Қайда болдым сот жүргенде, Қайратымды өлтіргенде

Шығармашылыққа баулу

«Ол тірі болса ақын болар ма еді?» тақырыбындағы мерекелік кештің өзегі — оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту, ақындық өнерге баулу және азаматтық-патриоттық тәрбие беру. Ербол, Қайрат сынды ұлтжанды азаматтарды үлгі ете отырып, рухани бай, өнерлі, жан-жақты тұлға қалыптастыру көзделеді.

Көрнекіліктер

  • Фото және слайдтар топтамасы
  • Кітаптар көрмесі
  • М. Шаханов, Ж. Молдағалиев және Қайрат Рысқұлбеков өлеңдер жинақтары

Жоспар

  1. 1 Әдеби монтаж
  2. 2 Ақындар айтысы

Кеш барысы

Мерекелік кешке оқушылармен бірге Желтоқсан оқиғасының құрдасы (1986 жылы туған) азаматты, оқиғаның куәгерін немесе қатысушының туыстарын қонаққа шақыру ұсынылады.

Мұғалім сөзі

Ондаған жылдар бойы қордаланған келеңсіздіктер, қоғамның әлеуметтік-мәдени салаларындағы кемшіліктер және ұлт мәселесінің шиеленісуі республика жастарының наразылығын күшейтіп, күрес жолына алып келді. Республиканың басшысының ауыстырылуы түрткі болды. Наразылық бейбіт шеру ретінде басталып, кейін саяси сипат алды.

Қазақ жастарының бас көтеруі ұлтшылдық емес еді; ол өзге халықтарға, орыс халқына қарсы бағытталмады. Бұл оқиға билік басындағылардың шынайы келбетін әшкереледі. Жазалау кезінде ұру-соғу, техника мен медицинаны қолданып қинау, итке талату, қарға жатқызу, аязда қатыру сияқты тәсілдердің қолданылуы — басшылардың рухани дүниесінің жұтаңдығын көрсетті. Сол күндері «қазақ ұлтшылдығы» деген жалған айып тағуға тырысты.

Желтоқсан оқиғасы — тарихымыздағы ауыр да қайғылы беттердің бірі. Көп ұзамай Балтық елдерінің күресі басталып, кейін Тбилиси мен Баку толқулары тұтанды. Желтоқсан — қазақ халқының ар-намысы, қасіреті әрі мақтанышы.

Жүргізушілер сөзі және поэзиялық монтаж

1-жүргізуші

«Ол тірі болса ақын болар ма еді?» атты мерекелік кешімізді бастаймыз.

2-жүргізуші

Желтоқсанда жас өмірін жалау еткен қазақтың қайсар ұлы Қайрат Рысқұлбеков халқымыздың ұлттық батыры ретінде ел жадында мәңгілік қалды. Қайрат, Жансая Сәбитова, Ләззат Асанова, Ербол Спатаев, Түгелбай Тәшенов — Желтоқсан қаһармандары.

Өлең

Мен қазақпын — мың өліп, мың тірілген,

Жүрегімде таныстым мұң тіліммен.

Жылағанда жүрегім — күн тұтылып,

Қуанғанда күлкіммен — түн түрілген.

Тарихи эпизод

1986 жылдың 31 желтоқсаны. Жазушылардың Мәжіліс үйінде жастарды «аулау» жүріп жатқан шақ. «Сақтықта қорлық жоқ» деп үнсіз қалған сәтте, «ұлтшыл» атанудан қаймықпай ақиқаттың бетін ашып, әділетсіздікті бетке айтқан ер жүрек Жұбан Молдағалиевтің азаматтық үні естілді. «Ұлтшыл» деген күйені көпшілік ұзақ жыл арқалады.

1990 жылдары Қайратты да, өзгелерді де толық ақтау оңайға соқпады. Шетел сапарында М. Шаханов студенттердің алдында шындықты айтып, жастардың маскүнем, нашақор болмағанын дәлелдеуге күш салды.

Қонақтарға сұрақ

«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дегенге қалай қарайсыз, Әділет ағай? Шындықты айту қиын ба, ақиқат жеңе ме?

Оқушы: Анель

Мен қазақпын — мың өліп, мың тірілген,

Құшақ жая таныстым сан тіліммен.

Жаман үйді қонағы билейді деп,

Қала жаздап айырылып өз тілімнен.

Өзге тілге еліктеп ел болмайық.

Оқушы: Камила

Қалдырып жаның мәңгі жас ұлыңды,

Құпия шерттім осы жан сырымды.

Қош енді, жолықпасаң, қайран ана,

Көзімнен ақ жаулығың жасырынды.

Қайран анам, күзеткенің түгел ме?

Көктеректе жазықсыз екенімді біле ме?

Бейшараны мазақ етіп жоқ әлде,

Саған да елің-жұртың күле ме?

1-жүргізуші

Қайрат 21 жасында тұтқынға түсіп, 21 күн сот алдында жауап берді. Түрменің 21-камерасында отырып, 1988 жылы 21 тамызда дүниеден өтті. 1992 жылы 21 ақпанда ақталды. Бұл — кездейсоқтық па, әлде тағдырдың жазуы ма?

Оқушы: Шырын

Айналайын, қарындасым, қарағым,

Қолда кісен, мен айдауға барамын.

Қайғы шегіп, азап тартқан ағаңды,

Айтшы, жаным, қандай жанға баладың?

Айналайын, інішегім, құлыным,

Сені ойласам үзіледі жұлыным.

Сенің ерке ақ жүзіңді көре алмай,

Кетіп барам мен айдауға, құлыным.

Қош болыңдар, жасың да, кәрің де,

Қараңғылық баста тұрмас қашанда,

Бостандықта кездесеміз әлі де.

Оқушы: Асылбек (Түрме жыры)

Темір тор жамбасына тақылдайсың,

Өзіммен бірге туған жақындайсың.

Телміртіп темір торға қаматқанша,

Сұм дүние, бұл жалғаннан неге алмайсың?

Ауылда жақсы екен ғой салған әнім,

Қу тағдыр татырды ғой түрме дәмін.

Қайдағы пәлеқорлар жала жауып,

Жазықсыз қылмыскер боп кетті сәнім.

Тек төбе, төрт қабырға, темір тесік,

Күніне ұзатары үш тілім нан.

Өлмейтін саған тиер осы нәсіп…

Дерек пен ой

Бейбіт шеруге қарсы 15 БТР, 7 мың милиция, 10 мың «жұмысшы жасағы» шығарылды. Жазалаушылар марапат пен грамота алды. Қырғыз азаматы Талайбек Ылаев өзіне берілген грамотаны қайтарып тастағаны — ар-ұяттың, әділетке адалдықтың айғағы.

Қонақтарға сұрақ

Бақытбек ағай, бұл ненің айғағы деп ойлайсыз? Неге Талайбек Ылаев грамотаны қайтарып тастады? Желтоқсаншыларға қандай баға бересіз?

Оқушы: Еркебұлан

Мен не етермін, не етермін,

Мен келмеске кетермін.

Көрмеген қош бол, таңдарым,

Көре алмай мен өтермін.

Қош аман бол артымда

Ағайын-туған, азамат.

Артымда қалған ата-анам,

Ел-жұртым саған аманат!

Қонақтарға сұрақ

Тәуелсіздік алғанымызға көп уақыт өте қойған жоқ, еліміз жас, сіз де жастасыз. Қандай армандарыңыз бар? Қайраттың қазасы босқа болды ма?

Арнау

Асыл ұлан көрде тыныш жатқанда,

Бостандықтың таңы әбден атқанда,

Қазақ елі желбіретіп байрағын,

Ақтап алды — 21 ақпанда.

Қайрат, жанып жігерімді жасыған,

Жүрегімде балалатқан асыл ән.

Бостандыққа жетелеген халқыңды,

Басымды ием рухыңа, жас ұлан!

Қайратты еске алып, гүл шоғын қоюға рұқсат. «Отан — ана» әні орындалады.

2-бөлім: Қ. Рысқұлбековқа арналған айтыс

Айтыс бөліміне Баянова Диана және Баймұқамбет Асылжан шақырылады.

Айтыс жобасы

  1. 1 Таныстыру
  2. 2 Желтоқсан құрбандары
  3. 3 Қазіргі ұл-қыздар
  4. 4 Қоштасу

Шығармашылық тапсырма

Шығармашылыққа баулу мақсатында оқушыларға тақырыпқа байланысты өлең жазу тапсырмасы беріледі. Төменде ұсынылған үлгі өлеңдер — оқушылардың тақырыпты жүрекпен сезініп, сөзбен өрнектеуге талпынысының көрінісі.

«Желтоқсан арулары» — Сембаева Жібек

Ләззат, Жансая, Сабира,

Басқалары тағы да.

Нәзік еді, гүл еді,

Кезекті суық ызғарға

Көшеге еріп шыққаны —

Өз жанының қамы емес,

Ойлағаны елі еді.

Кешегі күлкі, шаттығы

Ұмытылды, боп елес.

Батыр қыздар, жас қыздар —

Желтоқсанның аруы.

Қаны төгілген алаңға

Болмай ешбір қаруы.

Ерте үзілген қызғалдақ,

Әсем едің, қайтейін.

Жүректерде жанған шоқ

Мәңгі өшпесін тілеймін!

«Қайрат рухына тағзым» — Сембаева Жібек

Қасқалдақтай қаны болған боздағым,

Бозторғайдай жаны болған боздағым,

Тәуелсіздік алам деген жолында

Құрбандыққа сен шалындың, боздағым!

Сен құшпаған арулар кетіп барады көшеде,

Сен сүймеген бөбек те өсіп, міне, жетті де.

Қыршынынан қиылған жас ақынның

Небір жыры қалды атойлап жүректе.

Сылқым күз бен қыс та келді қаһарлы,

Тоғайларда көктем бүршік жарды да.

Қанға бөккен Брежнев көшесі

Желтоқсанның көшесі боп аталды.

Қайсар ұлдар жарқылдады жасындай,

Мәңгі ұмытылмас қыздарымның жас үні.

Мұзға жанған желтоқсандық алаудың

Шоқ боп түсті жүректерге ұшқыны.

Биік ұстап қайрап-жанып намысты,

Мәңгілікке ерлігімен танылды.

Терезесі тең болуға елімнің,

Жұмса, жастар, ерік-жігер, жалынды!

«Аманат: Қайда болдым?» — Сембаева Жібек

Желтоқсанға 25 жыл (1986–2011)

Қайда болдым сол кезде мен,

Кино көріп мәз болдым ба?

Тамақты ойлап қам жедім бе,

Сауық-сайран сап жүрдім бе?

Қайда болдым сол күні мен,

Қыздарымды ұрған күні —

Мұзға тастап, итке жем қып,

Қара шаштан жұлған күні.

Қайда болдым сот жүргенде,

Қайратымды өлтіргенде?

Ұйқы-тірлік кештім бе екен,

Мәңгүрт болып кеттім бе екен?

Жиырма бес жыл өтсе-дағы,

Жүрегімде қаяу қалды.

Жаспен жуып сол қайғымды,

Қолыма мен қалам алдым.

Кешір мені, ұл-қыздарым,

Сұм билікке шама жетпей,

Қорғай алмай жауға берген —

Кешіре алсаң, кешір енді.

Төгілген пәк жасың үшін,

Тамшылаған қаның үшін,

Қорған болуға жарамаған

Тасбауырлау ағаң үшін.

Жүректерін алау еткен,

Жас жандарын жалау еткен —

Қаракөзім, азаматым,

Ерлігіңді дастан етем.

Шырқыраған құлын даусың

Санамызға жете ме екен?

Нақақтан төгілген қаның

Кімге бүгін қарыз екен?

Жас сәбилер өз жерінде

Ерлігіңді біліп өссін.

Аманатыңды орындауға

Барлық қазақ тізе бүксін!