Параллель түзулер
СҚО, Мағжан Жұмабаев ауданы
Қарақоға орта мектебі
Мұғалім: Хайдарова Жания Абаевна
Сабақтың мақсаты
Білімділік
- Параллель түзулердің анықтамасын және қасиеттерін меңгеру.
- Параллель түзулер ұғымын кеңейту.
- Екі параллель түзуді үшінші түзу қиғанда пайда болатын бұрыш түрлерін білу.
Дамытушылық
- Параллель түзулердің өзара байланысын түсіндіру.
- Ұқсастық пен айырмашылықты салыстыру дағдысын дамыту.
- Параллельдік белгісін пайдаланып есептер шығаруға үйрету.
Тәрбиелік
- Сызбаларды дұрыс түсініп, сауатты салуға дағдыландыру.
- Тақырыптың нақтылығына көз жеткізуге бағыттау.
Сабақтың кезеңдері
I кезең. Ұйымдастыру
Сызбаларды орындауға қажетті құрал-жабдықтардың толық болуын тексеру және оқушылардың көңіл күйін сабаққа бағыттау.
II кезең. Үй тапсырмасын тексеру
Өткен материалды қысқаша қайталау және түсінбеген тұстарды нақтылау.
III кезең. Мақсат қою
Не оқытылатынын және жаңа материалды тиянақты меңгеру үшін нені білу қажет екенін түсіндіру.
IV кезең. Білімді жан-жақты тексеру
Жаңа тақырыпқа кіріспе сұрақтар қою. Өткен тақырыптармен байланыстыра отырып, жазықтықта қиылыспайтын түзулердің параллель болатынын тұжырымдау және түсіндіруге алдын ала дайындық жасау.
V кезең. Жаңа білімді игерту
Бір жазықтықта жатқан екі түзу қиылысуы да, қиылыспауы да мүмкін. Екі түзу қиылысуы үшін олардың ортақ нүктесі болуы қажет. Дегенмен техникада және тұрмыста ортақ нүктелері болмайтын түзулер жиі кездеседі.
Өмірден мысалдар
- Түзу жолдағы машинаның дөңгелек іздері
- Түзу жолдағы теміржол рельстері
- Шаршының қарама-қарсы қабырғалары
Анықтама
Бір жазықтықта жататын, бір-бірімен қиылыспайтын түзулер параллель түзулер деп аталады.
«Параллель» сөзі гректің parallelos — «қатар жүруші» деген сөзінен шыққан.
Параллельдік белгі: ||
Жазылуы және оқылуы: a || b — «a түзуі b түзуіне параллель».
Салу алгоритмі (сызғыш және бұрыштық)
- 1 Бұрыштықтың бір қабырғасын сызғышқа тіреп, екінші қабырғасының бойымен a түзуін жүргіземіз.
- 2 Сызғыш бойымен бұрыштықты жылжытып, қажетті бағытта b түзуін жүргіземіз.
Параллель түзулерде жатқан кесінділер мен сәулелер де өзара параллель болады.
Негізгі қасиет (параллельдік аксиомасы)
Берілген түзудің бойында жатпайтын бір нүкте арқылы сол түзуге бір ғана параллель түзу жүргізуге болады.
Теорема және бұрыштар
Параллель екі түзудің біреуін қиып өтетін түзу екіншісін де қиятындығы туралы теореманың дәлелдеуі слайдта көрсетіледі.
Екі түзуді қиюшымен қиғанда пайда болатын бұрыштар: айқыш, сәйкес, тұстас. Осыған сүйене отырып, түзулердің параллельдік белгілері беріледі.
Түзулердің параллельдік белгілері
- 1 Егер екі түзу үшінші түзуге параллель болса, онда бұл екі түзу өзара параллель болады.
- 2 Егер қиюшымен жасалған ішкі айқыш бұрыштар тең болса, түзулер параллель болады (дәлелдеуі слайдта көрсетіледі).
- 3 Егер екі түзу үшінші түзумен қиылысқанда: 1) ішкі тұстас бұрыштардың қосындысы 180°-қа тең болса; 2) сәйкес бұрыштар тең болса, онда берілген екі түзу параллель болады.
VI кезең. Түсінуді тексеру
Жеке оқушыларға арналған үлестірмелер таратылады. Блок сабақта материал толық қамтылатындықтан, есеп шығаруға бұл сабақта аз уақыт бөлінеді (есептер келесі сабақтарда шығарылады).
Ауызша: №89, №90
Салу есептері: №88, №93 (флипчартта орындау)
VII кезең. Бекіту сұрақтары
- 1 Қандай түзулер параллель түзулер деп аталады?
- 2 Екі түзуді үшінші түзу қиғанда қандай бұрыштар пайда болады?
- 3 Берілген түзуден тыс жатқан нүкте арқылы сол түзуге параллель неше түзу жүргізуге болады?
- 4 Егер бір түзу берілген екі түзудің әрқайсысына параллель болса, онда берілген түзулердің өзара қатынасы қандай?
Оқушылардың жауаптарына қарай білімдері бағаланады.
VIII кезең. Үй тапсырмасы
№98, №101
IX кезең. Бағалау
Оқушының жаңа материалды меңгеруі мен белсенділігіне қарай қорытынды баға қойылады.