Қан құрамы

Ақтөбе медицина колледжі • Жалпы кәсіби пәндер ЦӘК

Қалауова Айгүл Кеңесбайқызы — «Қалыпты анатомия» және «Физиология» пәндерінің оқытушысы

Пәндерден тыс ашық сайыс сабақ: «Анатомия және физиология әлеміне саяхат». Бұл формат студенттердің білімін жүйелеуге, тәжірибелік дағдысын шыңдауға және пәнге қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Сайыстың мақсаты мен міндеттері

Қалыпты анатомия мен физиология — организмнің құрылысы мен қызметін зерттейтін медицина ғылымдарының негізін қалайтын пәндер. Бұл пәндерді сапалы меңгеру студенттің кәсіби маман ретінде қалыптасуына тікелей ықпал етеді.

Негізгі оқу нәтижелері

  • Адам организмінің құрылысын, маңызын және қызметін түсіндіру.
  • Жүйелердің орналасуын, латынша атауларын және қалыпты физиологиялық көрсеткіштерін білу.
  • Сайыс барысында қызығушылық пен оқу мотивациясын арттыру.

Білімділік

Студенттердің қалыпты анатомия және физиология бойынша білімін қорытындылап, бағалау.

Дамытушылық

Ұйымдастырушылық қабілетті, ой-өрісті және тәжірибелік дағдыларды нығайту.

Тәжірибелік

Жаңа технологияларды қолдана отырып, танымдық белсенділікті арттыру.

Пәнаралық және пәнішілік байланыс

Пәнішілік байланыс

  • Тіндер
  • Ішкі мүшелер туралы ілім

Пәнаралық байланыс

Патологиялық анатомия

  • Жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары
  • Ас қорыту ағзаларының аурулары
  • Тыныс алу ағзаларының аурулары

Патологиялық физиология

  • Жүрек-қантамыр жүйесінің патофизиологиясы
  • Ас қорыту ағзаларының патофизиологиясы
  • Тыныс алу ағзаларының патофизиологиясы

Қолданылған әдебиеттер

  • А. Қ. Сәтпаева

    Адам физиологиясы

  • С. А. Георгиева

    Физиология

  • Г. И. Косицкий

    Руководство к практическим занятиям по физиологии

  • А. Рақышев

    Адам анатомиясы

  • Ж. К. Ермахан

    Тәнтану

  • М. Дайырбекова

    Адам анатомиясы

Сабақтың хронокартасы

Әр кезең нақты уақытпен жоспарланып, бағалау парағы арқылы белгіленеді.

Кезең Атауы Уақыты
I Ұйымдастыру кезеңі 3 мин
II Таныстыру 5 мин
III Көз жұмбақ 5 мин
IV Алтын сандық 7 мин
V Бәйге (топ басшыларының пікірсайысы) 5 мин
VI Тәжірибеңді таныт! 15 мин
VII Үнсіз суреттер 5 мин
VIII Көрермендер үлесі 5 мин
IX Үй тапсырмасы 10 мин
X Сайысты қорытындылау 5 мин

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқытушылар аудиторияның сайысқа дайындығын тексереді.
  • Сайыстың маңызын атап өтіп, ережесі мен өту барысын түсіндіреді.
  • Қатысатын топшаларды таныстырады, бағалау парағы арқылы бақылау жүргізіледі.

II. Таныстыру (2 балл)

Әр топша өзін таныстырып, эмблемасын және ұранын айтады.

  • I топша — Systema
  • II топша — Жүрек пернелері

III. Көз жұмбақ

Әр топшадан екі студент шығады: бір қатысушының көзі байланады. Көзі байланған студент сүйек не муляжды ұстап анықтайды, ал жанындағы қорғаушысы заттың атауын, қысқаша құрылысын және латынша атауын айтуы тиіс.

IV. Алтын сандық

Топша оқушылары жалауды көтеріп, алғашқы болып ойын бастауға ұмтылады. Экрандағы сандықшалардың біреуі таңдалып, сұраққа жауап беріледі. Егер ойыншы жауап бере алмаса, келесі көтерген топша жауап береді. Сандықша саны өскен сайын сұрақтар күрделеніп, ұпай саны артады.

«Алтын сандық» сұрақтары мен жауаптары

Сұрақ №1

15 балл
  1. Ми сауытының құрамына не кіреді?
  2. Жүрекше мен қарынша арасындағы қақпақшалардың маңызы қандай?

Жауабы

  1. Тақ шүйде, жұп шеке, сына тәрізді, маңдай және торлы сүйектер, жұп самай сүйектер.
  2. Оң жақта — үш жармалы, сол жақта — қос жармалы қақпақша; қанның кері ағуын болдырмайды.

Сұрақ №2

5 балл

Сүйектердің құрылысы (түрлері)?

Жауабы

Жілік, кемік, жалпақ, аралас.

Сұрақ №3

5 балл

Жүрек бөлімдерін және латынша атауын атаңыз.

Жауабы

Cor: оң жақ жүрекше, сол жақ жүрекше, оң жақ қарынша, сол жақ қарынша.

Сұрақ №4

10 балл
  1. Экстрасистола деген не?
  2. Алғашқы және соңғы несептің айырмашылығы қандай?

Жауабы

  1. Жүректің кезектен тыс жиырылуы.
  2. Алғашқы несеп көлемі 150–180 л, соңғы несеп көлемі 1,5–2 л. Соңғы несепте қант, аминқышқылдары, альбумин болмайды; бірақ белок алмасуы өнімдері көп болады. Сондай-ақ соңғы несеп құрамында гиппур қышқылы және аммоний тұздары кездеседі.

Сұрақ №5

15 балл
  1. Қан құрамы қандай?
  2. Өкпе қандай қанмен қамтамасыз етіледі?

Жауабы

  1. Плазма және қан жасушалары: эритроцит, лейкоцит, тромбоцит.
  2. Екі көзден қамтамасыз етіледі:
    • Кіші қан айналым тамырлары — тыныс алуды қамтамасыз етеді.
    • Өкпе тінінің қоректенуі — аортадан тарайтын бронхиальды артериялар арқылы.

Сұрақ №6

5 балл

Бүйрек қандай қызмет атқарады?

Жауабы

Организмдегі су мөлшерін реттейді, тұздар мен қышқыл-сілті тепе-теңдігін қалыпты ұстайды; қанды сүзеді және қажетсіз заттарды несеп арқылы шығарады.

Сұрақ №7

10 балл
  1. Екі өкпенің айырмашылығы қандай?
  2. Тахикардия және брадикардия дегеніміз не?

Жауабы

  1. Оң өкпе сол өкпеге қарағанда көлемдірек, біршама қысқа әрі кең. Бұл көкеттің оң күмбезінің жоғары тұруына және жүректің солға ығыса орналасуына байланысты.
  2. Жүрек қалыптыда минутына шамамен 65–80 рет соғады. Жүрек соғуы сиресе — брадикардия, жиілесе — тахикардия.

Сұрақ №8

5 балл

Тыныс алудың кезеңдерін атаңыз.

Жауабы

  1. Сыртқы тыныс алу — ауаның өкпеге енуі және атмосфераға қайта шығуы.
  2. Өкпе көпіршігі (альвеола) мен қан арасындағы газ алмасу.
  3. Газдардың қан ағынымен өкпеден тіндерге және кері тасымалдануы.
  4. Қан мен тін арасындағы газ алмасу.
  5. Ішкі тыныс алу — жасушада органикалық заттардың тотығуы.

Сұрақ №9

5 балл

Ас қорыту ағзаларын атаңыз.

Жауабы

Ауыз қуысы, жұтқыншақ, өңеш, асқазан, ащы ішек, тоқ ішек, тік ішек; сондай-ақ жақ асты, тіл асты, шықшыт бездері, бауыр, ұйқы безі.

V. Бәйге — топ басшыларының пікірсайысы

Ортаға мәселе тасталады: топ басшылары өз ойын дәлелмен қорғайды.

Тақырып

«Қай жерің ауырса да, салмақ жүрекке түседі». Неге?

VI. Тәжірибеңді таныт!

Бұл кезеңде студенттердің ептілігі, шапшаңдығы және практикалық дағдылары бағаланады.

  • Тыныштықта және жүктемеден кейін артериялық қан қысымын өлшеу.
  • Тыныштықта және жүктемеден кейін тамыр соғысын өлшеу.
  • Аускультация.
  • Торакометрия.
  • ЭКГ түсіру және талқылау.

VII. Үнсіз суреттер

Экраннан алдын ала дайындалған суреттер көрсетіледі. Әр топша суреттелген ағзаны ылғалды препараттан тауып, көрсетеді.

VIII. Көрермендер үлесі

Көрермендер алдын ала берілген есептерді шығарады. Дұрыс жауап берген жанкүйерлер 1–5 балл аралығындағы ұпайды қалаған топшаға қосады.

Көрермендерге арналған есептер (жауаптарымен)

Есеп 1

Қара жұмыс істеген кезде дене бұлшықеттеріне күш түсіп, қажет қан мөлшері артады. Соған байланысты жүрек соғуы жиілеп, жиырылу күші артады — яғни жүрек қызметі күшейеді. Бұл қандай реттелу?

Жауабы

Жүрек қызметін ОЖЖ және қандағы биологиялық белсенді химиялық заттар (гуморальдық факторлар) реттейді. Орталықтың қатысуымен рефлекстік және қан арқылы реттелуі — экстракардиальды (жүректен тыс) реттелу.

Есеп 2

Анасы резус-теріс, әкесі резус-оң болса, бала қандай резус-фактормен тууы мүмкін?

Жауабы

Бала резус-оң болып тууы мүмкін. Бұл жағдайда ана организмінде анти-резус агглютининдер түзілуі ықтимал.

IX. Үй тапсырмасы

Студенттер үйден қысқа видеофильм дайындап келеді; өзара сұрақ қойып, жауап береді.

X. Сайысты қорытындылау

Әділқазылар сайыстың өту барысын және топтардың дайындығын бағалап, қорытынды жасайды. Белсенді қатысқан студенттер атап өтіліп, марапатталады.

Қатысушыға арналған қысқа кері байланыс (тест)

Әр сұрақ бойынша бір нұсқаны белгілеңіз.

1

Сабақта мен жұмыс жасадым:

белсенді / енжар

2

Өз жетістігіме:

қанағаттанамын / қанағаттанбаймын

3

Сабақ мен үшін:

қысқа / ұзақ

4

Сабақ кезінде:

шаршамадым / шаршадым

5

Көңіл күйім:

көтерілді / түсті

6

Қамтылған сұрақтар:

түсінікті/түсініксіз • пайдалы/пайдасыз • қызықты/қызықсыз

Құрастырған

Қалауова А. К.