Бар әніңді айтып билей бер

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті: Тіл дамыту

Тақырыбы: Жабайы аңдар қысқа қалай дайындалады?

Мақсаты

Диалогтық тілдесу дағдыларын дамыту; жануарлардың қысқа дайындалуы және табиғаттағы өзгерістер туралы түсінік қалыптастыру.

Сөздік қоры

Жабайы аңдар

Білімділік мәні

  • Жабайы аңдар туралы түсінік беру.
  • Ертегі кейіпкерлерінің мінезін ажырата білуге үйрету.
  • Ертегі мазмұнын сахналап көрсетуге баулу.

Дамытушылық мәні

  • Сахналық қойылымға белсенді қатысуын дамыту.
  • Сөйлеу мәнерінде көркемдік тәсілдерді қолдану (дауыс ырғағы, қимыл-қозғалыс).

Тәрбиелік мәні

  • Табиғатты сүюге, қорғауға тәрбиелеу.
  • Аңдардың тіршілігін бақылауға, аялауға баулу.

Көрнекіліктер және әдіс-тәсілдер

Көрнекіліктер

Аңдардың суреттері, ертегі кейіпкерлерінің атрибуттары, аңдардың дауыстары (аудио).

Әдіс-тәсілдер

Көрсету, сұрақ-жауап, сахналау, әңгімелесу.

Сабақ барысы

1) Мотивациялық кезең: «Шаттық шеңбері»

Балалар жұмсақ ойыншықтарды қолына ұстап, бір-біріне жылы лебіз білдіреді:

  • «Мен саған тиіннің ақкөңілдігін тілеймін.»
  • «Мен саған түлкінің әдемілігін тілеймін.»
  • «Мен саған қоянның жүйріктігін тілеймін.»
  • «Мен саған қасқырдың батылдығын тілеймін.»

Тәрбиеші балаларды мадақтайды, көңіл-күйін көтереді.

2) Ұйымдастыру-іздену: жұмбақ және әңгімелесу

Тәрбиеші жұмбақ сұрақтар арқылы тақырыпқа жетелейді:

Жұмбақ сұрақтар

  • Ең айлакер аң…
  • Ең қорқақ аң…
  • Балды жақсы көретін аң…
  • Үстінде тікенегі бар аң…
  • Аң патшасы…
  • Батыл аң…

Талқылау сұрақтары

  • Бұлардың барлығын бір сөзбен қалай айтамыз?
  • Неліктен «жабайы аңдар» дейміз?
  • Жабайы аңдар қыста қалай тіршілік етеді?

3) Ертегі арқылы түсіндіру: «Шегіртке мен жабайы аңдар»

Балалар ертегіні мұқият тыңдайды. Мақсат — қысқы тіршілікке дайындықтың мәнін сезіндіру.

Ерте, ерте, ертеде, ертегілер елінде әнші шегіртке болыпты. Ол жаз бойы ән салып, би билеп, скрипка ойнайды. Күн артынан күн өтіп, жаз да, күз де өтіп, қылышын сүйретіп қыс келеді. Орман ішін тыныштық басады: қар қалың түсіп, аяз күшейеді.

Әбден тоңған шегіртке ән айтуға да шамасы келмей, ағаш түбіне отырып ойға қалады: «Енді күнім не болар екен? Бекер жүрісті қойып, тамақ тауып жейін». Жақын жердегі аюдың апанына барады:

Шегіртке: «Тук-тук. Аю ағай, амансыз ба? Үйіңізге кіргізіп, қыс біткенше асыраңыз.»

Аю: «Қыс боларын білмедің бе? Қыста орман аңдары ұйқыға кетеді, қорегін жазда жинайды. Ұйқымды бұзба — әніңді айтып, билей бер.»

Шегіртке тоңып, әрі қарай түлкінің ініне барады:

Шегіртке: «Тук-тук. Түлкі апай, амансыз ба? Үйіңізге кіргізіп, қыс біткенше асыраңыз.»

Түлкі: «Қыстың қамын жазда ойлау керек. Мен ұзақ жолға кеттім, қар астынан азық іздеп жеймін. Мазамды алма — әніңді айтып, билей бер.»

Кейін ол кірпінің үйіне келеді:

Шегіртке: «Түк-туқ. Кірпі апай, амансыз ба? Үйіңізге кіргізіп, қыс біткенше асыраңыз.»

Кірпі: «Інім тар. Өзім жапыраққа оранып ұйықтаймын. Мұнда саған орын жоқ — әніңді айтып, билей бер.»

Ақыры бұта түбінде отырған қоянға жолығады:

Шегіртке: «Сәлем бердік, қоянжан. Мына суықтан құтқар: тоныңды беріп, қыс біткенше асырашы.»

Қоян: «Қыста тонымды ауыстырып, жауларымнан қорғанамын. Күндіз тығылып ұйықтаймын, түнде жүгіріп азық іздеймін. Мазамды алма — әніңді айтып, билей бер.»

Шегіртке қалтырап жүріп, әлсіреп құлап түседі. Мұны көрген аңдар жиналып, оның қол-аяғын уқалап, ыстық сүт беріп, жылы төсекке жатқызады. Шегіртке көзін ашып: «Мен қайдамын?» дейді. Аңдар: «Қорықпа, біз сенімен біргеміз», — деп жұбатады.

Шегіртке ризашылығын білдіріп: «Мен енді қыстың қамын жазда жасаймын», — дейді. Аңдар өздері жинаған азықтың бір бөлігін оған сыйға тартады. Шегіртке де жауап ретінде әуенін сыйлап, бәрі көңілді билейді.

Талқылау

  • Ертегі ұнады ма?
  • Ертегіде не туралы айтылды?
  • Шегіртке қандай қателік жіберді?
  • Аңдардың көмегін қалай бағалаймыз?

4) Сергіту сәті

Ұзын құлақ сұр қоян
Естіп қалып сыбдырды.
Ойлы-қырлы жерлермен
Ытқып-ытқып жүгірді.
Қарап еді артына,
Көзін салып қиығын,
Келе жатқан тоңпаңдап —
Көжек екен өзінің.

Балалар өлең ырғағымен қимыл-қозғалыс жасайды.

5) Рөлдік ойын: ертегіні сахналау

Балалар кейіпкерлерді бөлісіп алып, ертегі мазмұнын сахналап көрсетеді. Тәрбиеші дауыс ырғағы, мимика, қимыл-қозғалысқа назар аудартады.

Сұрақтар

  • Саған қай кейіпкер ұнады? Неліктен?
  • Егер сен аңдардың орнында болсаң, не істер едің?

Негізгі ой

Жабайы аңдар — табиғаттың бір бөлігі. Оларды қорғау, мекенін бүлдірмеу, тіршілігін құрметтеу — бәріміздің міндетіміз.

Қорытынды және күтілетін нәтиже

Білуі

Ертегілер туралы түсінігі кеңейіп, ой-өрісі дамиды.

Түсінеді

Ертегі мәтінін мазмұндап, жабайы аңдар туралы түсінік қалыптастырады.

Қолданады

Сахналау арқылы рөлге еніп, ертегіні әсерлі айтып беруге машықтанады.