Мынау бірінші қабат

Сабақ тақырыбы: «Мектеп» (сурет бойынша әңгіме құрау)

Бұл сабақта оқушылар сурет бойынша сұрақтарға жауап беріп, өз ойларын жүйелі жеткізуге үйренеді. Сонымен қатар мектептің сыртқы көрінісімен, ауласымен және ішкі құрылымымен танысып, мектепте қызмет ететін мамандар туралы түсінік қалыптастырады.

Мақсаты

  • Сурет бойынша сұрақ-жауап арқылы балалардың сөйлеу дағдысын дамыту.
  • Мектеп ғимараты, ауласы және ішкі бөлімдерімен таныстыру.
  • Мектеп қызметкерлері мен олардың міндеттері туралы түсінік беру.

Көрнекіліктер және әдістер

Көрнекіліктер

Суреттер.

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап, түсіндіру, көрсету, әңгімелеу.

Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім мен оқушы диалогы

Мұғалім: Сәлеметсіңдер ме, балалар?

Оқушылар: Сәлеметпіз.

Мұғалім: Қазір бізде көркем әдебиет сабағы. Сабаққа қажетті құрал-жабдықтарды дайындап, ережеге сай отырамыз.

Психологиялық сәт (өлең)

Күнде ерте тұрамын,

Ерте тұру — ұраным.

Тапсырмамды орындап,

Мектепке бет бұрамын.

Елден бұрын сіміріп,

Күннің аппақ шуағын.

Мектепке серуен: қабаттар бойынша танысу

Серуен барысында балалар мектептің ішкі құрылымын көріп, әр бөлменің қызметін түсінеді. Төменде қабаттар бойынша қысқаша таныстыру үлгісі берілген.

1-қабат

Күнделікті қызмет аймағы
  • Асхана
  • Тіс дәрігері кабинеті
  • Медицина кабинеті
  • Спорт зал
  • Киім ілгіш
  • Дене шынықтыру мұғалімдерінің кабинеті

Кіреберіс

Кіреберісте күзетші мен қараушы отырады. Сондай-ақ мұнда Қазақстан Республикасының туы және елтаңбасы орналасқан.

2-қабат

Басқару және оқу ресурстары

Кабинеттер

  • Директор кабинеті (іс қағаздарын жүргізуші жұмыс істейді)
  • Физика
  • Компьютер кабинеті
  • География
  • Өзін-өзі тану

Кітапхана

Кітапханада көптеген кітаптар бар. Оны көбіне жоғары сынып оқушылары оқып, пайдаланады.

Қаржы және қолдау қызметі

Бұл қабатта бухгалтерлер отырады: олар мұғалімдердің жалақысын және оқушылардың тамақтануына бөлінетін қаржыны есептейді. Сондай-ақ аудармашы мен әлеуметтік педагогтың кабинеттері бар.

3-қабат

Бастауыш және оқу ісі
  • Біздің кабинет
  • 1–4 сынып кабинеттері
  • Химия кабинеті
  • Оқу ісі жөніндегі директор орынбасарларының кабинеттері

4-қабат

Жоғары сыныптар
  • Психолог кабинеті
  • Биология
  • Тарих
  • Орыс тілі
  • Алғашқы әскери дайындық
  • Тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасарларының кабинеттері

Мектепте жұмыс істейтін мамандар

Мектеп — тек оқу орны емес, көптеген маман бірлесе қызмет ететін үлкен орта. Мұнда:

  • пән мұғалімдері
  • директор және орынбасарлары
  • бастауыш және даярлық сынып жетекшілері
  • аспаздар
  • дәрігерлер
  • бухгалтерлер
  • аудармашы
  • әлеуметтік педагог
  • тазалықшы
  • электрик

Дидактикалық ойын: «Қай зат жоқ?»

Ойын мақсаты

Оқушылардың есте сақтау қабілетін дамыту.

Ойын шарты

  1. 1 Үстел үстіне мектепке қажетті әртүрлі заттар қойылады.
  2. 2 Оқушылар заттарды мұқият қарап шығады.
  3. 3 Оқушылар көзін жұмған кезде мұғалім бір затты жасырады немесе орнын ауыстырады.
  4. 4 Оқушылар көзін ашқан соң қандай өзгеріс болғанын табуы керек.

Мысал әңгіме: «Парта»

Бір сыныпта он бес парта тұратын. Артқы парталардың жай-күйі мәз емес еді: бет-жүзі шимайланған, қозғала кетсе қиқылдап-сиқылдап қоятын.

Бір күні алдыңғы парта олардың бұл түріне мүсіркей қарап: «Өздеріңді күте білмейсіңдер», — деп кейіді. — «Міне, мені қараңдаршы! Қай жерімде мін бар?!»

Арттағылар шулап қоя берді: «Қайтейік енді! Бізде отырғандардың бәрі шетінен тәртіпсіз».

Алдыңғы парта үнсіз қалды. Оның құпиясы мынада еді: ол мұғалімнің үстелімен көрші тұратын.

Сұрақ-жауап

  • Мысал әңгімеден не түсіндік?
  • Мектеп заттарын қалай ұстау керек?

Қорытындылау

Сабақ соңында балалар мектеп ауласын бақылап, алған әсерін сұрақтарға жауап беру арқылы бекітеді.

Талқылау сұрақтары

  • Мектеп ауласы сендерге ұнап тұр ма?
  • Мектеп неше қабатты?
  • Мектепте оқығыларың келе ме?
  • Осы мектепте сендер он бір жыл оқисыңдар.

Назар аударатын тұстар

  • Мектеп тәртібінің ерекше екенін түсіндіру.
  • Мектептің айналасын бақылау.
  • Алаңда қимылды ойын ойнату.