Геометриялық денелер

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің қысқаша сипаты

Тобы

«Жұлдыз» ересектер тобы

Білім беру саласы

Таным, Қатынас

Оқу іс-әрекеті

Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру

Тақырып

1-ден 10-ға дейінгі сандар. Геометриялық денелер: шар, текше, цилиндр, пирамида.

Мақсаттары

Білімділік

  • 10 көлеміндегі сандарды тура және кері санауды қайталау.
  • Сандар құрамын бекіту.
  • Шар, текше, цилиндр, пирамида туралы бастапқы түсінік қалыптастыру.
  • Қоршаған ортадан сәйкес пішіндегі заттарды табуға үйрету.

Дамытушылық

  • Ойлау, есте сақтау қабілетін дамыту.
  • Сөйлеу дағдыларын жетілдіру.
  • Ойын арқылы танымдық қызығушылық пен логикалық ойлауды дамыту.

Тәрбиелік

  • Тапсырманы ұқыпты, таза орындауға тәрбиелеу.
  • Топпен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру.

Пәнаралық байланыс

Көркем әдебиет

Оқу іс-әрекеті түрі

Қайталау, түсіндіру, ойын

Көрнекіліктер

Теледидар, компьютер, тақырыпқа сай слайдтар, суреттер

Билингвизм

Шар
круг
Текше
куб
Цилиндр
цилиндр
Пирамида
пирамида

Мотивациялық-қозғаушылық кезең

Тәрбиеші қонақтармен амандасып, ашық оқу іс-әрекетіне қош келдіңіздер деп қарсы алады. Балалар көтеріңкі көңіл-күймен «Шаттық шеңберін» орындайды.

«Шаттық шеңбері»

Арайлап таң атты,

Алтын сәуле таратты.

Жарқырайды даламыз,

Жайнай түсті қаламыз.

Қайырлы күн, балалар! Қайырлы күн, апайлар!

Сәлем! Сәлем! Сәлем!

Ұйымдастыру-іздестіру кезеңі

Өткенді қайталау

  • Балалар 1-ден 10-ға дейінгі сандарды тура және кері санауды, қосу-азайтуды еске түсіреді.
  • Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде 1-ден 10-ға дейін тура және кері санау орындалады.
  • Дұрыс жауап берген балалар жұлдызша және төртбұрыштармен мадақталады.

Дидактикалық ойын: «Көңілді пойыз»

Балалар тақтадан «Көңілді пойызды» көреді. Мақсат — 1-ден 10-ға дейінгі сандарға қатысты қосу-азайту тапсырмаларын орындап, аңдарды өз вагондарына дұрыс отырғызу. Пойызда 10 вагон бар.

Вагон Тапсырма Жауап Жолаушы
1 2 − 1 1 Арыстан
2 4 − 2 2 Піл
3 0 + 3 3 Керік
4 5 − 1 4 Түлкі
5 2 + 3 5 Қоян
6 3 + 3 6 Мысық
7 8 − 1 7 Қасқыр
8 6 + 2 8 Ит
9 5 + 4 9 Маймыл
10 7 + 3 10 Аю

Тапсырманы дұрыс орындаған балалар мадақталады.

Сергіту сәті: санау арқылы қимыл

Сыңғыр-сыңғыр сырғалар,

Құлағымда ырғалар.

Оң қолымда білезік,

Сол қолымда білезік,

Қолдарымда сақина.

Санап көрші, кәнекей: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10

Геометриялық фигураларды еске түсіру

Балалар жазық фигураларды атап шығады: дөңгелек, үшбұрыш, төртбұрыш, шаршы, сопақша, ромб, трапеция, сондай-ақ көпбұрыштар (бесбұрыш, алтыбұрыш, сегізбұрыш).

Жаңа тақырып: геометриялық денелер

Ертегі: «Сиқырлы геометриялық денелер»

Тәрбиеші слайд көрсету арқылы геометриялық денелер туралы ертегі айтады. Ертегіде математика еліндегі фигуралар қамалында шар, текше, цилиндр және пирамида өзара «кім күшті?» деп дауласады. Ақырында пирамида бәрінің де адамдарға қажет екенін айтып, олар өз маңызын түсінеді.

Талқылау сұрақтары

  • Ертегі сендерге ұнады ма?
  • Ертегі не туралы болды?
  • Қандай геометриялық денелерді атадық?

Түсіндіру: әр дененің ерекшелігі

Шар

Шар домалақ, оны домалатуға болады. Ұқсас заттар: доп, моншақ, шырша ойыншығы.

Текше (куб)

Текшенің бұрыштары бар, сондықтан шар сияқты домаламайды. Ұқсас заттар: теледидар қорабы, сағат, үстелдің кейбір бөлшектері, текше ойыншықтар, печенье.

Цилиндр

Бірнеше цилиндрді қатар қойып, үстіне ауыр затты қойсаң, оны итеріп жылжытуға болады (мысалы, бірнеше қарындаштың үстіне кітап қойып итеру). Ұқсас заттар: стақан, ваза, балмұздақ (мұзқалта), қоюлатылған сүт құтысы.

Пирамида

Пирамида таудың қар басқан шыңына, сарайлар мен мұнаралардың күмбезіне ұқсайды.

Сергіту және саусақ жаттығулары

Қимылды өлең

Саяхатқа барамыз,

Дорбамызды аламыз.

Бұл кім? Бұл не?

Бұл — тау.

Астынан өте алмаймыз,

Үстінен өте алмаймыз.

Кеттік тура!

(Қолдарын жұдырықтап, бір-біріне жеңіл ұрып қимыл жасайды.)

Саусақ жаттығуы: «Шариктер»

  1. Екі қолдың саусақ ұштарын түйістіріп, «шар» пішінін жасаймыз.
  2. «Шарды үрлейміз» — үрлеу қимылын қайталаймыз, саусақ арасы ашыла түседі.
  3. «Шар жарылды» — саусақтар бастапқы қалпына келеді.

Электрондық технологиямен жұмыс

Компьютер арқылы берілген тапсырма орындалады: суреттегі геометриялық фигураларды тауып, атап көрсету.

Қорытындылау үшін балалар 10 көлеміндегі сандарды 3 тілде тура және кері санап береді.

Рефлексивті-түзетушілік кезең

Қорытынды ойын: «Сиқырлы фигуралар әлемі»

Мақсаты — геометриялық фигуралар мен денелерді көлемі және өзара ұқсастығы бойынша құрастыру. Балаларға лото, пазл және пішіндер жиынтығы таратылады. Дұрыс орындаған балалар мадақталады.

Қорытынды сұрақтар

  • Бүгін біз нелермен таныстық?
  • Геометриялық денелерге нелер жатады?

Балалардың жауабы: шар, текше, цилиндр, пирамида.

Тәрбиеші белсенді қатысқандары үшін алғыс айтып, оқу іс-әрекетін аяқтайды.