Ойын Бағдаршам құрайық Қызыл көзін ашқанда, Сынық сүйем баспа алға

Сабақтың мақсаты

Ойынды тәрбие құралы ретінде пайдалану арқылы баланың сезімін кеңейту, тілін ұштау және жол ережелерін жасына сай меңгерту. Көшеде жүру ережелерін білу арқылы жолда жүру мәдениетін қалыптастырып, сақтыққа тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекілігі

  • Рульдер
  • Белгілер
  • Жол белгілерінің суреттері
  • Бағдаршам

Сабақтың барысы

Кіріспе: жұмбақ

Тәрбиеші: «Сабағымызды жұмбақпен бастайық».

Аяғы бар — жүрмейді,

Аузы жоқ — сөйлейді.

(Жауабы: бағдаршам)

Қонаққа бағдаршам келеді: қатты қағаздан жасалған бағдаршамның үлкен суреті көрсетіледі.

Бағдаршамның қызметі

Сұрақ

«Бағдаршамның қызметі қандай?»

Жауап

«Жол тәртібін реттеуші.»

Тәрбиеші: «Бағдаршам сендерге хат әкеліпті. Ашып көрейік, не жазыпты?»

Ойын: «Бағдаршам құрайық»

Қызыл

Қызыл көзін ашқанда,

Сынық сүйем баспа алға.

Сары

Сары көзін ашқанда,

Қарап қалма аспанға.

Жасыл

Жасыл көзін ашқанда,

Өте бергін жасқанба.

Сұрақ-жауап: жүргінші ережелері

Жүргізуші сұрағы

Жүргіншілер қай жолмен жүруі керек?

Жауап: Жиек жолмен жүреміз.

Жүргізуші сұрағы

Жиек жол болмағанда ше?

Жауап: Жер асты жолымен жүреміз.

Жүргізуші сұрағы

Жолдың қай жағымен жүру керек?

Жауап: Оң жақпен жүреміз.

Жүргізуші сұрағы

Қоғамдық көліктерге қай жерден отырамыз?

Жауап: Аялдамадан отырамыз.

Тәрбиеші: «Өте жақсы! Бағдаршамның сұрақтарына дұрыс жауап бердіңдер. Енді бағдаршамға арнап тақпақтарымызды айтайық».

Тақпақтар

Нарғыз

Ашса кезек үш көзін,

Айтты деп ұқ үш сөзін:

Тоқта, сақтан, жол ашық.

Жүрме жолға таласып.

Қызыл көзін ашқанда,

Сынық сүйем баспа алға.

Жанель

Қызыл жанды — тоқтағын,

Көрдің жұрттың тосқанын.

Сары жанды — дайындал,

Айналаңа қарап ал.

Жасыл жанды — тыңдағын,

Жолың ашық, тұрмағын.

Еркебұлан

Мен көшеден өтерде,

Бағдаршамға қараймын.

Қоймаған ғой бекерге,

Жәрдемшісі ол талайдың.

Ойын: «Белгілерді құрастыр және айтып бер»

Тәрбиеші: «Балалар, бағдаршам сендерге ойын әкеліпті».

Ойынның шарты: балалар алған жарты белгінің екінші жартысын тауып, толық құрастырады. Содан кейін құрастырған белгіні атап, мағынасын айтады.

Қызыл шам

Қызыл көзі жанғанда, оқушылар қозғалмай тұрады.

Сары шам

Сары көзі жанғанда, балалар қол шапалақтайды.

Жасыл шам

Жасыл көзі жанғанда, балалар орындарында тұрып жүреді.

Қорытындылау

Сұрақ

Бүгін немен таныстық?

Жауап: Бағдаршаммен.

Сұрақ

Бағдаршамның неше көзі бар?

Жауап: Үш көзі бар.

Сұрақ

Қандай түсті шамдар болады?

Жауап: Қызыл, сары, жасыл.

Сұрақ

Көшеден белгіге қарамай жүгіріп өтуге бола ма?

Жауап: Жоқ, болмайды.

Сұрақ

Көшенің қай жерімен өтуге болады?

Жауап: Ала сызықты жерімен (жаяу жүргінші өткелінен).

Сабақ соңында балалардың белсенді қатысуы мадақталып, сыйлықтар беріледі.