Дауыссыз дыбыстар. Ата ауылы

Ауыл мектебі: елдіктің өзегі

Мектеп — әлеуметтік мәселелердің ішіндегі ең өзектілерінің бірі. Ал ауыл мектебінің мәселесі — қазақтың елдігінің мәселесі. Ауыл мектебінде қазақ ұлтының болашағы, үміт артқан ертеңі — ата-ана мен халық арманының жүгін арқалаған жас ұрпақ оқып, тәрбиеленіп, өсіп жатыр.

Қазақтың кемел тұлғасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы:

“Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек.”

Қазіргі таңда қазақстандық білім беру жүйесіндегі негізгі мәселелердің бірі — шағын жинақты мектептердегі оқу-тәрбие жұмысының сапасын арттыру. Себебі соңғы он жылда шағын жинақты мектептердің саны екі есеге өсіп, мектептердің басым бөлігін құрап отыр.

Шағын жинақты мектептің басты міндеті

Оқушылардың даму ерекшеліктері мен деңгейлерін жан-жақты ескере отырып, олардың өздігінен білім алу, өзін-өзі ұйымдастыру және өз мүмкіндіктерін таныта білу қабілеттерін қалыптастыру — шағын жинақты мектептің негізгі міндеті.

Ерекшелігі және мұғалім еңбегінің қиындығы

Шағын жинақты мектептің ерекшелігі — бала санының аздығына байланысты сыныптардың біріктіріліп оқытылуы. Екі сынып біріктірілгендіктен мұғалімнің апталық жүктемесіне өзгерістер енгізіледі. Нәтижесінде мұғалім бір уақытта, яғни бір 45 минут ішінде, екі сыныпқа қатар сабақ өткізуге мәжбүр болады.

Осыған байланысты мұғалім әр сыныпқа жаңа тақырыпты түсіндіру кезінде сабақ уақытының белгілі бір бөлігін ғана жұмсай алады. Біріктірілген сыныптардағы сабақты ұйымдастыру мұғалімдерге, әсіресе жас мамандарға, қиындық туғызады және кез келген ұстаздан шығармашылық ізденісті, кәсіби шеберлікті талап етеді.

Оқу тәжірибесіне арналған материал

Кіріктірілген сабақ үлгісі (3–4 сынып)

Төменде ұсынылатын сабақ құрылымы шағын жинақты мектеп мұғалімдеріне және жас мамандарға әдістемелік қолдау болады деген ойдамын.

Сабақ мақсаты

Білімдік

Дауыссыз дыбыстар туралы білімдерін пысықтау; дауыссыз дыбыстардың өзара үндестігі туралы түсінік беру; сөздерді дұрыс айтуға және сауатты жазуға үйрету.

Дамытушылық

Шапшаңдыққа, ұқыптылыққа баулу; сөзге шешен болуға жаттықтыру.

Тәрбиелік

Оқушыларды шымыр болуға, денсаулықты күте білуге тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

I. Кіріктірілген бөлім

Бағдарлау – мотивациялық кезең

Мұғалім сабақты саяхат түрінде өткізеді:

“Адам — керуен, өмір — жол. Бүгінгі сабағымызда Жеті ата ауылына жолға шығамыз. Өздерің білесіңдер, әр адам өзінің жеті атасын білуі тиіс. Қазақта «Жеті атасын білмеген — жетесіз» деген нақыл сөз бар. Сендерге сәттілік тілеймін: Жеті ата ауылында кездескен тапсырмаларды мүдірмей орындаңдар.”

1-ауыл. Ата ауылы

Суретпен жұмыс

Спорт түрлері бейнеленген суреттер ұсынылады. Мұғалім жетекші сұрақтар қояды:

  • Спорт не үшін қажет?
  • Суреттегі спорт түрлері туралы не білесіңдер?

2-ауыл. Әке ауылы

Тірек-сызбамен жұмыс

Берілген тірек-сызба бойынша оқушылар ойларын айтып, қорытынды жасайды.

Ойтұжырым

  • Салдырдан жасалған дауыссыз дыбыстарды қатаң дауыссыздар дейміз.
  • Салдыр мен үннің қатысуы арқылы жасалып, бірақ салдыры басым дауыссыз дыбыстар — ұяң дауыссыздар.
  • Үн мен салдырдың қатысынан жасалып, бірақ үні басым дауыссыз дыбыстар — үнді дауыссыздар.

II. Сараланған бөлім

Операциялық – орындаушылық кезең

3-ауыл. Бала ауылы

Әр сынып оқушылары өз оқулықтарындағы жаттығуларды орындайды.

3-сынып: мұғалім басшылығымен

2-тапсырма

Метаграмманы оқып, шешуін табыңдар:

Тарақта бар, шашта жоқ.

Тамақта бар, аста жоқ.

Өңірде бар, өмірде жоқ.

Жеңілде бар, ауырда жоқ.

Жауабы: қ және ң дыбыстары.

Оқушының өздік жұмысы

Осыған ұқсас жұмбақ құрастырыңдар.

4-сынып: оқушының өздік жұмысы

2-тапсырма

Жұмыс дәптеріндегі мәтінді оқып, қарамен жазылған сөздерді көшіріп жазыңдар. Қатар келген дауыссыз дыбыстардың үндесуін тауып, астын сызыңдар.

3-тапсырма (мұғалім басшылығымен)

Құрамында қатар келген қатаң, ұяң, үнді дауыссыз дыбыстары бар сөздер жазып, оларға дыбыстық талдау жасаңдар.

Үлгі: концерт