Оларға сұрақ қой

Сабақтың тақырыбы: Күрделі сөздер

Сабақтың мақсаты

  1. Күрделі сөздер туралы алғашқы түсінік қалыптастыру; күрделі сөздің бір ғана мағынаны білдіріп, бір сұраққа жауап беріп, сөйлемде бір ғана мүшенің қызметін атқаратынын ұғындыру.
  2. Күрделі сөздерді туынды түбірден және еркін сөз тіркесінен ажырата білуге үйрету.
  3. Сөйлем ішінен күрделі сөздерді табу және сөйлем құрастыруда күрделі сөздерді орынды қолдану дағдыларын дамыту.

Тәрбиелік және дамытушылық бағыт

  • Оқушылардың ғылым-білімге деген құштарлығын арттыру.
  • А. Байтұрсынов туралы білімін толықтыру, тұлғалық құрмет қалыптастыру.

Әдісі

Түсіндіру, практикалық жұмыс, жаттығу.

Түрі

Аралас сабақ.

Көрнекілігі

Суреттер, кесте, интерактивті тақтадағы слайдтар.

Негізгі ұғым

Күрделі сөз — бір ғана мағынаны білдіріп, бір сұраққа жауап беретін және сөйлемде бір ғана мүшенің қызметін атқаратын тілдік бірлік.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқу құралдарын түгелдетіп, оқушылардың назарын сабаққа аударамын. Бүгінгі қазақ тілі сабағына қонақтар келді. Қонақтарға жылы лебізімізді білдірейік.

Үлкенге де сіз,
Кішіге де сіз.
Барша жанды құрметтеп,
Бас иеміз біз.

II. Ой қозғау

Бүгінгі сабаққа Сөзстан елінен хат келді. Хаттың ішінде ойындар мен тапсырмалар бар. Сөзстан елі сендердің білімдеріңді байқамақ. Тапсырмаларды кезектесіп орындаймыз.

1-тапсырма: «Жасырынған суретті тап»

Суретті табу үшін сұрақтарға жауап береміз:

  1. Сөз дегеніміз не?
  2. Сөз мағынасына қарай нешеге бөлінеді? Қандай түрлері бар?
  3. Жаңа сөз қалай жасалады?
  4. Сөз тіркесі дегеніміз не?

Жасырынған сурет — А. Байтұрсынов. Ол туралы не білеміз? Мектебіміздің осындай дана, данышпан, кемеңгер тұлғаның есімімен аталғанын мақтан етейік.

2-тапсырма: Математикалық ребус

Ребустың шешуі — күрделі сөздер.

Дәптермен жұмыс

  • Күннің реті.
  • Көркем жазу: Ахмет Байтұрсынов — жүз қырық жаста.

III. Жаңа сабақ: Күрделі сөздер

1-жаттығу

Екі бағандағы қалың әріппен берілген сөздерді салыстыр. Оларға сұрақ қой. Айырмашылығын анықта.

Сөз тіркесі

  • Мылтық даусын естіген арқар...
  • Жол жүргенде ол үнемі серік болып ілесетін.
  • Малшы қойларды қораға кіргізді.

Күрделі сөз

  • Әжей сырмақтың ортасына арқармүйіз оюын салыпты.
  • Жолсерік біздің билетімізді тексерді.
  • Байдың қора-қора қойы болыпты.

Қорытынды: күрделі сөз тұтасымен бір мағынаны береді және сөйлемде бір ғана мүшенің қызметін атқарады.

2-жаттығу

Екі бағандағы сөздерді салыстыр. Қай бағанда күрделі сөздер, қай бағанда сөз тіркестері берілгенін дәлелде.

Сөз тіркесі

  • отыз қой
  • қызыл шар
  • ақшыл мата

Күрделі сөздер

  • отыз сегіз
  • қызыл ала
  • ақшыл сары

Жазылым: Күрделі сөздерді қатыстырып сөйлем құрап жаз.

IV. Сергіту сәті: «Лездеме» (тез жауап бер)

  1. 1. Жиегі көгерген кілем қайдан көрінген? көкжиек
  2. 2. Нені қазып қала болған? Жезқазған
  3. 3. Екі сөз бірігіп қалай сайрайды? бұлбұл
  4. 4. Екі қазанның бірі сатылып кетсе, неше қазан қалады? бірқазан
  5. 5. Баққаным әрі құс, әрі түйе. түйеқұс
  6. 6. Суы да ала, тауы да ала. Бар ма екен осыны білетін бала? Алакөл Алатау

3-тапсырма: 3-жаттығу (топтық жұмыс)

Берілген мысалдарды тиісті түріне қарай топтастыр.

1-топ: Біріккен сөздер

  • Шекара
  • асатаяқ
  • итбалық
  • қолбасшы
  • егеуқұйрық
  • саңырауқұлақ

2-топ: Қос сөз

  • алуан-алуан
  • жарқ-жұрқ
  • бума-бума
  • бірте-бірте
  • ауызба-ауыз

3-топ: Түбірлердің тіркесуі

  • жол сілтеуші
  • жылы шырай
  • қара торы
  • алпыс тоғыз

4-тапсырма: Терме диктант

Мәтіннен күрделі сөздерді теріп жаз.

Үйдің айналасы тап-таза, жып-жинақы. Ауласында шоқ-шоқ гүл өсіп тұр. Ауыл Шымбұлақ өзенінің бойына орналасқан. Бұл аймақты Көктоған деп атайды. Дауылдан кейін теңіз қара көк түске енді. Жарысқа біздің мектептен он бес спортшы қатысты.

5-тапсырма: Сөзжұмбақ

Сөйлемдерден күрделі сөздерді тауып, сөзжұмбаққа орналастыр. Соңында қандай сөз шығатынын анықта.

  1. Жандос сабақ оқыды.
  2. Серік тас жолмен жүрді.
  3. Атасының үйінде қора-қора қой бар.
  4. Бірқазан көлге қонды.
  5. Айгүл сөмкесін алды.
  6. Әжем пешке таскөмір салды.
  7. Мен Қызылордада тұрамын.
  8. Байқоңырда ғарыш айлағы бар.

Сөзстан елінен келген хатта: тапсырмаларды жақсы орындағандарың үшін «Жарайсыңдар!» деген ризашылық білдірілген.

V. Қорыту

Бүгінгі сабақта не үйрендік? Нені білдік? Күрделі сөздің негізгі белгілерін қорытындылаймыз.

  • Күрделі сөз бір мағынаны білдіреді.
  • Күрделі сөз бір сұраққа жауап береді.
  • Сөйлемде бір мүшенің қызметін атқарады.
  • Түрлері: біріккен сөз, қос сөз, тіркескен күрделі сөздер.

VI. Үй тапсырмасы

5, 6-жаттығу.

VII. Бағалау

Сабаққа белсенді қатысқан оқушылар мадақталады.