Белдемше сызбасын дайындау
Сабақтың тақырыбы
Практикалық жұмыс №1: Өлшемдерді алу, есептеу және белдемше сызбасын дайындау.
Білімділік
Бұйым сызбасын құруға қажетті өлшемдерді дұрыс алуды меңгерту; дәстүрлі тәсілмен, сән журналдары арқылы және компьютерлік бағдарлама көмегімен пішім жасауға үйрету.
Дамытушылық
Өлшем алу дағдыларын жетілдіру, сантиметрлік таспаны дұрыс қолдануға үйрету; мүсіндегі бағдарлық нүктелер арқылы кеңістіктік сызықтарды ойша жүргізуді дамыту.
Тәрбиелік
Жұмыс барысында зейінділікке, жауапкершілікке және дәлдікке тәрбиелеу.
Сабақтың құрылымы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру.
II. Үй тапсырмасын тексеру (тест)
Оқушылар жауаптарын өздері тексереді. Дұрыс жауаптар төменде берілген.
-
Белдікті бұйымдарға қандай киімдер жатады?
а) шалбар, белдемше ә) көйлек, блузка, шалбар б) белдемше, камзол, баскиім
-
Табиғи талшықтарды ата.
а) жібек, капрон ә) жүн, жібек б) лавсан, шифон
-
Қолдану мақсатына қарай киім түрлері қалай бөлінеді?
а) тұрмыстық, өндірістік, формалық ә) жазғы, қысқы б) сырткиім, баскиім
-
Маусымдық қолданысына қарай киімдер:
а) жазғы, қыстық, көктемгі және күзгі ә) эстетикалық, гигиеналық б) классикалық, романтикалық
-
Киімге қойылатын гигиеналық талаптар:
а) бағасының қымбат болмауы ә) химиялық тазалауларға төзімділігі б) ылғалсіңіргіштік, ауаөткізгіштік, жылусақтағыштық
-
Киімге қойылатын экономикалық талаптар:
а) сапасы жоғары, бағасы қымбат болмауы ә) сыртқы ортаның зиянды әсерінен қорғауы б) жуу құралдарына төзімділігі
-
Өлшем алғанда пайдаланатын құрал:
а) сызғыш ә) сантиметрлік таспа б) лекало
Дұрыс жауаптар
1а, 2ә, 3а, 4а, 5б, 6а, 7ә
Бағалау нормасы
- “5” — 7 дұрыс жауап
- “4” — 5–6 дұрыс жауап
- “3” — 3–4 дұрыс жауап
III. Жаңа тақырыпқа кіріспе (жұмбақ → жауап → мақал)
Мұғалім жұмбақ жасырады, оқушылар жауабын айтады, соған сәйкес мақал-мәтел келтіреді. Бұл тәсіл қызығушылықты арттырып, сабаққа назарды шоғырландырады.
| Жұмбақ | Жауап | Мақал |
|---|---|---|
| Алдыңа келесің, өзіңді көресің. | Айна | Көз — адамның айнасы. |
| Қимылдаса қос шебер, қыруар-қыруар іс өнер. | Қол | Шебердің қолы — ортақ. |
| Басы да екеу, аяғы да екеу. | Қайшы | Алтын қасық ішуге жақсы, алтын қайшы кесуге жақсы. |
| Жалғыз көзді жалаңаш, киінуді қаламас. | Ине | Іздеген иірімнен де ине табады. |
Осыдан кейін мұғалім сабақтың тақырыбы мен мақсаттарын хабарлайды.
IV. Жаңа сабақ: белдемше туралы
Белдемшенің шығу тарихы
Белдемше — әйелдердің сәнді киімі. XIX ғасырдың аяғына дейін оны ойын-сауық кезінде көйлек сыртынан киген. Белдемшенің алдыңғы өңірлері бір-біріне түйісіп, белден төмен қарай кеңейе түседі. Ол барқыттан және түрлі жібек маталардан тігіліп, жиегі кестемен немесе құндыз терісімен көмкеріледі, әшекейлермен безендіріліп, белі қапсырмамен түймеленеді. Белдемшені көйлектің етегін толық жаппайтын етіп тіккен.
Үй шаруасында алға байланатын алжапқыш та кей өңірде “белдемше” деп аталады. Оны жұқа, түрлі-түсті матадан тігіп, сауғанда немесе тамақ дайындағанда тазалық үшін киеді.
Стиль түрлері
- Классикалық
- Романтикалық
- Спорттық
- Фольклорлық (этникалық)
Киім бұйымдарының негізгі топтары
Белдікті бұйымдар
Белдемше, шалбар, белдемше-шорты.
Иықты бұйымдар
Көйлек, блуза, қамзол, халат және басқа бұйымдар.
Белдікті бұйымдар ішінде белдемше ең көп таралған түрге жатады. Ол костюмнің бөлігі, жеке бұйым немесе көйлектің құрамдас бөлігі болуы мүмкін.
Силуэт және пішім бойынша жіктелуі
Силуэті бойынша
- Тіке
- Етекке қарай кеңейе түсетін
- Енсіз (тарылау) пішімдер
Пішуіне қарай
- Тіке
- Қиықты
- Клеш
Ерекшеліктері
Тіке белдемшеде негізгі жіп бұйым ұзындығы бойымен орналасады. Қиықты белдемшеде негізгі жіп әр қиықтың орта сызығы бойымен жатады. Клеш белдемшеде жіп бағыттары бөліктерге қарай біркелкі болмайды.
Клеш белдемшенің негізгі түрлері
Клеш белдемшенің пішімі толық дөңгелекке немесе оның бөлігіне негізделеді. Кеңею дәрежесіне қарай жиі қолданылатын түрлері: клеш, үлкен клеш, кіші, орташа, үлкен “қоңырау”, “полусолнце” және “солнце”.
Қиық белдемше
4, 6, 8, 10 немесе 12 қиықтан тұрады және төмен қарай кеңейе түседі. Қиықтардың кеңеюі белдемшеге қатпарлардың (складкалардың) орналасуында өзіндік көрініс береді.
Мата таңдаудың қағидалары
Мата таңдағанда белдемшенің немен үйлестірілетінін (блузамен, жемпірмен, қамзолмен), қолданылу мақсатын (күнделікті, үйге), маусымын (жаз, қыс), сән бағытын және пішім ерекшелігін ескерген дұрыс.
Тіке белдемше
Ауырлау, тығыз маталар ұсынылады: жүн, джинсы. Түсі — біркелкі, жолақты немесе торкөз болуы мүмкін.
Кеңейе түсетін пішім
Жеңіл маталар лайық: мақта, зығыр, жұқа жүн, жібек.
Клеш / қиық
Жақсы драпталатын маталар: мақта, жібек, жеңіл жүн.
Белдемше сәні матаның еніне де байланысты. Тіке белдемшені енді де, енсіз де матадан пішуге болады. Ал етекке қарай кеңейетін немесе қатпары бар үлгілерге енді мата қолайлы.
Пішім жасаудың тәсілдері
- 1 Дәстүрлі сызба арқылы.
- 2 Сән журналдарынан дайын сызбаны алу арқылы.
- 3 Компьютерлік бағдарлама арқылы киім сызбасын құру.
V. Практикалық жұмыс (топтық жұмыс)
Оқушылар топпен жұмыс істейді: әр топтан бір оқушының өлшемі алынады. Киім өлшемін анықтау үшін бел және мықын шеңбері толық өлшеніп, алынған мәндер жартылай орамға айналдыру үшін екіге бөлінеді.
Өлшем алудың ережелері
- Өлшем белгілі тәртіппен алынады: алдымен көлденең (горизонталь), кейін бойлық (вертикаль) бағытта.
- Белді белдікпен қынайды; өлшемді жеңіл киіммен тұрған кезде алған дұрыс.
- Сантиметрлік таспаны сол қолмен ұстап, өлшейтін негізгі нүктеге дәл келтіреді.
- Әйел киімін өлшегенде — оң жақтан, ер адамды өлшегенде — сол жақтан тұрып өлшейді.
Негізгі өлшемдер және белгіленуі
Жба — Белдің жартылай орамы
Бел деңгейінде тұлғаны көлденеңінен айналдыра өлшенеді. Белбеу ұзындығын және қымтырмалардың енін есептеуде қолданылады.
Жма — Мықынның жартылай орамы
Жамбас деңгейінде көлденеңінен айналдыра өлшенеді. Белдемше енін және қымтырма енін анықтауда қолданылады.
БҰ — Бұйымның ұзындығы
Артқы бойдың бел сызығынан төмен қажетті ұзындыққа дейін өлшенеді. Белдемше ұзындығын анықтайды.
Ар.б.ұ — Артқы бойдың белге дейінгі ұзындығы
Бел сызығынан мойын нүктесіне дейін (VII мойын омыртқасына) өлшенеді. Бел сызығынан жамбас сызығына дейінгі арақашықтық осы өлшемнің жартысына тең деп алынады.
Компьютерлік бағдарлама үшін қосымша өлшемдер
Ұж — белден төмен қарай жерге дейін жанынан өлшенеді; Ұа — белден төмен қарай жерге дейін алдыңғы бойымен өлшенеді.
Топтарға тапсырма
1-топ
Дәстүрлі торлы сызба арқылы тіке белдемшенің сызбасын құрады.
2-топ
Сән журналдарынан белдемшенің пішім сызбасын алады.
3-топ
Компьютерлік бағдарламаны қолдана отырып, тіке белдемшенің сызбасын жасайды.
VI. Бекіту сұрақтары
- Өлшем алынатын адамның қай жағынан тұрып өлшейміз?
- Белдемше тігу үшін қандай өлшемдер қажет?
- Киім тігуге пішім жасаудың неше жолы бар?
- Стильдің неше түрі бар?
VII. Қорытынды
Бағалау
Оқушылардың тест нәтижесі, өлшем алу дәлдігі және топтық жұмыстағы белсенділігі ескеріледі.
Үй тапсырмасы
Белдемше пішімін жасау тәсілдерін қайталау; өлшем алу тәртібін жаттап, келесі сабаққа құралдарды толық дайындау.