Күз мезгілінде туған балалар

Ашық тәрбие сағаты

Армысың, Алтын күз!

Бұл материал — оқушыларға күз мезгілінің ерекшелігін танытып, еңбектің қадірін ұғындыруға бағытталған шығармашылық тәрбие сағатының сценарийі. Мәтін мазмұны сахналық мәдениетті қалыптастыруға, тұлғалық қасиеттерді дамытуға және «Еңбек түбі — береке» қағидасын өмірмен байланыстыра түсіндіруге құрылған.

Мақсаты 1

Оқушылардың күз туралы түсінігін кеңейту; күзді басқа жыл мезгілдерімен салыстырып, айырмашылықтарын ажырата білу.

Мақсаты 2

Сахналық мәдениетті қалыптастыру; оқушылардың тұлғалық қасиеттерінің дамуына ықпал ету.

Мақсаты 3

«Еңбек түбі — береке» деген халық даналығының дұрыстығына көз жеткізу.

Кештің ашылуы

1-жүргізуші

Армысыздар, ұлағатты ұстаздар!

Уа, халайық, мұнда назар салайық! Халықтың Алтын күзге арналған мерекелік кешін бастайық!

2-жүргізуші

Бармысыздар, жадыраған жас достар!

Армысың, сары алтындай Алтын күнім,
Күн нұрын төккендей боп жапырағың.
Қарсы алып біз өзіңді тұрмыз міне,
«Алтын күз» деп өзіңе айдар тағып.

Күз туралы ой-толғау

Талғатқызы Аружан

Күз — жазира даланың дархан дастарханы. Күз — байлық пен молшылықтың, сондай-ақ қауырт еңбектің кезеңі. Бұл мезгілде жеміс-жидек пен астық пісіп-жетіледі; мал да, аң-құс та қоңданып, семіреді. Күзде қыс қамы жасалады, сондықтан адам да, жануарлар да, өсімдіктер де қысқа әзірлікке кіріседі.

Өлең шумақтары

Динара: Берекесін сыйлауға өлкемізге күз келді, жемістерін жинауға шақырады біздерді.

Анель: Нағыз Алтын күз — қыркүйек айы. Қыркүйек — ерекше ай. Біз үшін күз — мереке, күз — береке.

Бағдаулет: Алтын нұрдай тамшылап, жапырақтар төгілді. Біздің өмір — таң шуақ, біздің өмір — көңілді.

Еңбек пен берекенің байланысы

Күз — еңбек нәтижесі көрінетін мезгіл. Диқандардың еңбегі, бақша мен егіннің өнімге толуы балалардың дүниетанымын кеңейтіп, «еңбек етсең — емерсің» ұғымын тереңдетеді.

Табиғат көрінісі: жапырақтар мерекесі

Қуаныш

Ұшты талдан жапырақ, сары көбелек секілді. Аспанда жай шатырлап, тамшы жерге секірді.

Манарбек

Ағаштардан жамырап, ұшты кенет жапырақ. Шашу шашты жапырақ!

Өмірбек

Алтын, сары, қызыл, көк — алуан-алуан жапырақ. Күзгі бақыт күлімдеп, көз тартады атырап.

Айсана

Көрініп еліме күндері мереке: келді ғой жеріме күз деген мереке.

Көрініс: «Егінші мен қасқыр»

Қатысушылар

Автор: Ғалия

Егінші: Дулат Қасқыр: Бейбарыс

Хадиша: Қызыл қырман басында ақ бидайды сапырған диқандардың қасында күз есепші отырған.

Күз айлары: қыркүйек, қазан, қараша

Қыркүйек

Інжу: Менің атым — Қыркүйек, күздің бірінші айымын. Молшылық пен байлықтың айымын. Балалар, мен туралы не білесіңдер?

Хормен:

  • 1 қыркүйек — Білім күні.
  • 22 қыркүйек — Тіл мерекесі.

Зарина: Нағыз сары алтындай сары күз — қыркүйек. Бұл — еңбек айы.

Қазан

Азамат: Күзгі маусымның екінші айы — қазан. Бұл ай — мерекенің бастауы. Диқандар осы айда сабантой өткізеді.

Ақжол: Менің атым — Қазан. Күзгі жиын-терімнің соңғы кезеңін қорытындылап, еңбекқор елді той-думанға кенелтемін. Менде қандай мерекелі күндер бар?

Оқушылар хормен:

  • Қазан айының алғашқы жексенбісі — Ұстаздар күні.
  • Қарттар күні.
  • Сабантой.

Қараша

Ақжан: Менің атым — Қараша. Күздің соңғы айымын. Қыстың жақындағанын хабарлаймын.

Күз айлары: Балалар, сендер біздің мерекелі күндерімізді жақсы білесіңдер. Енді кезекті күз байлықтарына берейік.

Ұстаз бен қарияға құрмет

Айғаным: Мұғалім — ұстазың балалардың, болашақ ғалымдардың, даналардың. Өмірде сенің алар орныңды ешбір баға жеткізе алмас.

Мұхаммед-Әли: Мен қарапайым қарттарды сүйем. Бабалардың баласы — қариялар сиреп бара жатқандай көрінеді.

Күз байлығы: бақ пен бақша

Бақтағы жемістер (слайд бойынша)

Сания: Мынау — бақ. Онда әртүрлі жеміс ағаштары өседі: алма, алмұрт, шабдалы, алхоры, жүзім, шие, жаңғақ. Жаз бойы ағаштарды күтіп, суарып баптаймыз. Күзде жемістері піскен соң жинап аламыз. Алма, алмұрт, шабдалы, жүзім, шие — тәтті жемістер.

Бақшадағы көкөністер

Ерасыл: Біздің бақшамызда картоп, сәбіз, орамжапырақ, пияз, қияр, қызанақ өседі. Жазда күтіп-баптаймыз, күзде жинап аламыз.

Бексұлтан: Мен қиярмын, қиярмын, дәмділікті жиярмын. Салаттардың сәнімін, жеп көрші — дәмдімін.

Дайана: Пісетін кезі — дәл күзде, мезгілсіз оны үзбе. Оның аты — қызылша, жей бер қарның тойғанша.

Дамир: Мен картоппын, картоппын, бір қарасаң — доппын. Кім не десе де жағам, мені қоссаң тәтті болар тағам.

Күз көрінісі

Бағлан: Қарашы мына далаға, реңі сондай сары ала. Пісіпті алма балбырап, сарғайып жатыр бал құрақ.

Ақбота: Аспанда қаптаған бұлт тыным таппаған, жөңкіліп көшеді, суық жел еседі.

Еңлік: Әне, қызыл алмалар — әсем бақтың жемісі. Алма терген балалар, албырайды нұр жүзі.

Ғалия: Көктемде егін егетін, күзде жиып беретін — біздің дала бай дала, алтын астық айнала.

Ойындар мен сахналық бөлім

Ойындар

  • Күз мезгілінде туған балаларды анықтау.
  • Жапырақ жинау.

Көркем бөлім

Әсем әуен ырғағымен «Алтын күз аруларының» элегант-шоуы көрсетіледі.

Неге «Алтын күз» дейміз?

2-жүргізуші

Қараңдаршы — көзің тоймас! Күз деген — бір жақсы уақыт: ойда да, қырда да, таудың ішінде де молшылық шалқып жатады. Балалар, кім біледі: неге біз «Алтын күз» дейміз?

Балалардың жауаптары

Аян: «Алтын күз» дейміз, себебі бақ ішінде сары алтындай сары қауын көп піседі.

Әсел: Жаңа піскен алмабаққа қарасаң, көзің тоймайды. Қайың мен талдың жапырағы да сары алтындай. Мұны көріп күзді қалай сары алтынға теңемейсің?

Түйін: Әр мезгілдің өзіне тән ерекшелігі бар. Күз — еңбек пен берекенің айқын көрінетін шағы: дастарханды дәмге толтырып, «еңбек етсең — емерсің» деген ойды нақты дәлелдейді.

Қорытынды

1-жүргізуші: Егін, жеміс, жапырақ, алма, жүзім, қауын, асқабақ — айта берсек көп! Молшылық күз — береке күз. Береке күз — мерекеміз!

2-жүргізуші: Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рақмет!

Ескерту: тәрбие сағатында бейнематериалдар мен слайдтар пайдаланылды.