Қымбатты мектеп бітіруші жас түлектер

Соңғы қоңырау салтанатты жиынының сценарийі

Өтетін күні
25 мамыр, 2018 жыл
Өтетін уақыты
10:00
Өтетін орны
Мектеп алаңы
Жүргізушілер
I — Набиханова А • II — Әжібаева Г
Музыка ойнайды

Салтанатты ашылу

I жүргізуші

Тарихы терең қазақ деген көне елде,
Ел белгі — ерлік, өрлік, өнерде.
Жаһандағы ең жауынгер халықта,
Кім сенеді ту болмады дегенге?!

II жүргізуші

Мазмұнына өрнегі жарасқан тәуелсіздіктің қасиетті Туы мәңгі желбіресін! ҚР Мемлекеттік туын көтеру құрметі мектеп бітіруші түлектер мен үлгілі оқушыларға тапсырылады.

I жүргізуші: Мектеп қой еліміздің қаны, жаны, мектептен басталады бәрі-бәрі. Бүгінгі мектеппен қоштасу салтанатында Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалсын!

II жүргізуші: «Сәт сапар саған, жас түлек!» атты соңғы қоңырау салтанатты жиыны ашық деп жариялансын! ҚР Мемлекеттік туы көтерілсін.

(ҚР Туы көтеріліп, Әнұран орындалады.)

Қош келдіңіздер

I жүргізуші: Маңғыстаудай кең жазық даласында, берекелі Бейнеудей мекенде, алғыр да зерек ұл-қызға арналған лицейіміз бар. Армысыздар, ардақты ата-аналар, аяулы ұстаздар, қымбатты оқушылар, қадірлі жас түлектер!

11 жыл бойы тәрбие мен білім нәрін бойына сіңіріп, әліппеден бастап өмір заңдарына дейін үйренген шәкірттер мен ұстаздардың қоштасу мерекесі — соңғы қоңырау салтанатына қош келдіңіздер!

II жүргізуші: Бүгін — қызығы мен қиыншылығы қатар өрілген, әр оқу жылы тарихқа айналған мектеп мерекесі. Оқушыларды сыныптан сыныпқа көшіріп, асыға күткен жазғы демалысқа шығарып салатын — соңғы қоңырау салтанаты!

Оқу жолы
11 жыл
Түлектер
43 түлек
Мағынасы
Мектеппен қоштасу

Кеше ғана мектеп табалдырығын имене аттаған ұл-қыздарымыз бой түзеп, ойы толысып, алтын ұя мектебімен қоштасқалы отыр. Бұл күн — мектеп тарихында да, түлектер жадында да мәңгі сақталары анық.

Түлектерді салтанатты қарсы алу

I жүргізуші: Жас жүректің өмірлік құстары — гүл, бағбан-ұстаз баулыған құстары бұл. Қоштасып бүгінгі күн ұясынан, сол құстардың бір тобы ұшқалы тұр.

(Музыка. Мектеп бітіруші түлектер ортаға шақырылады.)

11 «А» сыныбы

Қарсы алыңыздар: бітіруші түлектердің 11 «А» сынып жетекшісі — Ауданбаева Қамар Тұмашқызы.

(Музыка әуені.)

11 «Б» сыныбы

Қарсы алыңыздар: бітіруші түлектердің 11 «Б» сынып жетекшісі — Түгелбаева Гүлмира Асқарқызы.

(Музыка әуені.)

II жүргізуші: Нұрлы үмітін арқалаған арқаға, жан сәулесін тарататын баршаға. Шын пейілмен құрметімізді көрсетіп, түлектерді ортаға шақырайық!

I жүргізуші: Алдарыңда сан тарау жолдар тұр. Бәрі ертеңгі азамат болғалы тұр. Үлкен өмір есігін ашпақ, міне — келген қауым, қол соғып қолдаңдар!

(Музыка әуенімен бітіруші түлектер шығып, орындарына тұрады.)

Бүгінгі күннің мәні

Жүректегі толқыныс

  • Алғашқы қоңырау мен соңғы қоңыраудың арасын жалғаған 11 жылдың мәреге жеткен күні.
  • «Мектебім, ұстазым» деп қимастық кешкен сәт.
  • Ата-ана ақ жол тілеп, ақ бата бергісі келетін күн.
  • Ұстаз жанында шәкірт болып соңғы рет топтасатын мезет.
  • Арман қуып, алысқа аттанатын күн.

Ақ жол тілегі

I жүргізуші: Ендеше, сәт сапар, жас түлектер! Қош айтысып балалық шақ өткеніне, қош айтысып сүйікті лицейіне. Тұғырдан түлеп ұшқан жас қырандар аттанып барады өмір көктеміне.

II жүргізуші: Ұстаз — жас ұрпақтың саялы бағы, жанашыры. Балаға берген білім, мейірім, қамқорлық — болашаққа құйылған мәңгілік нәр.

Құттықтау сөздер

Лицей директоры

Қимас сәттегі алғашқы құттықтау сөз лицей директоры Амалбаев Таңат Қайнарбайұлы мырзаға беріледі.

(Мектеп директоры сөз сөйлейді.)

Қонақтар

Бүгінгі салтанатты жиынға қатысып отырған құрметті қонақтарға сөз беріледі.

Әдістемелік-инновациялық бағыт

Сөз кезегі мектеп директорының әдістемелік-инновациялық істері жөніндегі орынбасарына беріледі.

Ата-аналар атынан

Ата-ана — баланың бас ұстазы. Сөз кезегі ата-аналар атынан Қайболдиев мырзаға беріледі.

Сынып жетекшілер атынан

Құттықтау сөз сынып жетекшілер атынан Ауданбаева Қамар Тұмашқызына беріледі.

Музыкалық тарту

Ұстаздарға сазды сәлем: хор «Ұстазым» әні (орындайтындар — бітіруші түлектер).

Ту тапсыру рәсімі (аманат)

Ту тапсыру

Аманат ту тапсырушы: аудандық, облыстық сайыстардың жеңімпазы, 11-сынып оқушысы Қуандықов Ербол.

Ассистенттері: Тасқарина Гаухар, Рзаева Жанаргүл.

Ту қабылдау

Аманат ту қабылдаушы: республикалық пәндік олимпиаданың күміс жүлдегері, 10-сынып оқушысы Әлібек Тағаберді.

Ассистенттері: үлгілі озат оқушылар (соның ішінде Венгриядағы ғылыми жоба сайысының алтын жүлдегері).

Аманат сөздері

Ту тапсырушының сөзі

Әнге ән, жырға жыр жалғап,
Барамыз ұшып ұядан!
Айтамын саған аманат,
Ізбасар 10-сыныптар!

Мейірімнен шуақ төгілген
Ұстаздар саған аманат!
Шығатын күміс үнімен
Әндерім саған аманат!

Аулада тұрған талдар мен
Сыныптағы гүлдер аманат!
Жалғайтын арман таңдарға
Сағыныш саған аманат!

Жастанып кейде ұйықтаған
Кітабым саған аманат!
Көрінбейтін шимай-шатпақтан
Дәптерім саған аманат!

Бір жеңіп, бірде жеңілген
Жарыстар саған аманат!
Сыр алған тұнық сезімінен
Өлеңдер саған аманат!

Қос өрім қылып тағатын
Ақ бантик саған аманат!
Үзілісте соғатын
Қоңырау саған аманат!

Үлгілі тәртіп, үздік оқу —
Ізбасарым, саған аманат!
Желбірейтін биікте
Алтын ұя туы аманат!

Кір келтірмей атына,
Биікке самғау — бізге аманат!
Қош бол, алтын ұям —
Сау-саламат болыңыздар!

Ту қабылдаушының сөзі

Біз, 10-сынып оқушылары, сіздерден қастерлі аманатты қабылдай отырып, артқан сенімдеріңізді ақтауға, білім мен тәрбиенің барлық салаларынан алда болуға, мемлекетіміздің гүлденуіне үлес қосатын саналы азамат болып қалыптасуға, лицей мәртебесін биіктетіп, жоғары деңгейге көтеруге сеніммен ант береміз!

(Ту қабылдаған оқушылар орындарына барып тұрады.)

Түлектер алғысы және соңғы қоңырау

II жүргізуші: Ұстаз — толастамас мәңгі сын, тыңдаңыздар шәкірттердің алғысын. Келесі құттықтау сөз лицей мақтанышы, бітіруші жас түлекке — «Алтын белгіге» үміткер, «Лицейдің ең үздік шәкірті — 2018» байқауының жеңімпазына беріледі.

Қоңырау үні — мектеп естелігі

I жүргізуші: Қоңырау — мектеп өміріндегі шәкірт жүрегінде сақталатын ұмытылмас үн. 11 жыл ішінде 20 мыңнан аса қоңырау үнін естідіңдер: алғаш гүл ұстап табалдырық аттағанда, 45 минуттық сүйікті сабағың аяқталғанда… Ал бүгінгі қоңырау үні — ерекше. Бұл — мектеппен қоштасар соңғы қоңырау. Сәт сапар, жас түлек!

II жүргізуші: Гүлдерге толып омырау — түлектер тойын тойлайды. Қағылмақ соңғы қоңырау, қаққызбай өмір қоймайды.

I жүргізуші: Бәрі — сын, араласың өмір аулың. Бәрі — шын, қоштасарда қоңырау мұң. Мәнісін ұғасыңдар өткен күннің, дауысын естігенде қоңыраудың. Балалықтың соңғы әнін шырқап бүгін, қоңыраудың естиміз соңғы үнін.

Соңғы қоңырау соғу рәсімі

Соңғы қоңырау соғу құрметі лицейіміздің үлгілі оқушысына және болашағынан үміт күттірер, 5 «Б» сыныбының үздік оқушысына беріледі.

Хор: «Сыңғырла, қоңырау» (орындайтындар — мектеп бітіруші түлектер). (Қоңырау соғылады.)

Қоштасу сәті: бірлік, шашу, шар және көгершін

Бірлік туралы тілек

I жүргізуші: Бірлік деген даналар мен кемеңгер: бір-біріңді әрқашанда елеңдер. Тағдырдың түрлі асуларында бір-біріңе сүйеу болып, демеңдер.

II жүргізуші: Әуелетіп аспанға шар ұшырайық — ол бірліктің, мәңгі татулықтың символы!

Ізгі ниет

I жүргізуші: Қоштасады ұшқан ұяң — мектебің. Сәт сапар деп қол бұлғаймыз бәріміз, тілейміз біз армандарға жеткенің.

II жүргізуші: Түлектердің бақыт гүлі ашылсын, ақылына әлем халқы бас ұрсын. Ақ жолына той шашуы шашылсын!

Шашу
(Шашу шашылады.)
Шар
(43 шар көкке жіберіледі.)
Көгершін
(Ақ көгершіндер ұшырылады.)
Ұстаздар мен қонақтарға гүл шоқтарын ұсыну. Музыка ойнайды.

Салтанатты жабылу

I жүргізуші: Құрметті жас түлектер, ата-аналар, қонақтар, аяулы ұстаздар! Бейнеу лицейінің «Сәт сапар саған, жас түлек!» атты салтанатты жиыны жабық деп жарияланады!

II жүргізуші: Құрметті оқушылар! Республика Туы астында қатар тізеп, тік тұрыңдар! ҚР Мемлекеттік Туы түсірілсін!

(Әнұран орындалады.)

Қорытынды тілек

Аяулы ұстаздар, қымбатты оқушылар! Жазғы демалысты жақсы өткізіп, жаңа оқу жылында аман-есен қауышайық. Сәт сапар, жас түлектер!

Лицей табалдырығынан үлкен өмірге 44 түлек жолдама алды: 44 арман, 44 үміт, 44 тағдыр. Қанаттарың талмасын, жас түлектер!

Мәлімет

Өткізілген жері
Маңғыстау облысы, Бейнеу селосы — Бейнеу лицейі
Құрастырушы
Мұғалім Гүлназ Әжібаева