Айнала қалың иірім - иірім орман

Көркем мәтіндер топтамасы

Төмендегі үзінділер табиғат пен адам тағдырын, білімге құштарлықты, билік пен иман мәселесін, соғыс қасіретін және ішкі арпалысты қысқа да нұсқа суреттейді. Әр мәтіннің өз ырғағы бар: бірінде тыныш бақылау, бірінде шешендік айтыс, бірінде жанды қарып өтетін мұң.

Ақсақ киік

90 сөз

Басқалардан оқшау қала бастаған жаралы киік оқ тигеніне қарамастан шоқақтап келеді. Құс сияқты қанаты болмаса да, жерден биік көтеріле алмаса да, жас киік әлі ширақ көрінеді. Бірақ киік пен шапқан аттардың арасы бірте-бірте қысқара түсті.

Кедей ауылдың сыртында ойнап жүрген топ бала бұл көрініске таңырқай қалды. Киіктер көзден таса болып, қуғыншылар да әбден көрінбей кеткенше, балалар аттылар соңында қалған бозғылт шаңның сүреңіне телміріп тұра берді. Әсіресе топ ішіндегі жасы онға жаңа келген қыз бала әлгі көрініске үнсіз қадалып, жүрегінде әлдебір аяныштың ізі қалғандай сезінді.

Тоқсан би мен Құнанбай

100 сөз

Құнанбай аға сұлтан кезінде Бөжей, Байдалымен араздасып, Омбы қаласына айдалып бара жатқанда, Керей елінің атақты биі Тоқсанның үйіне қоныпты. Қонақасы ішіп, бимен түні бойы әңгімелеседі. Ертеңіне атқа қонып, жолға шыққанда Тоқсан би артынан айқайлап:

Тоқсан бидің сөзі

«Құнанжан, аттың басын қайта бұрма, өзің мойныңды бұр», — деп:

Тұманның арты жұт болар,
Тұмаудың арты құрт болар.
Заңдасып босқа қайтесің,
Заңшылдың түбі сот болар.

Құнанбайдың жауабы

Тұманның арты жұт болып қайтер дейсің,
Қопадан қоныс алған соң.
Тұмаудың арты құрт болып не қылар дейсің,
Тәңірім шипа салған соң.
Заңшылдың түбі сот болып қайтер дейсің,
Алтынды пұттап алған соң.

Ой түйін

Шешендік тартыста бір тарап қауіп пен ақырына меңзесе, екінші тарап «жағдай мен сенім дұрыс болса, кесірдің де беті қайтады» деген уәж айтады.

Бала Шоқан

82 сөз

Қыс ортасынан бастап Шоқан орыс тіліндегі әдеби кітаптарды құныға оқитын болды. Бірақ ондай кітаптар қолына көп түсе бермейді. Әсіресе корпус кітапханасында әдебиет кітаптары жоқтың қасы, ал азғантай кітаптар рота балаларының қолынан босамайды. Оның өзін кезек күтіп, әрең қолға түсіреді.

Осы кітаптардың әсері болар, Шоқан мен Григорийдің ізденгіш, ойшыл мінезі өз сыныптарындағы балаларға ықпал етіп, кітап оқу мен ілім іздену кең өрістеді. Соның арқасында Шоқан бастаған сынып озық, тәртіпті сыныпқа айналып, үлгілі оқушылар атанды.

С. Бегалин

Сәбит Мұқанов

70 сөз

Сәбит Мұқанов — атақты жазушы. Ол 1926 жылы Орынбордағы рабфакты бітіреді. 1935 жылы Мәскеудегі Қызыл профессура институтының әдебиет бөлімін тәмамдағаннан кейін «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы болып қызмет атқарады.

С. Мұқановтың өлеңдері 1922 жылдан бастап жариялана бастады. Оның «Сұлушаш» поэмасы, «Ботагөз» романы, «Өмір мектебі» трилогиясы, «Шоқан Уәлиханов» пьесасы және өзге де көптеген шығармалары бар. Шығармалары әлемнің елу шақты тіліне аударылды. Алматыда жазушының әдеби-мемориалдық мұражай-үйі және аты берілген көше бар.

1926

Орынбор рабфагы

1935

Қызыл профессура институты

1922

Өлеңдердің жариялануы

~50

Тілге аударылды

Аға сұлтан — Құнанбай

67 сөз

Аға сұлтан болып тұрған жылдары Құнанбай Қарқаралы қаласына мешіт-медресе тұрғызады. Қол астындағы ауылдардың үлкен-кішісін сол мешіт-медресеге тартып, жас балаларды оқытып, мұсылмандыққа, имандылыққа баулиды.

Жасы жетпістен асқанда ел басқаруды, билікті балаларына тапсырып, өзі Меккеге қажылыққа барады. Қазақ елінен және өзге мұсылман жұртынан барғандар түсіп, қонып тұрсын деп, өз қаражатына Меккеден «Тақия» деген тұрғын үй салдырады. Сөйтіп, сол кезден бастап көптеген келім-кетім мұсылманның сауабына ортақтасады.

Басты идея

Билік пен қайырымдылық, оқу-ағарту мен діни жауапкершілік бір тұлғаның әрекетінде тоғысады.

Мұң

99 сөз

Өткен он айдың ішінде мен бірнеше шабуылда болдым. Өлімді өте көп көрдім. Жақын жолдасыңның қиналып барып жан тапсыруын көруден ауыр не бар? Бұл — жаныңа жаны қосылған досыңның өлімі, тізе қосып бірге алысқан жолдасыңның өлімі.

Жауды мен аямаймын, оның өліміне ішім қынжылмайды: өйткені мен адамды емес, адам бейнелі айуанды қырып жүргенімді жақсы білемін. Ал қасыңда ғана қызыл әскерше киінген қыршын жас жан тәсілім еткенде, жүрегің қатты ауырады, құрбылар! Осы ғажап қырғын, сұрапыл айқас үстінде жаныңа сүйеу болатын нәрсе — біздің жігіттер ерлерше өліп жатыр деген берік сенім. Олардың өлімінде де өмір бар!

Ғ. Мүсірепов

Арпалыс

100 сөз

Аңылжыған айдала. Терістіктен темірдей қарып, ызғырық жел еседі. Жападан-жалғыз адам шалқасынан жатыр. Бүкіл тұла бойы тұтас мұздап, тұрайын десе тұра алмайды. Өзіне не болғанын білмейді. Аттан жығылды деуге сынған, мертіккен ештеңесі жоқ сияқты, бірақ денесі ап-ауыр.

Жып-жылы бірдеңе маңдайын қайта-қайта сипалайды. Бұл не? Жүгенін сылдырлатып қасына келіп, шара көз шабдар айғыры жұп-жұмсақ ернімен маңдайын ұйпалап, иіскеп тұр ма? Жоқ, әлде... Бірақ олай болуы мүмкін емес: ол айғыр ешқашан бұның маңайына бұлай жақындап көрмеген. Ал қазір — қасына келгендей, маңдайынан сипағандай, құлағына әлдене күбірлегендей.

Ә. Кекілбаев

Жолда

95 сөз

Күн шайдай ашық, жылы еді. Аспанда бұлт жоқ, жел де жоқ. Хамит жалғыз, бір ескілеу жолмен келеді. Айнала қалың, иірім-иірім орман: бойлап, таласа, жарыса өскен қайың мен қарағай, әредік солармен жарыса шыққан теректер де көрінеді. Қайың мен теректің жапырақтары сарғылт тартып, сарғая бастаған.

Хамит төңірекке қарап, қалың жылқысын түстеп түгендеген жылқышыдай, ағаштарды бойлап келеді. Иірім-иірім орманның ара-арасында далаң-даланқай ашық алаңдар жатыр. Ол жердің шөптері бурыл тартып бозарған. Кейбір шөбі қалың жерлер шабылған. Әр жерде анда-санда үюлі тұрған шошақтар көрінеді. Кей тұста қыстаулар бар, маңында мал жайылып жүр.

С. Сейфуллин

Қысқа қорытынды

Аяныш

«Ақсақ киіктегі» баланың ішкі сезімі — көріністің адамдық өлшемі.

Сөз қуаты

Тоқсан би мен Құнанбайдың жауаптасуы — уәж бен дүниетаным тартысы.

Тәжірибе

Соғыс пен жалғыздық, білім мен тәртіп — қысқа үзінділерде ірі ойға ұласады.