Дос көп болсын жан ашыр

«Қош бол, құтты Әліппем!» ертеңгілігі

Мұғалім: Қош келіпсіздер, ата-аналар мен ұстаздар! «Қош бол, құтты Әліппем!» атты ертеңгілігімізді бастауға рұқсат етіңіздер.

Шақыру сөзі

Жаза білер ол, егер,
Қолға берсең қаламсап.
Зуылдата жөнелер,
Әліппені ала сап, —

деп, ортаға бүлдіршіндерімізді шақырып, қарсы алайық.

Оқушылардың кіріспе сөзі

Оқушылар өлең жолдарымен ортаға шығады.

Хормен:

Құрбыласпыз, тұрғыласпыз,
Үшеуіміз бір сыныппыз.
Күлімдейміз — бір бақшаның гүліндейміз.

Үлгілі­міз, талаптымыз,
Жақсы оқимыз сабақты біз.

I бөлім. Бүгін Әліппемен қоштасамыз

Мұғалім: Балалар, қазір Әліппемізге арналған өлең жолдарымызды ортаға салайық. Ол үшін Әліппені ортаға шақырайық.

Әліппе:

Иә, балалар, бүгін мен сендердің маған деген лебіздеріңді естіп кетейін.

Әділет:

Өтті оқу, сан сабақ,
Бүгін үлкен салтанат.
Басқа оқулықпен достаспақ,
Әліппемен қоштассақ.

Нұрай:

Ең алғаш қолға алғанда Әліппені,
Қызығып қарай бердім әріптерді.
Мен үшін сыры жұмбақ бұл кітаптың,
Ұстазым маған кілтін ашып берді.

Гүлжайна:

Әліппем — жаттаған жақсы әнім,
Сенімен мектепті ашқаным.
Ұстаздың соңына ілесіп,
Бастадым білімнің дастанын.

Ән:

«Қошақаным»

Әділет:

Оқитын, әрі жазатын,
Білімге қол созатын.
Оқушы болдық сауатты,
Білімнің кілтін ашатын.

Нұрай:

Енді біз Әліппемен қоштасамыз,
Жолына гүлмен қоса жыр шашамыз.
Білімнің бұлағына сусындауға,
Көптеген кітаптармен достасамыз.

Гүлжайна:

Әліппе даңғыл жол ашты,
Жаңадан пәндер жалғасты.
Әліппе сырын ұқтырған,
Рақмет, алғашқы ұстаз!

Ән:

«Үйретеді, үйретеді…»

Әліппені жаттауға,
Дәптерлерді қаптауға,
Үйретеді, үйретеді, үйретеді.

Достарымды санауға,
Денсаулықты сақтауға,
Үйретеді, үйретеді, үйретеді.

Қосуменен алуды,
Белгісізді табуға,
Үйретеді, үйретеді, үйретеді.

Әндер айта білуге,
Ойнап, күліп жүруге,
Үйретеді, үйретеді, үйретеді.

II бөлім. Не үйрендік, не білдік? Қане, ортаға салайық!

Мұғалім: Енді сұрақтарға жауап беру арқылы білімімізді көрсетейік.

Әліппе:

Ал, балалар, мені жақсы меңгеріпсіңдер. Беттерімді шимайламай, күтіп ұстадыңдар. Менің сендерге айтар тілегім — жаңа достарыңды да мендей сүйіп, мендей құрметтеңдер.

Әліппе:

Енді мен сендермен қоштасамын.
Ризамын, құрметті шәкірттер,
Меңгердің — төкпедің босқа тер.
«Ана тілі» деген бір әпкем бар,
Сендерді жетектеп әкетер.

«Ана тілі» оқулығын оқушыларға таратып беру.

Ән:

«Біз бақытты баламыз»

Нұрай:

Әліппем, менің Әліппем,
Өмірді көрем танып мен.
Қайталап айтам мың рет,
Өзіңе көп-көп рақмет!

Әліппе кетеді.

Гүлжайна:

Ана тілі — біздің туған анамыз,
Анамыздай сыйлап, бағып-қағамыз.
Ана тілін бағаласақ қалай біз,
Өзіміздің сондай болмақ бағамыз.

Әділет:

Тілейміз біз бар әлемде,
Дос көп болсын жанашыр.

Гүлжайна:

Ата-әже, ата-ана —
Дос көп болсын жанашыр.
Тілейміз бар адамға
Жаңа бақыт, жаңа нұр.

Нұрай:

Сүйікті ұстаз, достарым,
Құтты болсын тойларың!

Хормен:

Кел, балалар, күлейік,
Күлкіменен түлейік.
Қабақ түйген не керек?
Көңілді боп жүрейік!

Ән:

«Бала тілегі»

III бөлім. Марапаттау сәті

«Әліппені оқыдың сен қастерлеп — марапатқа лайықсың, сен жас бөбек!»

Оқушыларды дипломмен марапаттау.

Мұғалім:

Мұнда біреу жымияды қызына,
Мұнда біреу ақыл айтар ұлына.
Мұнда біреу сөз сөйлейді сызыла,
Мұнда біреу елтіп отыр жырыма.
Ол кім десең — қуаныштан езулерін жимиған,
Ол — ата-ана, әлемдегі сыйлы адам.

Келесі сөз кезегін ата-аналарға беремін.

Ата-аналар сөз сөйлейді.

Қорытынды сөз

Қымбатты балалар! Мектептегі алғашқы жеткен жеңістеріңмен құттықтаймын! Әліппе сендерді тек әріптермен таныстырып қойған жоқ, сендерді оқушы болуды да үйретті. Білім баспалдағына өрлеген сапарларың сәтті болсын!