Оқушылар шығармашылығы
Бұл сабақ Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтерілісінің тарихи алғышарттарын, барысын және маңызын жүйелі түрде талдауға арналған. Материал оқушылардың тарихи ойлауын дамытуға, дерекпен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға және ұлттық тарихқа құрмет сезімін нығайтуға бағытталады.
Білімділік
Көтерілістің себеп-салдарын, қозғаушы күшін, нәтижесін және Тастөбе шайқасының тарихи маңызын түсіндіру; Исатай мен Махамбеттің өмірі мен шығармашылығына тоқталу.
Дамытушылық
Қызығушылық пен белсенділікті арттыру; ойлау, сөйлеу, танымдық қабілеттерді және өздігінен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру.
Тәрбиелік
Ел тарихын қадірлеуге, ел қорғаған бабалардың ерлігіне тағзым етуге тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Сыныпқа кіріп, оқушылармен амандасу.
- Сынып тазалығына назар аудару, оқушыларды түгелдеу және журналға белгілеу.
- Оқу құралдарының толықтығын тексеру.
II. Үй тапсырмасын тексеру (сұрақ-жауап)
Өткен тақырыпты қайталау мақсатында Бөкей Ордасына қатысты негізгі деректер сұрақ-жауап арқылы тексеріледі.
- 1. Бөкей хандығы қай жылы құрылды?
- 2. Оның негізін қалаған кім?
- 3. Бөкей Ордасының территориясы қандай аймақтарды қамтыды?
- 4. Бөкей сұлтан Ресей императорының атына қай жылы хат жазды?
- 5. Ішкі Орданы құру туралы жарлыққа қол қойған орыс патшасы кім?
- 6. Бөкей сұлтанға хан лауазымы қашан берілді?
- 7. Ішкі Орда қай жылы Бөкей хандығы деген атқа ие болды?
- 8. Бөкей хан қай жылы қайтыс болды?
- 9. Жәңгір хан кәмелеттік жасқа толғанға дейін хандықты кім басқарды?
- 10. Жәңгір ер жеткенге дейін кімнен тәлім-тәрбие алды?
- 11. Жәңгір қай жылы хан болып жарияланды және қанша жыл билік етті?
- 12. Жәңгір ханды ағартушы деп санауға бола ма?
- 13. Ағарту саласында қандай іс-шаралар атқарды?
- 14. Денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері қандай болды?
- 15. Жер мәселесінде қандай өзгерістер орын алды?
- 16. Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін Бөкей Ордасында қандай өзгерістер болды?
III. Жаңа сабақ: негізгі жоспар
- Көтерілістің шығу себептері.
- Көтерілістің барысы.
- Көтерілісшілердің хан ордасын қоршауы.
- Тастөбе түбіндегі шайқас.
- Көтерілісшілер күшін біріктіру әрекеттері.
- Жеңіліс себептері мен салдары.
- Көтерілістің тарихи маңызы.
Қызығушылықты ояту
Сабақ басында Махамбет Өтемісұлының өлеңі оқылып, оқушылардың зейіні тақырыпқа шоғырландырылады. Талқылауға арналған сұрақтар:
- Бұл кімнің өлеңі?
- Махамбет өлеңдерінде қандай идеялар жырланды?
- Махамбет ұлт-азаттық қозғалыста кімге серік болды?
Сонымен, бүгінгі сабақтың өзегі — Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтерілісі.
Өткен тақырыппен байланыс
Жаңа сабаққа кіріспе ретінде төмендегі сұрақ қойылады:
Сұрақ: Кіші жүз қазақтары қатысқан қандай көтерілістерді білесіңдер?
Оқушы шығармашылығы (слайд)
- Махамбеттің өмірі мен шығармашылығы.
- Исатайдың өмірі және тұлғалық болмысы.
Көтерілістің кезеңдері
I кезең (1833–1836 жж.) — көтерілістің алғышарттарының қалыптасуы.
II кезең (1837 жыл) — көтерілістің кең өрістеп, патша әскерлерімен қақтығыстарға ұласуы.
III кезең (1838 ж. шілдеге дейін) — көтерілісшілер күшінің әлсіреп, жеңіліске ұшырауы.
IV. Білімді бекіту
1-тапсырма
«Не? Қайда? Қашан?» кестесін толтыру.
| Не? | Қайда? | Қашан? |
|---|---|---|
| — | — | — |
| — | — | — |
| — | — | — |
2-тапсырма: тест
1) 1836–1838 жылдардағы көтеріліске түрткі болған жағдай:
- A) Бөкей ордасына Жәңгір ханның тағайындалуы
- B) Патша үкіметінің салықты өсіруі
- C) Жәңгірдің қайын атасы Қарауылқожаның Каспий өңіріндегі руларға билеуші болып тағайындалуы
2) Көтерілістің басты қозғаушы күші:
- A) Шаруалар
- B) Сұлтандар
- C) Қолөнершілер
3) Көтерілістің мақсаты айқын көрінетін дерек:
- A) Махамбеттің өлеңдерінде
- B) Исатайдың старшындар съезіндегі сөзінде
- C) Көтерілісшілердің патшаға жазған үндеуінде
4) 1837 жылы хан сарайын қоршаған көтерілісшілердің саны:
- A) 10 мың
- B) 5 мың
- C) 2 мың
5) 1837 жылғы 15 қазанда Теректіқұмда Исатай мен Махамбет бастаған қол кімнің ауылын шапты?
- A) Баймағамбет сұлтанның
- B) Жәңгір ханның
- C) Балқы бидің
3-тапсырма: тарихи диктант
Бос орындарды тиісті сөздермен толықтырыңыз:
……………….. жылдары Ішкі Ордада …………………………………… бастаған көтеріліс болды. Көтерілістің басты қозғаушы күші — …………………………………. Көтеріліс ………… кезеңге бөлінді. Исатайды тірідей ұстағандарға ………… сом, басын әкелгендерге …………… сом сыйақы тігілді. Махамбет ……………………… қапыда қаза болды.
V. Бағалау
Оқушылардың жауаптары мен тапсырмаларды орындау сапасы бойынша бағалау жүргізіледі.
VI. Үй тапсырмасы
«Елімнің дара тұлғалары» тақырыбында Махамбет пен Исатай туралы ой-толғаныс (шағын эссе) жазып келу.
Автор туралы мәлімет
Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Е. Ш. Орақбаев атындағы мектептің тарих пәні мұғалімі.
Мұғалім Т. А. Дюсегалиева