Тиін орманда тіршілік ететін кішкентай ғана жануар
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы
Бәйшешек тобы • Білім беру саласы: Коммуникация • Тарауы: Сөйлеуді дамыту
Тақырыбы
Жабайы аңдар тіршілігі
Мақсаты мен міндеттері
Мақсаты
Балаларға жабайы аңдардың тіршілігі туралы түсінік беру.
Білімділік
Жабайы аңдарды бір-бірінен ажырата білуге және олардың атауларын дұрыс айтуға үйрету.
Дамытушылық
- Балалардың ойлау қабілетін арттыру, тілін дамыту.
- Қызықты ойындар арқылы эмоциялық сезімдерін дамыту.
- Әр аңның және оның төлі атауларын дұрыс айтуға жаттықтыру.
- Тіршілік ететін ортасы туралы түсініктерін бекіту.
Тәрбиелік
Балалардың аңдарға сүйіспеншілік сезімін арттыру, қамқорлықпен қарауға, табиғатты аялауға, адамгершілікке тәрбиелеу.
Пәнаралық байланыс
Қоршаған ортамен таныстыру, көркем әдебиет, математика.
Сөздік жұмыс
Билингвальды компонент
- Аю
- медведь
- Қоян
- заяц
- Қасқыр
- волк
- Түлкі
- лиса
- Арыстан
- лев
Шаттық шеңбері
Мынау менің – жүрегім
Барлығы осыдан басталған
Мынау менің – басым
Бәрін осы басқарған
Мынау менің оң қолым
Мынау менің сол қолым
Барлық істі атқарған
Балалар қимыл-қозғалыспен көрсетіп, өлеңді бірге қайталайды.
Ұйымдастыру-ізденушілік кезеңі
Сабақ барысы (сұрақ-жауап)
Тәрбиеші:
- Қазір жылдың қай мезгілі?
- Қыс мезгілінде неше ай бар? (Желтоқсан, қаңтар, ақпан.)
- Сендерге қыс ұнай ма? Қыс несімен ұнайды?
- Қандай жабайы жануарларды білесіңдер?
- Неліктен оларды «жабайы жануарлар» деп атаймыз?
- Бұл аңдар қайда мекендейді?
Балалардың ықтимал жауаптары:
- Қазір қыс мезгілі.
- Қыс үш айдан тұрады.
- Қыста боран соғады, аяз болады; қар ойнаймыз.
- Аю, қасқыр, түлкі, тиін, кірпі.
- Орманда өмір сүреді, қорегін өздері табады, панасын өздері іздейді.
- Орманда мекендейді.
Қыс түскенде көптеген жануарлар ініне тығылады. Аюдың апаны қыста жылуды жақсы сақтайды. Ал қоян, қасқыр, түлкі сияқты аңдардың жұқа жүні түсіп, орнына қалың жүн өседі.
Топқа бөлу және ойын ережесі
Топтарға бөлу
Балалар үстел үстіндегі геометриялық пішіндердің бірін таңдайды:
- Төртбұрыш алғандар — Ойыншылар.
- Дөңгелек алғандар — Көмекшілер.
Ойын шарты
Ойын 8 тапсырмадан тұрады. Әр тапсырмада белсенді қатысып, дұрыс жауап беруге тырысамыз.
1-тапсырма: Жабайы аңдарды сипаттау
Аю
Аю — ақылды, жыртқыш аң. Көбіне адамға өздігінен тиіспейді. Аюдың екі түрі бар: ақ аю және сұр (қоңыр) аю. Ақ аю салқын аймақтарда, су маңында мекендейді. Сұр аю орманда тіршілік етеді, жазда жеміс-жидек тереді. Күзде май жинап, қыста апанда ұйқыға кетеді. Аюдың қыста ұйықтауы тоңғаннан емес, қорегі азайғандықтан болады.
Сұрақ:
Аю туралы қандай ертегі білесің?
Түлкі
Түлкі — айлакер, ақылды жыртқыш аң. Терісі бағалы, одан тымақ тігеді (түлкі тымақ). Түлкі қыста ұйықтамайды: жортып жүріп, азығын өзі табады. Тістері өткір, көзі қырағы, иіс сезуі өте жақсы. Кейде жүрген ізін құйрығымен білдіртпей сүртіп кетеді дейді. Түлкі інде тұрады және орманда мекендейді.
Сұрақ:
Түлкі қандай ертегілерде кездеседі?
Тиін
Тиін — орманда тіршілік ететін шағын жануар. Ол ағаш қуыстарында ұялайды. Жаз бойы жаңғақ, саңырауқұлақ жинап, қыста сол қорымен қоректенеді. Тиін қыста ұйықтамайды. Кейде оның бірнеше ұясы болады: әр ұяға әртүрлі қор жинап қояды.
Қоян
Қоян — үркек аң, орманда мекендейді. Жауы көп болғандықтан, күзде түлеп, сұр жүні түсіп, орнына ақ жүн өседі. Қыста аппақ, үлпілдек «тон» киіп, суықтан қорғанады және қардың үстінде байқалуы қиындайды. Қоян қыста азық жинамайды, тұрақты үйшік те дайындамайды.
Сұрақ:
Қоян нені жақсы көреді?
Арыстан
Арыстан — ірі, күшті, айбарлы аң. Жүні қалың әрі әдемі, тістері мен тырнақтары өткір, жылдам жүгіреді. Жемтігін жеңгенде ақырып, айбат шегетіндіктен, оны «аңдардың патшасы» деп атайды. Арыстан орманда емес, ыстық елдерде мекендейді.
Сұрақ:
Ертегілерде арыстанды қалай атайды?
Қасқыр
Қасқыр — жыртқыш аң. Тістері өткір, көзі қырағы, иіс сезуі жақсы. Қыста ұйықтамайды: жортып жүріп, азығын өзі табады. Орманда үңгірді паналайды.
2-тапсырма: Жұмбақтар
Ережесі
«Қандай жұмбақ болса да, шешпей оны қоймаймыз».
- 1. Тұмсығы ұзын аң? — Піл
- 2. Баласын қалтасына салып жүретін аң? — Кенгуру
- 3. Арадан қорқатын аң? — Аю
- 4. Ең ұзын мойын... — Керік
- 5. Ыстық елде мекендейтін аң? — Арыстан
- 6. Мысыққа ұқсайтын аң... — Жолбарыс
- 7. Сүйкімді аң не? — Тиін
Қорытынды: Орманда тіршілік етіп, өз қорегін өзі тауып жейтін жануарларды жабайы аңдар дейміз. Жүндері қалың болғандықтан қыста тоңбайды.
Осы аңдардың ішінде орманда мекендемейтін бір аң бар — арыстан. Ол ыстық елде тіршілік етеді.
3-тапсырма: Төлдерін ата
- Қасқыр — бөлтірік
- Аю — қонжық
- Түлкі — мыршай
- Қоян — көжек
- Арыстан — абдан
- Жолбарыс — шөнжік
- Тиін — тиін
- Кірпі — кірпі
Сергіту сәті
Ұзын құлақ сұр қоян
Естіп қалып сыбдырды.
Ойлы-қырлы жерлермен
Ытқып-ытқып жүгірді.
Қарап еді артына,
Қиығын сап көзінің,
Келе жатқан томпаңдап
Көжегі екен өзінің.
4-тапсырма: Жабайы аңдар туралы тақпақтар
Кәрі еменнің түбіне,
Бір-біріне үңіле,
Айтысуға жиналды
Жан-жануар біріге.
Ұлан
Түлкі айтты: «Түлкімін,
Тұнып тұрған күлкімін.
Бұлаң-бұлаң құйрығым,
Текке өтпейді бір күнім».
Асан
«Әй, түлкіжан, мақтанба,
Сиқырланып ақталма.
Күшіңді сенің көрейін,
Қасекең келе жатқанда».
Саян
«Қорқынышты атағым,
Қалың қопа жатағым.
Қой қораға түсетін
Бар ғой аздап шатағым».
Ғалым
«Балпаң-балпаң басамын,
Алтын қырдан асамын.
Аю деген ағаңмын,
Аңшы көрсем қашамын».
Әмина
«Мен кірпімін, кірпімін,
Көрінбей тұр кірпігім.
Балаларға ұнайды
Жүретінім түртіліп».
Сезім
«Қайшы құлақ қоянмын,
Ақшыл түске боялдым.
Сытыр еткен бұтақтан
Елең етіп ояндым».
Жансұлу
«Жолбарыспын жыртқышпын,
Бәрінен де мықтымын.
Ормандардағы аңдардың
Жайратып салар күштімін».
Балауса
«Мен — мықты арыстан,
Аңдардың патшасы.
Жауыммен алысқан —
Күл болған қаңқасы».
Балауса
«Бір көргенді білгін:
Мен алып пілмін.
Аспаймын, саспаймын,
Жамандыққа баспаймын».
Мансұр
«Мен тиінмін, тиінмін,
Аңды көрсем бекінем.
Талдан-талға секірем».
Жанерке
«Табиғаттың баласы —
Болмас ағы, қарасы.
Тыңдап тұрсақ бәрінің
Әңгімесі жарасты».
5-тапсырма: Аңдардың қалауын табамыз
Шарты: Әр аңға сүйікті азығын тауып беріңдер.
Аю
Бал
Қасқыр
Ет
Қоян
Сәбіз
Тиін
Жаңғақ
6-тапсырма: Буынұйқас жаттығуы
ЯН–ЯН–ЯН
Ұзын құлақ қоян
Ю–Ю–Ю
Аңқау аю
ҚЫР–ҚЫР–ҚЫР
Көкжал қасқыр
КІ–КІ–КІ
Қу түлкі
ТАН–ТАН–ТАН
Бұл мықты арыстан
7-тапсырма: Пазл құрастыру
Мақсаты
Қима суреттерді құрастыру арқылы аңның сұлбасын шығару. Балалардың ой-өрісін және танымдық қабілетін дамыту.
8-тапсырма: Мнемокесте арқылы тақпақ жаттау
Мнемокестені пайдаланып, өлең жолдарын ретімен еске түсіріп, жатқа айтуға жаттығу.
Қорытынды
Сабақ барысында балалар жабайы аңдарды танып, сипаттап, олардың мекені мен қыстағы тіршілігі туралы түсінігін кеңейтеді. Ойын, жұмбақ, тақпақ, пазл және мнемокесте арқылы сөйлеу дағдылары нығайып, тіл байлығы артады.