Тілге арналған жаттығу

Выготский көзқарасы және толықтыру қағидасы

Л. С. Выготский бала бойындағы кемістікті толықтырудың екі маңызды ерекшелігін атап көрсеткен: біріншісі — баланың психикасының даму деңгейіне сай қойылатын тәрбие талаптары; екіншісі — кемістікті қалпына келтіру үдерісіндегі баланың өзіне тән мүмкіндіктері мен жеке ерекшеліктері.

Негізгі ұғым

Мүмкіндігі шектеулі тұлғалар — белгілі бір қамқорлықты қажет ететін немесе өз бетінше өмір сүруі шектеулі, алайда арнайы жағдай жасалғанда жартылай еңбекке қабілетті болып, әлеуметтік ортаға бейімделе алатын адамдар.

Ринолалия: өзектілігі және себептері

Туа біткен ерін мен таңдай жарықшаларының салдарынан пайда болатын ринолалия медицина мен логопедия үшін маңызды мәселелердің бірі болып саналады.

Кемістіктің пайда болуына әсер ететін факторлар

  • Генетикалық ықпал және ұрық дамуының ерте кезеңіндегі экзогендік зияндылықтар.
  • Биологиялық факторлар: жүктілік кезінде қызамық, вирусты гепатит, тұмаудың ауыр түрлері және т.б.
  • Химиялық факторлар: улы химикаттар, қышқылдар, сондай-ақ жүктілік кезінде қабылданған уытты немесе кейбір дәрі-дәрмектердің әсері.
  • Психогендік факторлар: қатты шошу, жүктілік кезіндегі ұзаққа созылған стресс күйі.

Логопедиялық жұмыстың мақсаты

Ринолалиясы бар баламен жүргізілетін логопедиялық жұмыстың негізгі мақсаты — қалыпты сөйлеудің дамуына тірек болатын базалық дағдыларды жүйелі түрде қалыптастыру.

Негізгі бағыттар

  • Жұтқыншақ бұлшықеттерін нығайту.
  • Дыбыстарды дұрыс айту дағдысын қалыптастыру.
  • Тілдің ауыз қуысында алға қарай дұрыс орнығуын бекіту.
  • Фонемаларды естіп қабылдауды жетілдіру.

Маңызды шарт

Ринолалиясы бар балалармен жұмыста басты қағида — сөйлеу аппаратының сау бөліктерін, әсіресе төменгі және ортаңғы бөлімдерін белсенді түрде іске қосу.

Дыбыстарды айту кезінде баладан асықпай, дыбысты созыңқырап, орташа дауыс күшін сақтап, анық артикуляциямен айту талап етіледі.

Ашық ринолалия кезіндегі жеке сабақ үлгісі

Тақырып: «Т» дыбысын буында, сөзде, сөйлемде бекіту

Сабақтың мақсаты

а) Білімділік

  • «Т» дыбысының артикуляциялық үлгісін түсіндіру.
  • Дыбысты дұрыс айтуға және сөз ішінде ажыратуға үйрету.
  • Фонематикалық есту қабілетін дамыту.

ә) Түзетушілік

  • Арнайы жаттығулар арқылы тілдің ауыз қуысында дұрыс орналасуын қалыптастыру.
  • Ұрт пен ерін бұлшықеттерін жетілдіру, ауаны ауыз арқылы шығаруға үйрету.
  • Иық, мойын, бет, жақ, ерін, тіл бұлшықеттерін босаңсыту жаттығуларын орындау.

б) Тәрбиелілік

  • Үй құстарына қамқор болуға тәрбиелеу.
  • Ұқыптылыққа баулу.

Көрнекіліктер

  • Суреттер
  • Үнтаспа
  • «Дэльфа-142» тренажері

Сабақ барысы (қысқа карта)

  1. 1 Ұйымдастыру, психожаттығу
  2. 2 Таңдай мен ерінге массаж
  3. 3 Тыныс алу жаттығулары («Дэльфа-142»)
  4. 4 Тіл жаттығулары және «Т» дыбысының артикуляциясы
  5. 5 Суретпен жұмыс (үй құстары)
  6. 6 Сергіту сәті
  7. 7 Фонематикалық естуді дамыту ойыны
  8. 8 Ұсақ моторика (құм, саусақ қимылы)
  9. 9 Қорытындылау

Сабақ кезеңдері: мазмұны мен тапсырмалар

1) Ұйымдастыру кезеңі: психожаттығу

Үлкенге — сіз,
Кішіге де — сіз.
Құрметпен біз
Бас иеміз сіздерге.
Жоғары қарап — күн көрдім,
Төмен қарап — жер көрдім,
Егеменді ел көрдім.

2) Таңдай мен ерінге арналған арнайы массаж

Үстіңгі ерінге арналған сылау, уқалау түрлері

  • Ұзына бойы сипалау — екі қолдың сұқ саусағымен мұрыннан екі езуге қарай уқалау (шамамен 10 секунд).
  • Доғалатып және ирелектендіріп сылау — мұрын мен ерін айналасын дөңгелектеп, ирек сызықпен жұмыс жасау.
  • Қарама-қарсы сипау — оң қолдың сұқ саусағымен үстіңгі еріннен мұрынға қарай жоғары-төмен бағытта сипау.
  • Үздіксіз дірілдету — сұқ саусақпен мұрыннан еріннің шеткі беткейіне дейін үзбей дірілдетіп уқалау.

Ұрт, бет, жақ аймақтарына арналған сылау-сипау

  • «Саусақ себеледі» — екі және төрт саусақ ұшымен бетке жеңіл «себелеу» қимылын жасау.
  • Жұдырықпен айналдыра сипау — екі қолды жұдырықтап, ұртты айналдыра уқалау.

3) Тыныс алу жаттығулары

«Дэльфа-142» тренажері бойынша тыныс алу жаттығулары орындалады.

4) Тілге арналған жаттығулар және «Т» дыбысы

Артикуляциялық жаттығулар

  • «Тәтті тосап» — тіл ұшымен үстіңгі және астыңғы ерінді жалау.
  • «Сылақшы» — тіл ұшымен таңдайды әрі-бері «сылау».
  • «Тілді тазалау» — тіл ұшымен үстіңгі және астыңғы тістерді (ішкі және сыртқы) тазалау.
  • «Кеме» — ауызды кең ашып, тіл ұшын үстіңгі тістердің артына тіреу.

«Т» дыбысын бекіту (буын және сөз)

Буын жаттығулары

  • та-та-та — парта
  • та-та-та — балта
  • те-те-те — терезе
  • та-та-та — мақта
  • ти-ти-ти — тиін
  • ты-ты-ты — жел соқты

Сөздер

тарақ, тары, тышқан, тауық, әтеш, трактор, телефон

5) Суретпен жұмыс: үй құстары

Үй құстарын атау

тауық, әтеш, күркетауық, балапан, қаз, үйрек

Үй құстарының балапандарын тауып, сәйкес суреттердің қасына орналастыру.

6) Сергіту сәті: «Балапан биі»

Әуен ырғағымен балапанның қимылын көрсету: дәнді шоқу сәтін қимыл арқылы бейнелеу.

7) Ойын: «Не қалай дыбыстайды?»

Үнтаспадан әртүрлі дыбыстар тыңдатылады. Бала дыбыстың қайдан шыққанын анықтап, атауын айтады. Бұл тапсырма фонематикалық естуді дамытуға бағытталған.

8) Ұсақ моторикаға арналған жұмыс

Құм бетіне үй құстарының ізін салу.

Саусақпен қимыл көрсету (әтеш)

Әдемі әтеш таң атпай тұрыпты,
Ойқастап жүріпті, жан-жағына қарапты,
Айдарын тарапты.

Қорытынды

«Т» дыбысы бар суреттер көрсетіледі. Бала суреттің атауын анық айтып береді.

Мысал сөздер

тауық, әтеш, тарақ, трактор, тіс пастасы, түлкі