Ұстаздар жақсылықтың жол ашары, қолыңда шәкіртіңнің бала шағы

Кештің мақсаты

Оқушыларды ұстазды құрметтеуге, сыйлауға тәрбиелеу; ұстаз мамандығының қыры мен сырын түсіндіру; ұстаз еңбегін әрқашан бағалай білуге үйрету. Сонымен қатар оқушылардың бойына адамгершілік қасиеттерді дамытып, дарыту.

Көрнекіліктер

Қанатты сөздер

Әсемдік

Гүлдер

Мерекелік көңіл күй

Шарлар

Жүргізушінің құттықтауы

Армысыздар, құрметті қонақтар, ардақты ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі Ұстаздар күні мерекесіне арналған «Ұстаздық — ұлы қызмет» атты ардагер ұстаздармен кездесуге қош келдіңіздер!

1-оқушының өлеңі

Ұлылықтың ұйытқысынан жаралған,

Өнегеңнен барлық шәкірт нәр алған.

Шапағатты шуақ сепкен ұстаздар,

Өздеріңнен бастау алар бар арман.

Ұстаздар — жақсылыққа жол ашары,

Қолыңда шәкіртіңнің бала шағы.

Өмірді алға қарай өрлететін,

Сендерде Ұлы Отанның болашағы.

Ардагер ұстаздармен таныстыру

Асемова Сайлаугүл

Орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінің 1 санатты мұғалімі

32 жыл еңбек өтілі

Білім беру мен тәрбие үдерісін ұйымдастыру және жетілдірудегі шығармашылық еңбегі мен нәтижелері үшін республикалық және облыстық деңгейдегі құрмет грамоталары, алғыс хаттармен марапатталған.

Бозанова Даметкен

1 санатты мұғалім

33 жыл еңбек өтілі

Білім беру саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін аудандық және республикалық құрмет грамоталарымен марапатталған.

Жүргізуші сөзі

Ұстаз! Қандай қасиетті сөз! Бұл — әр адамның жүрегіне жылулық нұрын себетін аяулы тұлғаға қатысты ұғым. Ұстаз — ұлағатты есім.

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беруде; жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар көрсетуде ұстаздың еңбегі ерекше.

Құрметті ұстаздар, төл мерекелеріңіз құтты болсын! Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақыт, мерейлеріңіз үстем болсын!

Музыкалық нөмір

Ән: «Ұстазым» — 10-сынып оқушысы Тұралина Ақнұр.

Ұстаздық туралы ой

2-оқушының сөзі

«Мектеп — білім тірегі, ұстаз — оның жүрегі», — деп ғұламалар айтқандай, кез келген адам ұстаз бола алмайды. Себебі ұстаздық — тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу бәріне бірдей қона бермейді. Сондықтан шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс және ерен еңбек қатар жүруі қажет.

Қонақтармен сұхбат

Келесі сөз кезегін бүгінгі кеш қонақтарына берейік. Өз өмір жолдары, ұстаздыққа келу себептері және мамандықтың қыры мен сыры туралы әңгімелеп берсе.

Формат

Сұрақ-жауап

Ұстаз жолы қиынырақ басқадан,

Сырлары мол әлі сыртқа шашпаған.

Шаршаса да, осы жолдың бойында,

Қандай жақсы — шын бақытын тапса адам.

3-оқушының сөзі

Ұстаздар — ұлағатты зиялылар, сендерде ғалымдардың қиялы бар. Бүгінгі кеш сіздер үшін арналады, шәкірттердің сәлемін қабыл алыңыздар.

Оқылым

11-сынып оқушыларының ұстаздар туралы жазған шығармаларынан үзінділер тыңдалады.

Әл-Фараби ұсынған ұстаз бейнесі

Ұлы ғұлама, ғалым, ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби: ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін; көргенін, естігенін және аңғарғанын жадында жақсы сақтайтын; жақынына да, бейтанысына да әділ; жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсететін; қорқыныш пен жасқануды білмейтін батыл әрі ержүрек болуы керек, — дейді.

Жалғасы

Ұстаздарымызға арналған сұрақ-жауап бөлімі.

«МҰҒАЛІМ» сөзіне мән беру

Бүгінгі кешімізге 5-сынып оқушылары «мұғалім» сөзіндегі әр әріптің мәнін ашып, ұстаздарға арнап өлең жолдарын дайындап келіпті. Тыңдайық.

М

мейірімді

Ұ

ұлағатты

Ғ

ғазиз

А

ақылды

Л

лайықты

І

іскер

М

маман

Оқушылардың өлең жолдары

1-оқушы

Анамдайсыз менің асыл ұстазым,

Өтті бізбен көктем, күз, қыс, жазың.

Жылдар бойы тәрбиелеп, аялап,

Болашаққа жол нұсқадың өзің.

2-оқушы

Кем көрмейміз сізді асыл анамнан,

Сізге ұқсап қудық біз де сан арман.

Сіздей адам дүниеде көп болса,

Балалардың бақыты үшін жаралған.

3-оқушы

Ұстаздың оттай ыстық алақаны,

Болған соң ойлайтыны бала қамы.

Баладан ұстазыма мың сан алғыс,

Өйткені ол — ұстазымның ақ арманы.

4-оқушы

Ұлы өмірге жетелеп, аштың білім есігін.

Құрметтейік мәпелеп ұстаздардың есімін.

5-оқушы

Біздер әлі өтелмеген парызбыз,

Сары далада сайрап жатқан сан ізбіз.

Аттары да аталмаған ұстаздар,

Алдарыңа мәңгілікке қарызбыз.

6-оқушы

Нұрын төккен көк аспан күмбезіне,

Күлімдеуің ұқсайды күн көзіне.

Қолда болса ұстаздарға сыйлар ем,

Бар байлығын әлемнің — бір сіздерге.

7-оқушы

Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,

Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып.

Ұстаз деген — ұлылардың ұлысы,

Қасиетіңе бас иемін мәңгілік.

Ұстаз — өмірдегі ең жақын жан

Ұстаз — дос: шәкірттеріне тек жақсылық ойлап, қиындықта қысылмай көмек көрсетіп, жанын салып қолдау білдіреді.

Ұстаз — жолдас: әрдайым шәкірттерімен бірге болып, көпшілікпен араласып, қатар құрбыдай сырласа жүреді.

Ұстаз — әке: шәкірттеріне алаламай қамқорлық жасайды.

Ұстаз — ана: шәкіртін туған анасындай баурап, өмірдің өрнегін — қиындығы мен қызығын сезіндіре отырып, тәрбиелеуден жалықпайды.

Айта берсек ұстазға тіл жетпеген,

Кімге ұстаз білім нәрін төкпеген?!

Айтыңдаршы, адам бар ма өмірде,

Ұстаздарға қарыздар болып өтпеген.

Құрметті ұстаздар!

Бүгінгі күн — дендеріңізге саулық, көңілдеріңізге қуаныш әкелсін. Білімімен сусындатқан шәкірттеріңіз әрқашан мерейіңізді үстем етсін. Төл мерекелеріңіз құтты болсын!

Қорытынды

Ұстаздар күніне арналған кездесу кешіміз аяқталды. Уақыт бөліп келгендеріңізге көп рақмет.

Ән: «Ана».