Жарайсыңдар лақтарым
Мақсаты
Балалардың көркем шығармалар арқылы тіл байлығын және ауызекі сөйлеу дағдысын дамыту. Ертегілермен таныстыру, сұраққа толық жауап бере білуге үйрету, жағымды және жағымсыз кейіпкерлерді ажыратуға бағыттау.
Ертегіні мәнерлеп, дауыс ырғағын сақтай отырып айту, рөлге бөліп ойнау арқылы баланың шығармашылық қабілетін арттыру.
Білім беру бөлімі
Тіл дамыту
Әдіс-тәсілдер
- Ертегіні сахналау
- Өлең айту
- Диалог арқылы сөйлеу
Қажетті құралдар
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті
Шаттық шеңбері
Балалар дөңгеленіп тұрып, шаттық шеңберін құрады.
Армысың, асыл күн!
Армысың, көк аспан!
Армысың, жер ана!
Армысың, жан досым!
Жылуыма жылу қос, міне, менің қолым.
Кіріспе сұрақтар
Балалар, біз қандай ертегілерді білеміз?
Суреттерді қарау арқылы қысқаша әңгімелесу жүргізіледі.
Бүгін біз қонақтармен бірге «Жеті лақ пен қасқыр» ертегісін сахналаймыз.
Кейіпкерлер атрибуттарын киеді.
Ертегіні сахналау: «Жеті лақ пен қасқыр»
Жүргізуші
Ерте, ерте, ертеде бір ешкі және жеті лағы болыпты. Олар орманда өмір сүріпті. Ешкі орманнан азығын тауып, жинап әкеледі екен. Орманға кетерінде былай дейді:
Ешкі
Лақтарым, шырақтарым, шұнақтарым, есікті ешкімге ашпаңдар. Мен сендерге шөп пен сүт әкелемін.
Лақтар
Жарайды, есікті ешкімге ашпаймыз.
Жүргізуші
Лақтар үйде ойнап, секіріп қалады. Ешкінің үйде жоқ екенін білген қасқыр есікті қағып:
Қасқыр
Лақтарым, шырақтарым, шұнақтарым, аналарың орманнан келді. Есікті ашыңдар!
Лақтар
Мә-мә, есікті ашпаймыз! Сен біздің анамыз емессің. Сенің даусың жуан, ал анамыздың дауысы жіңішке.
Жүргізуші
Сөйтіп, лақтар қасқырға есікті ашпайды. Біраздан соң анасы орманнан оралады.
Ешкі
Лақтарым, шырақтарым, қутыңдаған шұнақтарым! Есікті ашыңдар, аналарың шөп пен сүт әкелді.
Жүргізуші
Лақтар есікті ашады, анасы үйге кіреді. Лақтар қасқырдың келгенін айтып береді.
Ешкі
Жарайсыңдар, лақтарым! Мен орманға тағы барамын. Сендер есікті ешкімге ашпаңдар.
Жүргізуші
Ешкі кетеді. Мұны көрген қасқыр қайта келіп, даусын жіңішкертіп әндетеді.
Қасқыр
Лақтарым, шырақтарым, мен сендерге сүт пен шөп әкелдім. Есікті ашыңдар.
Жүргізуші
Лақтар қуанып, есікті ашып жібереді. Ашса — қасқыр екен!
Қасқыр
А-а! Енді сендерді ұстап, үйіме алып кетемін!
Жүргізуші
Қасқыр алты лақты алып кетеді, ал бір лақ тығылып қалады. Орманнан ешкі оралып, үйіне келсе, есік ашық. Ол лақтарын іздейді.
Ешкі
Лақтарым, шырақтарым, қайдасыңдар?
Жүргізуші
Ешкі тығылып қалған лақты тауып алады. Лақ болған жайды толық айтып береді.
Ешкі
Ендеше жүр, орманды аралап, қасқырдан сұрайық.
Жүргізуші
Ешкі мен лақ орман ішін аралап келе жатса, алдынан қасқыр шығады.
Ешкі
Қасқыр, сен менің лақтарымды көрдің бе?
Қасқыр
Жоқ, олар орманда ойнап жүрген болар.
Жүргізуші
Қасқыр мен ешкі келе жатса, алдарынан үлкен шұңқыр кездеседі.
Қасқыр
Ешкі, сен секір!
Ешкі
Жоқ, алдымен сен секір.
Жүргізуші
Қасқыр секем алып, шұңқырға түсіп кетеді. Ал ешкі лағымен шұңқырды айналып өтіп, қасқыр тығып қойған лақтарын тауып алады да, бәрі өз үйлеріне қайтады.
Ертегі осылай аяқталады. Рөлді ойнаған кейіпкерлер таныстырылады.
Өлең
Шөре, шөре, лағым,
Тентек болма, шырағым.
Секеңдемей деміңді ал,
Селтеңдемей құлағың.