Туған жылың

Жүрегі — жыр, пейілі — поэзия

Бұл әдеби-сазды кештің өзегі — оқушыларға Мұқағали Мақатаевтың бұрыннан оқып, таныс өлеңдері арқылы оның шығармашылығын жан-жақты таныту, таным көкжиегін кеңейту, шығармашылыққа шыңдау.

Мақсаты

Мұқағали поэзиясы мен өмір деректерін жүйелі таныстырып, оқушының танымдық көзқарасын қалыптастыру және шығармашылық ізденіске бағыттау.

Тәрбиелік мәні

Поэзияны сүюге баулу; ақынның жырларын, дастандарын, әнге айналған өлеңдерін насихаттай отырып, Отанды, елді, ұлтты қадірлеуге тәрбиелеу.

Кеш бағдарламасынан

«Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан сахналық көрініс ұсынылады.

Кештің ашылуы

Қайырлы күн, құрметті қонақтар! Қымбатты ұстаздар, оқушылар! Қазақ поэзиясында жұлдыздай жарқырап өткен, Хантәңіріндей асқақ тұлғалы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай жатақхана оқушылары ұйымдастырған әдеби-сазды кешті бастауға рұқсат етіңіздер.

«Кең дүние, аш төсіңді мен келемін…» деп, Бұқары мен Ақтамбердісі, Махамбеті бар, Абайы мен Мағжаны, Қасымы бар киелі өлкеге балалық еркелігімен, азаматтық арынымен келген ерен тұлғалардың бірі — Мұқағали Мақатаев.

Өмірбаяннан бір үзік

Әкесі — Сүлеймен

Шаруа адамы болған. 1941 жылдың желтоқсанында майданға аттанып, Ленинград маңындағы сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза табады.

Анасы — Нағиман, әжесі — Тиын

Анасы Нағиман — өте қарапайым жан. Мұқағали шаңырақтың тұңғышы болғандықтан, оны әжесі Тиын бауырына басып өсіреді.

«Мені сөзге, жырға үйреткен, тәрбиелеген, халықты сүюге баулыған — әжем», — деп еске алады ақын.

Сахналық сәт

Баяу әуен ойнайды. Сахнаға Мұқағали бейнесіндегі оқушы шығып, «Арыз жазып кетейін» өлеңін оқиды.

Бүгін менің туған күнім, ой, бәле-ай! Мына адамдар неге жатыр тойламай?! Банкет жасап берер едім өзім-ақ, Тәңірдің бір жарылқай-ақ қойғаны-ай… Мына дүние неге жатыр үндемей…

«Менің анкетам»: ақынмен сұхбат

Оқушы Мұқағали бейнесіндегі кейіпкермен сұхбаттасады.

Туған жерің?

Ұланымын Қарасаз деп аталатын ауылдың.

Туған жылың?

1931.

Жынысың кім?

Еркекпін ғой! Еркекпін! Және тағы тәуірмін…

Партияда барсың ба?

Жоқпын.

Білімің ше?

Орташа ғой. Алайда оны жоғары бағалаймын.

Ана тілің?

Қазақша. Қысылғанда орысшаң да, немісшең де бар.

Қайда істедің?

Оқымаған, дипломсыз демесең, бір басымнан талай мамандық табылар.

Міндеттісің бе әскерге?

Міндеттімін. Біздің жас әлі кеуде. Жауынгердің ұлымын ғой — жанын қиған Мәскеуге.

Сөгіс алып көрдің бе?

Ол жағынан «періште едім» дей алмаймын. Ойлы-қырлы бұл өмірде мүлт кету болады ғой — ол өзі бір енші, әрі ердің де…

Шет елдерде болдың ба?

Болғаным жоқ. Олар маған қол бұлғап тұрған да жоқ. Қалсам болды, өлсем болды жайыммен — осы отырған орнымда-ақ.

Мекенжайың?

Мекенжайым — жер менің. Жерде жүрген ақын деген пендемін. Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған — мен өмірді жырлау үшін келгенмін!

Музыкалық үзіліс

Мұқағали Мақатаев сөзіне жазылған ____________________ әні орындалады.

Халықпен бірге соққан жүрек

Мұқағали әр күн, әр сағатта халықпен бірге жүрді: халықтан үйренді, халқын сүйді, оның әрбір сөзін алтынға бағалады.

Бұл өмірден сұрамаймын ештеңе, Сұрамаймын алтын менен гауһартас. Бір өзіме жетеді, маған берсе де — Халық, Отан, Тіл дейтұғын үш бақыт.

Оқылым

«Үш бақытым» өлеңі оқылады: ___________________

Оқылым

«Отан» өлеңі оқылады: ___________________

Оқылым

«Елім барда» өлеңі оқылады: ___________________

Махаббат пен сұлулық әлемі

Махаббат, сұлулық, аққу — осы үш ұғымды қатар өріп, бір-біріне теңестіре білген ақындардың бірі — Мұқағали Мақатаев. Ол сұлулықты аққудай, аққуды махаббаттың символындай бейнелеп, нәзік жан мен терең сезімнің кең әлемін жырлады.

Оқылым

«Ғашықпын» өлеңі оқылады: ___________________

«Ғашықтың тілі — тілсіз тіл, көзбен көр де ішпен біл», — деп Абай жырлағандай, махаббат адамзатпен бірге жаралып, бірге өлетін мәңгілік тақырып.

Мұқағали екі жас арасындағы сүйіспеншілік пен асқақ сезімді мол жырлады. Оның махаббат тақырыбындағы өлеңдері жүрек дірілін, бір-біріне деген іңкәрлікті айқын бедерлейді.

Оқылым

«Махаббат диалогы» өлеңі оқылады: ___________________

Өлеңдері қандай еді ақынның, Себелетіп жүрегіңе нұр шашқан. Ал әндері қандай еді мөп-мөлдір, Тыңдай бергің келе береді, тыңдасаң.

Пікірлер мен бағалар

Фариза Оңғарсынова

«Мұқағали — біздің заманымыздың поэзия дүниесіндегі құбылыс, Мұқағали поэзиясы — азаматтық пен адамгершіліктің симфониясы».

«Мені түсінгісі келген адам менің өлеңімді оқысын», — деген ақын сөзі шындыққа айналды. Мұқағали жырлары тіршіліктің тамырындай өміршең, мәңгілік.

Оқылым

«Фариза» өлеңі: ___________________

Оқылым

«Қалқам» өлеңі: ___________________

Оқылым

«Дос болам десең» өлеңі: ___________________

Нұрғиса Тілендиев естелігі

Естеліктер кітабынан Нұрғиса Тілендиевтің мына бір сөзін тыңдап көрелік.

Мұқағали өткен соң қатты күйзелдім, жүрегім әлсіреп, айға жуық емханада жаттым. Арада екі ай өткенде жұмысқа киетін бешпентімнің қалтасынан хат шықты. Мұқағалидың жазуы: «Аға, мен ғой. Дертім қозып барады. Не боларын білмеймін. Мынаған назар аударып көріңіз…» Жаным күйзеліп отырып, ақын інім көз жұмғаннан кейінгі екінші айдың бір ауыр күнінде әлгі өлеңге ән жаздым. Бұл — «Есіңе мені алғайсың» әні еді.

Ән

___________________________ әні орындалады.

Мұқағали — мәңгілік

«Мен сірә, өлмейтін шығармын…» деген ақын сөзі секілді, ғасыр ақыны, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының иегері Мұқағали мәңгілік жасай береді. Ол — поэзия көгінің жарық жұлдызы, мұзбалақ қырандай биікке самғаған тұлға.

Ақын туралы ойлар

Жыр басы Қарасаздан басталған Мұқағали Мақатаев бүгінде ән болып аспанда қалықтап, жыр болып жұлдыздармен сырласып, поэзия әлемінде қалықтап барады.
Рза Қунақова
Өлең өлмейді. Ендеше оны жазған ақын да өлмейді. Олай болса Мұқағали Мақатаев та көз жұмған жоқ. Қатарымызда, күнбе-күн қасымызда…
Әбділда Тәжібаев
Мұқағали — мөлдірліктен, тазалықтан, биік адамгершіліктен тұратын ақын.
Лашын Әзімжанова
Қазақ халқының бір ғана Абайы болса, Мұқағалиы да жалғыз. Құдіретті ақынға көзі тірісінде көрсетілмеген құрметтің орнын толтырудың бір жолы бар: ақынның қисапсыз рухани қазынасын ұлт игілігіне асыруға асығу.
Қ. Құрманғалиев
Мұқағалидай ақыны бар халық — бақытты халық.
Фариза Оңғарсынова

Қорытынды

Талай нөсер төгілер, болар жасын, Алапат күш әйтеуір жоламасын. Мына нұрлы өмірге тірек болған, Адамзаттың ұрпағы жоғалмасын, —

Ақын өзі айтқандай, оның жырлары әлі талай ұрпақтың шөлдегеніне — сусын, шаршағанына — сая, дертіне — шипа, күйзелгеніне — демеу болары сөзсіз. Себебі оның жырын үлкендер де сүйіп тыңдайды, жастар да сүйіп әнге қосады.

Ән

_____________________

Аунап түсіп орныңнан жатырмысың, Аруағыңа иемін басымды шын. Қанатынан қыранның қуат алған, Ең мықты ғасырыңның ақынысың, —

Осы жолдармен Мұқағали Мақатаевтің өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш тәмам.