Менің анкетам
Тәрбие сағаты
Қазақ поэзиясының Хан-Тәңірі – Мұқағали
Өткізген:
Мақсұтбай Индира
бастауыш сынып мұғалімі
Мекеме:
Сарыжаз орта мектебі
Райымбек ауданы, Алматы облысы
Формат:
Баяндау, көрнекілік
оқу, сахналық көрініс, сұрақ-жауап
Мақсаты
Танымдық бағыт
- Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы оқушылардың жан-жақты білімін кеңейту.
- Өлеңдерінің идеялық-көркемдік құндылығын таныту.
Тәрбиелік бағыт
- Өлеңді жатқа айту, мәнерлеп және көркем оқуға дағдыландыру.
- Ойлау мен сөйлеу қабілетін дамыту, тіл мәдениетін арттыру.
- Отансүйгіштікке, имандылыққа, өнерге құштарлыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
Жоспар
- 1 Кіріспе сөз
- 2 М. Мақатаевтың өмірі туралы қысқаша мәлімет
- 3 Ақын күнделігінен үзінді оқу
- 4 Өлеңдерін жатқа айту
- 5 Сахналық көрініс: «Менің анкетам»
- 6 Ақынға арналған бұрышпен таныстыру, сұрақ-жауап
- 7 Қорытынды сөз
Тәрбие сағатының барысы
1) Кіріспе сөз
Құрметті ұстаздар мен қонақтар! Қасиетті Қарасаз жерінде туып, қанатын қатайтып, қысқа ғұмырында өшпестей із қалдырған, мәңгілік мол мұра сыйлаған ғасырымыздың ғаламат ақыны Мұқағали Мақатаевқа арналған «Қазақ поэзиясының Хан-Тәңірі – Мұқағали» атты тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
Ендігі кезекті оқушыларға береміз.
2) Мұқағали өмірі туралы қысқаша мәлімет
Таңшолпан
Биыл Мұқағали Мақатаевтың туғанына 83 жыл толады. Ақын 1931 жылы 9 ақпанда Қарасаз ауылында дүниеге келді. Ауылда мұғалім, диктор болып еңбек етті. Өмірінің соңына дейін өлеңдер мен поэмалар жазып, өшпес мұра қалдырды.
Гаухар
Мұқағалидың азан шақырып қойған аты — Мұхамедқали. Ақын есейген шағында бұл есімнің қадір-қасиетін түсініп, құжатқа «Мұқағали» есімін жаздырған.
Алмас
Мұқағали Мақатаевты поэзияның төл басы деп атауға болады.
Аяжан
Мұқағали әулеттің тұңғышы болған. Ақынның екі інісі — Тоқтарбай мен Көрпеш. Мұқағали әжесі Тиынның қолында өскен.
Хор
«Көгершіндер» әні
3) Ақын күнделігінен үзінді
Нұрдос
«Қазынам бар, қисапсыз шектеледі. Қызғанады біреулер, жек көреді. Бермеймін де, сатпаймын, көрсетпеймін. Алам десең, алдымен зертте мені».
Осы оймен ақынның күнделігінен үзінділер оқылады.
Гаухар
9 наурыз 1973 жыл. «Шолпаным айта жүретін, Шолпанымның ұрпағы айта жүретін өлең, ертегі жазып көрейінші...»
Ернар
15 қараша 1973 жыл. «Сонымен, хош бол, Москва... Шын уайым, шын қайғы осылай болады екен-ау».
Аяжан
9 сәуір 1973 жыл. «Адам өмірінің бақыты — балалық шақ. Балалық шақ бақытсыздықпен өтсе, санасы бар пенденің бүкіл ғұмырына ақау түскені!»
4) Өлеңдерін жатқа айту
Б. Алмас
«Қарасаз, қара шалғын мекенде өстім, Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің. Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім».
Ақын өлеңдерін бүгінгі ұрпақ жатқа оқиды.
«Үш бақытым»
Ерболат
Ең бірінші бақытым — халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса — мен бармын қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Гаухар
Ал екінші бақытым — тілім менің,
Тас жүректі тілімнен түңілмедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бегзат
Бақытым бар үшінші — Отан деген,
Кім мықты? — десе біреу, Отан дер ем.
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай-ақ, кел-дағы от ал менен.
Нұрдос
Түтін түтет, өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста: жақсылық күтпегейсің,
От емес, оқ сұрасаң менен егер!
Альбина
Үш бірдей бақытым бар алақанда,
Мені мұндай бақытқа жаратар ма!
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!
«Қайран, Қарасазым-ай»
Нүргүл
Тамаша еді жазғы орман,
Құстар сайрап мәз болған.
Көлшіктерде, суларда,
Үйрек ұшып, қаз қонған.
Жәнібек
Шыбын-шіркей қаға ма,
Шоршып судан ақ шабақ.
Таз тырна отыр жағада,
Сыңар аяқ, ақ қабақ.
Санжар
Елік ертіп лағын,
Еңкейеді суатқа.
Елеңдетіп құлағын,
Тыншымайды бірақ та.
Жаным
Көкқұтандар көлбеңдеп,
Көтеріле алмайды.
Жалғыз-жалғыз ербеңдеп,
Көк қояндар зулайды.
Саян
Мұздай суын атқылап,
Ақ бастаулар қайнаған.
Тана-торпақ шапқылап,
Оқыралап, ойнаған.
Санжар
Тамаша еді жазғы орман,
Тамашалап мәз болған.
Қайран Қарасазым-ай,
Үйрек ұшып, қаз қонған.
Отан туралы
Жансая
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Алмас
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған «Отан» деп сыбырлаған.
Жаным менің, кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған.
Жансая
Отан, Отан! Бәрінен биік екен,
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен.
Әке туралы
Б. Алмас
Әке, сенің жасыңнан асып барам,
Кезі-кезі келгенде тасып та алам.
Кезі-кезі келгенде жасып қалам.
Мына өмірге бәрібір ғашық балаң.
Нүргүл
Сірә, сенің халқыңнан ғажап бар ма?!
Жыр ұсынам халқыңа — қазақтарға.
Сен көрмеген қызықты көріп жүрмін,
Құралақан емеспін азаптан да.
Едіге
Құры алақан емеспін қуаныштан,
Қуаныштар алдымда құрақ ұшқан.
Бір арыстан өмірден өткенімен,
Өмір сүріп келеді тірі арыстан.
К. Алмас
Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын,
Ол мәңгілік жанады көрмей тыным.
Ұрпағың бар — ел менен ер намысын
Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын.
«Шеше, сен бақыттысың»
Ернар
Шеше, сен бақыттысың, жыламағын,
Жай түсіп жатқанда да құламадың.
Мен едім тәңіріңнен сұрағаның,
Сондықтан жыламағын, жыламағын.
Қ. Жансая
Бармын ғой, тірімін ғой, қасыңдамын,
Өлмеймін, мен де өзіңдей асылданмын!
Таусылып өз-өзіңнен шашылмағын,
Баяғы берекеңді қашырмағын!
Альбина
Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,
Өзім кепіл тот басып тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған, бірін арнап,
«Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына.
Аяжан
Тәңірім кеше көрсін кесірімді!
Аспанға жазам, шеше, есіміңді!
Ана, сен бақыттысың, тербете бер,
Иілген құба талдан бесігімді...
Өмір туралы толғаныс
Ерболат
Пай-пай, өмір! Өтесің-ау бір күні,
Тиясың-ау қуанышты күлкіні.
Өмір деген — бір жарқ еткен найзағай,
Өмір деген — көк аспанның күркірі.
Пай-пай, өмір! Өтесің-ау бір күні!
Жаным
Болмағандай, жүрмегендей сенде біз,
Кетеміз-ау, әй, кетеміз, пендеміз.
Ұрпақтарға береміз де кезекті,
Біз кетеміз — кету үшін келгенбіз.
Жәнібек
Өмір деген — бұйым емес қолдағы,
Өмір дейтін — ұлы бекет жолдағы.
Қаның кеуіп қаталаған кезіңде,
Сусыныңды қандырсаң — бір болғаны.
«Арманда, ұлым»
Ерболат
Арманда, ұлым, арманда, ұлым!
Кім боласың, қандай өмір сүресің —
Ол өзіңнің үлесің.
Ақылымды тыңда, мейлің тыңдама,
Тілегім бар бір ғана.
Таңшолпан
Шығып алда арманыңның шыңына,
Сосын мейлі ұшып-өл де, сырғана.
Болса ақылың, біл мынаны жалғанда:
Жолай көрме арманы жоқ жандарға.
Арманда, ұлым, арманда,
Арманда, ұлым — ақтық демің қалғанша.
Хор
«Мектебім» әні
5) Сахналық көрініс: «Менің анкетам»
Нұрдос: – Туған жерің?
Алмас: – Ұланымын Қарасаз деп аталатын ауылдың.
Нұрдос: – Туған жылың?
Алмас: – 1931 жыл.
Нұрдос: – Жынысың кім?
Алмас: – Еркекпін ғой. Және де тәуірмін.
Нұрдос: – Партияда барсың ба?
Алмас: – Жоқпын.
Нұрдос: – Шыққан тегің?
Алмас: – Шаруамын.
Нұрдос: – Білімің ше?
Алмас: – Орташа ғой.
Нұрдос: – Ана тілің?
Алмас: – Қазақша.
Нұрдос: – Мекенжайың?
Алмас: – Мекенжайым — жер менің. Мен өмірді жырлау үшін келгенмін.
Музыкалық номер
«Арыз жазып кетейін» — орындаушылар: Алмас, Саян, Ернар, Едіге
6) Ақынға арналған бұрышпен таныстыру, сұрақ-жауап
Таныстырылым мазмұны
- М. Мақатаевтың портреті
- Отбасымен, туыстарымен түскен фотосуреттер
- Ақындар мен замандастарының лебіздері
Сұрақ-жауап
- Мұқағали ата кім?
- Ол кісі биыл неше жасқа толар еді?
Өлең оқу
«Есіңе мені алғайсың» — Таңшолпан, Альбина
Көрініс: «Бесік басында»
Аяжан
Ұқсайды бар тыныштық жер бетіне,
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.
Ояту былай тұрсын рұқсат жоқ,
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге.
Ұйықта, ұлым, ұйықта, бөпем, қасыңдамын,
Керек емес, дүние, асылдарың!
Бақыт, байлық — барлығы менің үшін,
Сенің бір кеп мойныма асылғаның.
Санжар
«Өлеңдерім жай болып атылғанда,
Атылғанда, аспаннан оқылғанда,
Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп,
Жанар пайда болады соқырларға» —
деген жолдар ақын жырының құдіретіне еріксіз бас идіреді.
Өз ұлтын, туған тілін айрықша құрметтеген ақын — әр қазақ баласының мақтанышы.
Таңшолпан
Мұқағали — әрбір қазақ баласының мақтанышы. Оқушы мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап-ақ Мұқағали есімімен танысады, оның шығармашылығының дәмін татады.
Жансая
Бар кітапқа бас болған,
Әліппе — ғылым анасы.
Әліппеден басталған,
Даналықтың данасы.
Хормен
Мектебің мынау, класың —
Осында он жыл тұрасың.
Тарыдай болып кіресің,
Таудай болып шығасың.
Ән
«Құттықтаймын, мама, туған күніңмен!» — Аяжан, Жансая
Аяжан
Мұқағали есімі әр оқырманның жадында мәңгі сақталады. Осы сәтте Абай атамыздың мына бір өлең жолдары ойға оралады:
Көп адам өмірге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған.
7) Қорытынды
Тәрбие сағатының соңында ұстаздарға және ата-аналарға сөз беріледі. Оқушылардың көркем оқу мәнері мен шығармашылық белсенділігі бағаланып, ақын мұрасын құрметтеу — ұрпақ парызы екені қорытындыланады.