Қазақстанның көрікті жерлері аялдамасы
Сабақтың тақырыбы
Менің Отаным — Қазақстан
Мақсаты (білімділік)
- Отан туралы білімді кеңейту, тәуелсіз әрі бейбіт ел туралы түсінік қалыптастыру.
- Кең-байтақ жеріміз және пайдалы қазбалар жөнінде ұғым беру.
- Ел рәміздерін қастерлеуге үйрету.
Мақсаты (дамытушылық)
- Отанын, туған жерін қорғай білуге және ұлтжандылыққа баулу.
- Атамекенді көздің қарашығындай сақтауға жетелеу.
Мақсаты (тәрбиелік)
- Ата Заңды құрметтеуге, туған ел мен жерге сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
- Отансүйгіштік рухын күшейтіп, патриоттық тәрбие беру.
- Достыққа, адамгершілікке және ел мұрасын жалғастырушы азамат болуға баулу.
Көрнекіліктер
«Менің Отаным — Қазақстан» кітабы, Елбасы суреті, Қазақстан Республикасының картасы, мемлекеттік рәміздер, қанатты сөздер, Астана қаласының суреттері.
Әдісі
Саяхат сабақ.
Формасы және бағыты
Тәрбие сағаты. Азаматтық және патриоттық тәрбие беру.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық дайындық: «Шаттық шеңбері». Бір-бірімізге жақсы тілек айтайық.
Тақырыпқа кіріспе
Біздің Отанымыз — Қазақстан. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан Республикасының жетістіктері артып келеді. Осы жылдар ішінде елдігімізді танытып, еңсемізді көтерген көптеген маңызды оқиғалар болды.
Қазақстан Республикасы 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет болды. Өткен жолымызға көз жүгіртсек, әр жылдың өз шежіресі, тарихы мен тағылымы бар.
Қазақстан — бірлікті ту еткен, сан ұлттың мәдениетін өркендетіп, ынтымақ пен татулықты нығайтқан ел.
Сұрақ-жауап
Отан дегеніміз не? Отан — адамның туып-өскен жері, туған-туыстары мен жақындарымен бірге өмір сүретін атамекені. Қазақ елінде тұратын әр азаматтың Отаны — Қазақстан Республикасы.
Аялдамалар бойынша мазмұн
1) Менің Тәуелсіз Мемлекетім
Елтаңба, Ту, Әнұран — Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері. Олар еліміздің тарихын, дәстүрін және болашағын айқын көрсетеді.
Азаматтық ұстаным
Біз — Қазақстан Республикасының азаматтарымыз.
Мемлекеттік тіл
Қазақ тілі — мемлекеттік тіл.
Негізгі заң
Қазақстан Республикасының Конституциясы — Ата Заң.
Тәрбие сағатында Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы түсінік беріліп, ел бірлігі мен жауапкершілік құндылықтары айқындалады. (Материалды таныстыру үшін бүктеме/көрнекі құрал қолдануға болады.)
2) Отанымыздың елордасы — Астана
Отанымның төрінде,
Сарыарқаның өрінде.
Ту ұстаған Астанам,
Әсем қалам — бас қалам.
Астана — Қазақстанның елордасы. Президенттің ұсынысымен 1997 жылы қала Қазақстанның жаңа астанасы болып жарияланды. Қаланың ортасынан Есіл өзені өтеді. Астана қарқынды өсіп, дамып келеді және еліміздің мақтанышы саналады.
«Бәйтерек» кешені — Астананың символы. Ең жоғары қабатына көтерілгенде, жас әрі жаңарған қаланың келбеті айқын көрінеді.
Сергіту сәті
«Туған жер» тақырыбында аппликация құрастыру: тақтаға түрлі түсті қағаздан қиылған бейнелерді пайдаланып ортақ жұмыс жасау.
3) Менің өлкем
Қазақстан Республикасының картасымен жұмыс: картада облыстар әртүрлі түспен белгіленген. Қазақстанда 14 облыс бар.
Біз Жамбыл облысында тұрамыз. Ол еліміздің оңтүстігінде орналасқан. Облыс орталығы — Тараз қаласы.
Қажет жағдайда карта арқылы басқа облыстардың орналасуын атап, әр өңірде өндірілетін негізгі өнімдер туралы қысқаша мәлімет беріледі.
4) Туған жер табиғаты
Біздің Отанымыздың жері өте кең. Онда тау, жазық, ойпат, қырат секілді әртүрлі жер бедері кездеседі. Үлкен көлдер мен өзендер бар. Қазақстан өсімдікке, жануарларға және қазба байлыққа бай.
Географиялық орны
Қазақстан Еуразия материгінің орталығында орналасқан. Табиғаты байлығымен және алуан түрлілігімен ерекшеленеді.
Табиғи аймақтар
Солтүстігі мен шығысында ну орманды өңірлер, орталығы мен батысында — кең далалар. Оңтүстігінде еліміздегі ең биік таулардың бірі — Тянь-Шань.
Су байлығы
Каспий теңізі, Балқаш, Зайсан, Алакөл көлдері, сондай-ақ Іле, Ертіс, Сырдария өзендері — еліміздің су қорына жатады және балық қорының маңызды көзі.
Жануарлар мен құстар әлемі де сан алуан.
5) Қазақстанның көрікті жерлері
«Менің Отаным — Қазақстан» кітабын пайдаланып, төмендегі нысандар туралы қысқаша мәлімет беріледі:
-
Хантәңірі шыңы
Биік таулы өңірдің айрықша нышаны.
-
Бурабай
Орман мен көл үйлескен көркем өлке.
-
Маңғыстау түбегі
Айрықша табиғи бедерімен танымал өңір.
-
Қатон-Қарағай ұлттық табиғи паркі
Таулы-орманды экожүйелер мен қорықтық аймақтар.
-
Шарын шатқалы
Табиғат мүсіндеген шатқал бедерлері.
6) Қазақтардың тұрмысы мен мәдениеті
Қазақтың тұрмысы мен мәдениеті киіз үйімен, ұлттық киімімен, ою-өрнегімен, қонақжай дастарқанымен және ұлттық музыкалық аспаптарымен ерекшеленеді. Суреттер арқылы киіз үй, ұлттық киім, ою-өрнек, дастарқан мәдениеті және аспаптар туралы мағлұмат беріледі.
Ойын
«Мен елімнің азаматымын»
Оқушыларға әртүрлі суреттер ұсынылады (әр ұлттың ұлттық киімдері, салттары, музыкалық аспаптары және т.б.). Тапсырма: тек қазақ халқына тән суреттерді іріктеп, бір жерге жинақтау және таңдаудың себебін дәлелдеу.
Ойын соңында оқушылар мадақталады.
Қорытынды
Бүгінгі саяхат-сабақ арқылы Отанымыз туралы көптеген мәлімет алдыңдар. Біздің Отанымыз — Қазақстан екенін және еліміздің тарихы өте бай екенін тағы бір мәрте бекіттіңдер.
Біз бәріміз әсем Астанамызды және Қазақстанымызды мақтан тұтамыз. Өйткені елімізде адамдар бір-бірін құрметтейді, көп ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүреді. Қазақстанда әр азаматқа тең құқық берілген, білім алуға ұмтылған жанға мүмкіндік бар.
Балалар, сендер де мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап өздеріңе артылған үміт пен сенімді ақтауға ұмтылыңдар. Білім жолында ақ жол тілеймін. Еліміздің мақтан тұтар азаматы болыңдар!
Автор туралы
Жамбыл облысы, Меркі ауданы, №17 И. И. Трубицын атындағы орта мектеп-гимназиясының еңбек пәні мұғалімі — Қылышбаева Раушан.