бар баласын.
Саналарға мейірім мен жақсылықтың
Дәнін себер алдымен сен ғанасың.

Берсең әділ беріп ең бағасын да,
Түскен сайын шәкірт боп бала сынға.
Жүректерге тәліммен із қалдырып,
Сен мыңдардың жүресің санасында.

Жүзіңде боп мейірімнің нұры басым,
Бала жанын байыппен ұғынасың.
Ізгілікті өмірдің ортасында
Қарапайым боп жүрген ұлы жансың.

Мектеп - Ана

Кенде етпестен тәрбие, тағылымнан
Талай шәкірт ұшырдың бауырыңнан.
Сол еңбектің арқасы шығар, бәлкім,
Қыздан тәлім байқалса, таным ұлдан.

Бөле - жармай бірін де шетке дара,
Бердің бе екен қашанда көпке баға.
Қай қиырда жүрсе де шәкірттерің,
Сен оларға ортақсың, Мектеп - Ана.

Сендірумен жақсы күн жолығарын,
Ақ тілектер арнадың жолына мың.
Шалғайларға кетсе де түлектерің,
Жадында әлі жүр ме екен қоңырау - үн.

Жүрген жері болса да басқа қала -
Оңтүстік пе, шығыс па, Астана ма.
"Ана пәннен ана ұстаз беріп ед..." деп
Бұл күндері, кім білсін, еске ала ма?

Бірін кейде ескертіп, бірін ұға,
Білім нәрін сыйдырдың ұғымына.
Шаттанды ма, ал кейде өкпелі ме -
Сен солардың куәсің қылығына.

Ізгіліктің қаладың көз ілмеуін,
Болмасын деп шәкірттің көзінде мұң.
Балалықпен оянған бойындағы
Қорғаштадың алғашқы сезімдерін.

Санада ұл жаңғыртып бала кезін,
Сені ұмытпай жүр ме екен қара көзің.
Мейлі, жүзге толса да қартаймайтын
Түлек үшін мейірімді Ана - өзің!

Сені ойлай ма кешегі бала бүгін,
Сыйласа да өмір жол бағалы күн.
Өйткені олар өзіңе сонау шақта
Кеткен еді қалдырып балалығын.

Авторы:
Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
Қызылорда қаласы



Ұқсас жұмыстар

Абай Құнанбайұлының ағартушылық идеялары
Абай жолы эпопеясындағы монологтың көркемдік қызметі
Туған халқына мәңгілік мұра болған Мұхтар Әуезов
КҮЛӘШ АХМЕТОВА ӘЛЕМІ ЖӘНЕ ПОЭЗИЯ
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес
М.Шаханов – халқымыздың ұлттық қасиетін қастерлеуші ақын
Төле би және оның заманы
ОҚУШЫЛАР ҰЖЫМЫМЕН ЖҰМЫС ЖҮРГІЗУ ТӘСІЛДЕРІ
Ортағасырлық мәдени туындылары
Оқытылатын тіл елінің әдебиетін қазақ/орыс әдебиетімен салыстыру
Төлем көзінен салық салынбайтын табыстар
Басқару процесiнiң мазмұны
Қожа Ахмет Яссауи туралы
Мемлекеттік бюджет жүйесінің экономикалық мазмұны
ҚР-дағы мұнай нарығының даму заңдылықтары және тенденциясы «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» АҚ
Мұнаймен ластанған топырақтан бөлініп алынған микроорганизмдердің микробтық құрамын зерттеу
Пайда, оның экономикалық мазмұны, түрлері және анықтау әдістері «Қостанай минералдары»
ҚОЖАҒҰЛҰЛЫ ҚАБАНБАЙ
Экономикалық өкіметке кім және қалай қожалық етуде - меншік және меншік құқығы
НҰРМҰХАММЕДҰЛЫ ЖАНҚОЖА