Болмайды соғыс әлемде, Болмасын қайта қантөгіс
СҚО, Айыртау ауданы
Златогорская орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі — Ғазиз Роза
Поэзия кешінің мақсаты — Ұлы Отан соғысы туралы ерлік, батырлық, отаншылдық, елжандылық тақырыптарын арқау еткен ақындардың өлеңдері мен сазгерлердің әндерін таныстыру, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігін жас ұрпаққа үлгі ету. Соғыстағы жанқиярлықты паш ете отырып, оқушылардың бойында Отанға деген құрмет сезімін оятып, ізеттілікке, имандылыққа, ерлікке тәрбиелеу.
Кештің ашылуы
Мұғалім: Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай өткізілетін «Отан үшін от кешкендер» поэзия кешіне қош келдіңіздер! Жеңістің 71 жылдық шуақты мерекесі құтты болсын!
Кеш бөлімдері
- І бөлім: «Оқ пен оттың ортасында — жауынгерлер» — соғысқа арналған өлең-жырлар оқылады.
- ІІ бөлім: «Жеңістің жанды жұлдызы» — 1945 жылғы Жеңіс мерекесіне арналған әндер.
- ІІІ бөлім: «Ерлік жыры — ұрпаққа үлгі, өнеге» — соғыс жылдарынан үзінді бейнетаспа.
Еске алу сәті
Мұғалім: Осындай бейбіт өмір сыйлаған Ұлы Отан соғысы ардагерлерін, соғыстан оралмаған боздақтарды, соғысқа қатысқан әрбір жанды әрдайым есте сақтайық.
1 минут үнсіздік
3-сынып оқушылары: «Болмайды соғыс»
Мұғалім: Бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін сезінетін жас ұрпаққа сөз кезегін берейік. 3-сынып оқушыларын ортаға шақырамыз.
Шымболат
Болды да соғыс сол кезде,
Бүлінді өмір шырқағы.
Шықты да фашист — сұм кезбе,
Бұзылды сәби күлкісі.
Зұмырат
Жалында қалды жапан түз,
Жабырқап дала күрсініп.
Жазалады жазықсыз
Жас бөбекті, қыршынды.
Қарлығаш
Кейінде қалды қатаң жыл,
Бейбіт күн құрды салтанат.
Аларып енді атомшыл,
Қарайды көзі қанталап.
Жасұлан
Жер шарында әр елде
Айтады адал жан тегіс:
«Болмайды соғыс әлемде,
Болмасын қайта қантөгіс!»
Мұғалім: Оқушылар қуаныштан бір жылап, бір күліп қарсы алған Жеңіс мерекесіне — 71 жыл. Бейбіт күннің атқанына да 71 жыл толды. Ендеше, «Оқ пен оттың ортасында — жауынгерлер» атты І бөлімді бастаймыз.
І бөлім: «Оқ пен оттың ортасында — жауынгерлер»
Расул
Отанын сүйіп, ар-намысын сақтаған,
Жарты Еуропаны жаяу өтіп аттаған.
71 жылда тат баспаған есімін,
Ел қорғаған ерлеріммен мақтанам!
Амина
Күн тұтылып, жоғалған жарықтарың,
Желге ұшқан да жастығың, мамықтарың.
Жария етіп жаһанға Жеңісіңді,
Өнеге еткен өренге өр ісіңді,
Бай-қуатты барсың ба, алыптарым!
Дарина
От, саз кешіп, бес жылдай толарсақтан,
Тіршіліктің шырағын солар жаққан.
Жанын қиған сан есіл алғы шепте,
Қалғандары ауылға нұрын шашқан.
Диаз
Батырлығың кем соқпас ешкімнен де,
Өзіңді-өзің баулыдың ес білгенде.
Шаңырақта шалқайып жата алмадың,
Жау дүбірі алыстан естілгенде.
Ангелина
Есіңе ал, достым, есіңе ал,
Есіңде қалмас несі бар.
Есіңе ал күңгірт күндерді,
Есіңе ал майдан кешін де!
Айдын
Соғыс бітті, мінеки, аспан ашық,
Бой жазылды, жетектеп үміт, жігер тасып.
Шіркін-ай, жеттік пе, жетпедік пе осы күнге,
Төрт жыл бойы тілеген, болып асық.
Жеңіс туы, Жеңіс туы — желбіресін мәңгілік!
Жеңіс туы, Жеңіс туы — асқақтасын жаңғырып!
Аружан
О, бабалар, ерлігіңе бас ұрдым,
Із баспауы мүмкін емес хас ұлдың!
Ерен ерлік жасайды, әлі күмән жоқ,
Жігіттері жиырма бірінші ғасырдың.
Адель
Есімде бес әріп сөз — «Жеңіс» деген.
У бар ма сол сөз үшін мен ішпеген?
Қан бар ма сол сөз үшін төгіспеген,
Жас бар ма сол сөз үшін төгілмеген?
Алина
Есіңе ал өткен-кеткенді,
Әр өзен, әр дөң, өткелді.
Есіңе ал қысты қақаған,
Кешігіп келген көктемді.
Айдар
Жеңістің парқын білейік,
Бас иіп үлкенге, аман жүрейік.
Өлгенге құран бағыштап,
Тіріге өмір тілейік!
Мұғалім: Бұл Жеңіс болмаса, бүгінгі бейбіт заман болар ма еді? Егемен еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі де қиынға соғар ма еді? Бұрынғы одақ кезеңінде туып-өскен ұрпақ Жеңістің қадірін, Жеңіс мейрамының өзге күндерден ерекше екенін жүрекпен сезінеді.
ІІ бөлім: «Жеңістің жанды жұлдызы»
Мұғалім: Ендеше, кешіміздің екінші бөлімі — 1945 жылғы Жеңіс мерекесіне арналған әндер.
Ән орындаулары
-
5-сынып оқушылары — «Сапқа тұр» әні
-
7-сынып оқушылары — «Три танкиста» өлеңі
-
5–6-сынып оқушылары — «Солдат болам мен ертең» әні
ІІІ бөлім: «Ерлік жыры — ұрпаққа үлгі, өнеге»
Мұғалім: Сол сұрапыл соғысты бастан кешкен, қан майданның қақ ортасында елі үшін жанын шүберекке түйген жауынгерлер ерлігін паш ететін келесі бөлім — «Ерлік жыры — ұрпаққа үлгі, өнеге».
Көрсетілім
Соғыс майданынан шағын бейнетаспа ұсынылады.
Қорытынды
Мұғалім: Құрметті оқушылар, бүгінгі кешімізді аяқтай келе, тәуелсіздік таңы арайлап ата берсін дейміз. Ортаға 3-сынып оқушыларын шақырамыз.
Өнер нөмірі
Қазақ биі
Мұғалім: Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды. Иә, майдандастарсыз бұл Жеңіс болмас еді…
Құрметті оқушылар мен ұстаздар, Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған «Отан үшін от кешкендер» кешін аяқтаймыз. Жеңіс мерекесі құтты болсын!