Оқушыларды ана тілімізді құрметтеуге тәрбиелеу

Талқыланатын тақырыптар

Кіріспе: «Тіл — тіршілік тынысы». Тіл — халықтың жаны мен сәні. Адамды мұратқа жеткізетін құндылықтың бірі — ана тілі және ата дәстүрі. Сондықтан тілге көрсетілген құрметтің бәрі орынды.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл — қазақ тілі, оны білу — әрбір азаматтың міндеті. Бүгінде мемлекеттік тілді меңгеру елімізде өмір сүрудің маңызды шарттарының біріне айналды.

Қазақ тілі — әлеуметтік, рухани-адамгершілік және эстетикалық тәрбиенің қайнар көзі. Баланың мүмкіндігі дамыған сайын қазақ тілін оқыту мен тәлім-тәрбие берудегі рөл де арта түседі. Өзге ұлт өкілдерінің балаларын қазақ тілінде тек механикалық қайталау арқылы емес, белсенді сөйлету арқылы үйрету тиімді.

Негізгі ой

Тілді сақтау — ұлтты сақтау. Тілді дамыту — болашақты бекемдеу.

Үштілділік

Қазақ тілі — рухани өзек, орыс және ағылшын тілдері — мүмкіндікті кеңейтетін білім көпірі.

I бөлім. Ойын: «Кім табады?»

Қоржын ішіндегі сұрақтарға жауап беру арқылы тіл туралы білім бекітіледі.

Сұрақтар

  1. Қазақ тілі қандай тіл? Халықаралық тілдер қандай?
  2. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін қашан алды?
  3. «Тіл туралы» заң қашан қабылданды?
  4. «Тіл туралы» заң неше тараудан тұрады?
  5. Қазақ әліпбиі қандай негізде құрылған?
  6. Қазақ тілінде неше дауысты дыбыс бар? Орыс тілінде ше?
  7. Қазақ тілінде неше дауыссыз дыбыс бар? Орыс тілінде ше?
  8. Қазақ тілінде неше жуан дауысты дыбыс бар?
  9. Қазақ тілінде неше жіңішке дауысты дыбыс бар?
  10. Қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстар нешеге бөлінеді?

II бөлім. Әдеби монтаж

Оқушылар ана тілі туралы өлең жолдарын мәнерлеп оқып, тілдің қадірін көркем сөз арқылы жеткізеді.

Қарақат
Әрбір тілде сөйле әлемді таң қылып,
Ана тілін білмей өскен — әңгүдік.
Өсер балаң, байтақ дала тұрғанда,
Қазақ тілі жасай берсін мәңгілік!
Нұртас
Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
Анеля
Қазақ осы — өнер алды тіл дейтін.
Қазақ осы — қарасың ба, ақсың ба, қоңырсың ба,
Жатырқауды білмейтін.
Қазақ осы — ашық-жарқын қабағы,
Қонақ келсе, шабылып бір қалады.
Алинұр
Сүйемін туған тілім — анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Жансая
Туған тілім — тіршілігімнің айғағы,
Тілім барда айтылады ойдағы.
Өссе тілім — мен де бірге өсемін,
Өлсе тілім — мен де бірге өлемін.
Мейрлан
Туған тілім — бабам тілі — өз тілім!
Туған тілім — анам тілі — өз тілім!
Туған тілім — далам тілі — өз тілім!
Туған тілім — адам тілі — өз тілім!

Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер,
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар!
Айгерім
Бір ауыз сөз үйреніпсің бүгін де,
Сөйлеп тұрсың менің ана тілімде.
Қазақ болып туғаннан соң, бөбегім,
Қазақ болып өлген жақсы түбінде!
Айғаным
Қазақ тілі! Ол — менің ана тілім!
Қазақ тілі — байсалды баба тілім!
Сол байлықтан аз емес алатыным.
Ерсұлтан
Қуан, далам, қуанатын күн бүгін,
Серпіп таста мұңды жүрек түндігін.
Тіл туралы заңым енді күшіне —
Паш еткендей кескен дала кіндігін.

Қазақ тілі — борандатқан дауыл күй,
Қазақ тілі — өлең-жыр мен ән мен күй.
Байқасаңдар, қазақ тілі осындай:
Аққан судай, ескен желдей табиғи.

Полиглот ойыны

Қазақша, орысша, ағылшынша сұрақтар қойылады. Кім көп сұраққа дұрыс жауап берсе, сол оқушы «Полиглот» атанады.

Аламан бәйге (үлгі сұрақ-жауап)

  1. Қазақ хрестоматиясының авторы: Ы. Алтынсарин
  2. Autumn: күз
  3. «Путь Абая» романы-эпопеясының авторы: М. Әуезов
  4. «Екінші» ағылшынша: second
  5. «Кому? Чему?» сұрақтары қай септікке тән? дательный
  6. Қазақ әліпбиінде неше әріп бар? 42
  7. «Царевна-лягушка»: халық ертегісі
  8. А. Құнанбаев кімнің мысалдарын аударған? Крылов
  9. Орыс әліпбиінде неше әріп бар? 33
  10. Қазақ тілінде неше септік бар? 7

Сергіту сәті

Қолды белге қояйық, Басты оңға бұрайық, Басты солға бұрайық, Бір отырып, бір тұрып, Бір отырып, бір тұрып, Біз демалып алайық!

Тапсырма: «Жеті жұрттың тілін біл»

Мақал ішіндегі белгілі бір сөзді үш тілде айту: қазақша — орысша — ағылшынша.

1) Тіл тәтті, бауыр қатты

тіл — язык — language

2) Егер тілім ертең болса құрымақ…

ертең — завтра — tomorrow

3) Ақылдың көркі — тіл, тілдің көркі — сөз

сөз — слова — word

4) Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе

оқы — читай — read

5) Ана тілің — арың бұл…

бет — лицо — face

6) Алтын күн бағасыз бір белгі боп…

күн — солнце — day

7) Туған тіліне жаны ашымаған адам…

адам — человек — person

8) Ана тілін сүймеген, халқын сүйіп жарытпас

халық — народ — people

9) Шебердің қолы ортақ…

қол — рука — hand

10) Ақыл көркі — көңіл, тілдің көркі — сөз

ақыл — ум — mind

III бөлім. «Жалғасын тап»

Мұғалім бастап айтқан мақалдарды оқушылар жалғастырып аяқтайды.

Мақалдар

  1. Арқанның ұзыны, тілдің қысқасы жақсы.
  2. Ең тәтті де — тіл, ең ащы да — тіл.
  3. Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі.
  4. Жақсы жолдас жанға серік, жаман жолдас малға серік.
  5. Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады.
  6. Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ.
  7. Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді.
  8. Оқу — білім бұлағы, білім — өмір шырағы.
  9. Білім қымбат, білу қиын.
  10. Білім таппай мақтанба, өнер таппай баптанба.

Ойындар мен шығармашылық тапсырмалар

«Асық шашар»

Бес оқушы ортаға шығады. Кімге асық жетпесе, сол оқушы мақал-мәтел, жұмбақ немесе өлең айтады.

Жұмбақтар

  1. Ой маржанын тере білген,
    Әр жазушының, әр ақынның.
    Әр сөзімді еміп өскен —
    Ана сүті… ана тілім.
  2. Сөзі дана, үні жоқ,
    Сөйлемейді — тілі жоқ.
    Қолыңа алсаң — шешен,
    Ақылы асқан көсем. Кітап
  3. Тіл — ырысың, өрісің де,
    Тіл — көктегі ғажап күнің де.
    Ғажап күнсің мен үшін де —
    Бабам тілі… қазақ тілі.

Ән: «Ана тілім»

Анамның тілі — айбыным менің, Қазақтың тілі — айбыным менің. Сүйемін байтақ елімді туған, Сүйемін мәңгі өмірді думан.

Қосымша: М. Шахановтың «Төрт ана» өлеңі талқылауға ұсынылады.

Рефлексия және қорытынды

Не білдік?

Тілдің ұлт болашағындағы орнын, мемлекеттік тілдің маңызын.

Не үйрендік?

Мақал-мәтелді қолдану, көптілді тапсырмалар арқылы ойды нақты жеткізу.

Нені білгіміз келеді?

Тілді дамыту жолдарын, көптілділік дағдыларын күнделікті өмірде қолдануды.

Еліміз жаңа ғасырдың табалдырығын абыройлы көрсеткіштермен аттап, дамыған елдердің қатарына ұмтылған сайын, білім беру жүйесі де әлемдік талаптарға сай болуы тиіс. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» деген ой бүгін бұрынғыдан да маңызды.

Тіл — танудың, түсінудің, дамудың басты құралы. Ал үш тілді меңгеру мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын кеңейтуге, тұлғааралық және мәдениаралық қарым-қатынасты күшейтуге мүмкіндік береді. Қазақстанның әлем елдерімен байланысы артып отырған бүгінгі күні көп тіл білетін жас ұрпақ тәрбиелеу — уақыт талабы.

Қорытынды ән (хор)

«Әрқашан күн сөнбесін!»