Менің ата - тегім
Ертеңгілік бағдарламасы
Бұл мерекелік ертеңгілік 5 жас даярлық тобы тәрбиеленушілерінің қатысуымен өтетін «Күз ханшайымы» байқауына арналған. Ата-ананың аялы алақанындағы балалық шақ пен балабақшадағы бал дәурен — баланың ең бақытты, алаңсыз кезеңі. Біз ұл-қыздарымыздың білімді, парасатты, тәрбиелі болып өсуін қалаймыз. Сондықтан бүгін бүлдіршін қыздарымыздың алған тәлім-тәрбиесіне бірге куә болайық.
Тәрбиешінің құттықтау сөзі
Құрметті ата-аналар, қонақтар және кішкентай бүлдіршіндер! Сіздерге 5 жас даярлық тобының тәрбиеленушілері қатысатын «Күз ханшайымы» байқауын ұсынамыз.
Әділқазы береді өздеріңе билікті,
Өнерде кім жеңеді — алады сол сыйлықты.
Ең алдымен, әділқазылар алқасымен таныстырайық:
- 1)
- 2)
- 3)
Сайыстың барысы
Тәрбиеші:
Уа, халайық, халайық,
Бәріміз назар салайық.
Мерекесі бақшаның,
Сайысты біз бастайық.
Ортаға бүгінгі сайысқа қатысушы арулар шақырылады (музыка ойнайды).
Мың бұралған арулар аңдап басып,
Келді міне, ортаға толқып-тасып.
Аруларын сыйлаған халқым менің,
Көңілді қошаметпен қарсы алайық.
Қатысушылар реттік белгілері бойынша таныстырылып, орындарына отырғызылады.
Сайыс шарттары
- Менің ата-тегім — өзін-өзі таныстыру.
- Кім ойға жүйрік — жұмбақ шешу.
- Дәрумендер — денсаулық сақшысы — күзгі байлықтардан жарнама, салат ұсыну.
- Шебер қолдар — ата-анамен бірлескен қолөнер жұмыстары.
- Өнерлі өрге жүзер — өнер көрсету.
- Әсем біздің арулар — сән үлгісін көрсету.
Музыкалық нөмір
Ән: «Ертегілер» (Аружан)
Би нөмірі
Би: «Қара жорға»
1-бөлім: «Менің ата-тегім» — өзін-өзі таныстыру
Қатысушылар реттік санымен ортаға шақырылып, өздерін таныстырады.
Жанерке Бақытқызы
Бүр жарған бүршігіндей лала гүлдің,
Жастайымнан жалындап жана білдім.
Өнер менен білімге жаным құштар,
Жанерке Бақытқызы мен боламын.
Құрбыммен бұл сайыста тең боламын,
Қызымын өсіп-өнген кең даланың.
Бүгінгі ханшайымдар сайысында,
Жеңімпаз боламын деп ойлаймын.
Айдана Жасұланқызы
Тең түсіп өзгелермен терезесі,
Дарыған ата-баба өнегесі.
Айдана атым, Жасұланның қызымын мен,
Дүйсекен тегі, Мизам немересі.
Алуа Серікқызы
Руым — Найман, мен қазақ,
Мақсоттың немересі.
Тақпақ-өлең айтамын,
Апайлардың берген өнегесі.
Алғаш аштым балабақша есігін,
Алуа Серікқызы — менің есімім.
Туып-өстім Аягөзде,
Алтын ұя — бесігім.
Құлкеш — маған нағашы,
Қызыл тонның жағасы.
Мен үшін өте қымбат қой,
Нағашының бағасы.
Ырыс Қанатқызы
Ырыс атым менің,
Мақтан етер жанұя еркесімін.
Әкем — Қанат, анам — Алтынгүл,
Үлгі тұтар ағам бар — Астанәлі.
Аружан
Әке-шешем мақтаған,
Аружан қызың мен болам.
Осы күнге сақтаған,
Тақпағым бар жаттаған.
Сайыс десе жайнаймын,
Намысымды қайраймын.
Тоты құстай құлпырып,
Сандуғаштай сайраймын.
Осы бөлім бойынша әділқазылардан бағаларын көтерулерін сұраймыз.
2-бөлім: «Кім ойға жүйрік» — жұмбақтар
Қатысушылар реттік белгімен ортаға шақырылып, өздері ұнататын жеміс-жидекті таңдайды және соған қатысты жұмбақты шешеді.
Жұмбақ 1
Жұдырықтай қызыл шар, тілді үйірген шырын бал.
Жауабы: Алма
Жұмбақ 2
Түрі шар сияқты, түсі қан сияқты, дәмі бал сияқты. Ол не?
Жауабы: Шие
Жұмбақ 3
Аласы бар, қарасы бар, ағы бар. Пышақ тисе қып-қызыл болып жарылады.
Жауабы: Қарбыз
Жұмбақ 4
Жер астына түседі, сап-сарғыш боп піседі.
Жауабы: Сәбіз
Жұмбақ 5
Күннен көзін алмайды, өзгемен ісі болмайды.
Жауабы: Күнбағыс
3-бөлім: «Дәрумендер — денсаулық сақшысы»
Қатысушылар жеміс-жидек бейнесіндегі киім киіп, тақпақтарын айтады. Сонымен бірге аналарының көмегімен дайындалған салат түрлерін әділқазыларға ұсынады.
Жанерке — «Алма»
Нарттай қызыл алмам бар,
Мәз болады алғандар.
Жазда әдемі киінем,
Тілді балдай үйірем.
Айдана — «Сәбіз»
Өсіретін бойыңды,
Дамытатын ойыңды.
Қоянға да азықпын,
Мен жазықсыз сәбізбін.
Алуа — «Шие»
Тіл үйірген шырыным,
Жемістердің бірімін.
Мен маржандай шиемін,
Ұнатамын күн нұрын.
Ырыс — «Дән»
Жарып шыққан қауызын,
Дән — өмірлік азығым.
Жегеніңде ақ нанды,
Нәрге толар ауызың.
Аружан — «Апорт алмасы»
Бақ ішінде алма, алмалар,
Бар жемістен бағалы.
Көз салған адам таңданар,
Көздің жауын алады.
Ән
«Айгөлек» (топ)
Бағалау
Әділқазылар бағаларын жариялайды.
4-бөлім: «Шебер қолдар» — қолөнер көрмесі
Қатысушылар ата-аналарымен бірлесіп жасаған жұмыстарын әділқазыларға ұсынады.
Ән
«Біз балдырған баламыз»
Әділқазылар бағаларын жариялайды.
5-бөлім: «Өнерлі өрге жүзер» — өнер көрсету
Қатысушылар өз өнерлерін ортаға салады: бірі би билейді, бірі ән айтады, жаңылтпаш айту да мүмкін. Әр нөмірден кейін әділқазылар бағаларын береді.
6-бөлім: «Әсем біздің арулар» — сән үлгісі
Қатысушылар сән үлгісін көрсетеді. Әділқазылар қорытынды бағаларын жариялайды.
Қорытынды және марапаттау
Білім, ғылым, өнерге,
Қанат қағар кездерің.
Еліміздің ертеңі —
Үміт етер өздерің.
Осы сөздермен «Күз ханшайымы» сайысын аяқтаймыз. Әділқазылар қорытынды шығарғанға дейін балалардың әнін тыңдаймыз.
Ән
«Айналайын» (Мағжан, Нұртай)
Марапаттау
Қатысушыларға атақ беріліп, грамоталар тапсырылады.
Бас жүлде
Күз ханшайымы
Айдана
Атақ
Әнші ару
Жанерке
Атақ
Биші ару
Аружан
Атақ
Сүйкімді ару
Алуа
Атақ
Шебер ару
Ырыс