Жай сөйлемдер
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
Оқушыларға құрмалас сөйлем туралы теориялық білім беру, практикалық дағдыларын қалыптастыру, берілген тілдік материалды талдата білу.
Дамытушылық
Оқушыларды өз бетінше ойлануға төселдіру, сөздік қорын молайту, шығармашылық жұмыс арқылы қиялын дамыту.
Тәрбиелік
Қазақ тілін қастерлеуге, сөйлеу мәдениетін арттыруға тәрбиелеу; адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру және қызығушылықты ояту
- Өткен сабақты еске түсіру.
- Үй тапсырмасын сұрау.
- Сабақ мақсаты мен күтілетін нәтижені нақтылау.
2) Мағынаны тану: жаңа сабақ
Құрмалас сөзі құра, құрау сөздерінен туындап, грамматикалық термин ретінде қолданылады.
Жай сөйлем бір ғана ойды білдірсе, құрмалас сөйлем екі немесе одан да көп ойды, күрделі ойды білдіреді.
Құрмалас сөйлем құрамындағы жай сөйлемдер бір-бірімен шылаулар, орын тәртібі, интонация арқылы байланысады.
Теория: байланысу тәсілдері және түрлері
Құрмаласу тәсілдері (мысалдар)
Шылау арқылы байланысу
Жай сөйлемдер
- Жаңбыр жауды.
- Жер көгерді.
Құрмалас сөйлем
Жаңбыр жауды да, жер көгерді.
Баяндауыштары тиянақты, шылау арқылы байланысқан.
Бағыныңқы тұлға (қосымша) арқылы
Жай сөйлемдер
- Бет қаратпайтын болды.
- Қапан далаға бармады.
Құрмалас сөйлем
Бет қаратпайтын боран болғандықтан, Қапан далаға бара алмады.
Біріншісінің баяндауышы тиянақсыз, қосымша арқылы байланысқан.
Орын тәртібі мен интонация арқылы
Жай сөйлемдер
- Іс бітті.
- Қу кетті.
Құрмалас сөйлем
Іс бітті — қу кетті.
Орын тәртібі мен интонация арқылы байланысқан.
Құрмалас сөйлемнің негізгі түрлері
Салалас құрмалас
Құрамындағы жай сөйлемдердің баяндауыштары тиянақты болады. Сөйлемдер бір-біріне тәуелді болмай, тең дәрежеде байланысады.
Сабақтас құрмалас
Құрамындағы жай сөйлемдердің баяндауыштары тиянақсыз келеді. Бір сөйлем екіншісіне бағына байланысады.
Қорытынды: құрмалас сөйлем екі немесе одан да көп жай сөйлемнен құралып, күрделі ойды білдіреді.
Практика: оқулықпен және үлестірмемен жұмыс
3) Оқулықпен жұмыс: 93-жаттығу
Мәтінді оқып, сөйлемдердің қайсысы жай сөйлем, қайсысы құрмалас сөйлем екенін ажыратыңыз.
Жай сөйлемдер
- Мінезі жақсы төрге озар.
- Ыстық асқа үрме.
- Кісі айыбын ашқаннан жапқан жақсы.
- Дос адам артық сұрамайды.
Құрмалас сөйлемдер
- Досыңды барда сына, жоқта да сына.
- Сыйлағанды сыйла, илегенді иле.
- Құлағанның сұрағанын өтесең, өтеуін Құдай береді.
- Қорқақ — махаббатқа қабілетсіз, махаббат — ержүректің еншісі.
4) Оқулықпен жұмыс: 94-жаттығу
Тақырып: «Достық деген не?»
Мәтіндегі жай сөйлемдерді құрмалас сөйлемге айналдырып жазыңыз. Байланысу тәсілін (шылау, орын тәртібі, интонация, қосымша) көрсетіңіз.
5) Сызбамен жұмыс
Оқушылар сызбаны толтырып, сол сызба негізінде өз мысалдарымен түсіндіреді.
| Мысал | Құрмалас сөйлемнің түрі | Байланысу тәсілі |
|---|---|---|
| Оқушы өз мысалын жазады. | Салалас / сабақтас / аралас | Шылау / қосымша / орын тәртібі / интонация |
6) Үлестірме қағаздармен жұмыс
Тапсырма: берілген жолдарды аяқтап, құрмалас сөйлем құраңыз. Қажет болса, байланыстырғыш құралдарды (шылау, шартты рай, көсемше т.б.) қолданыңыз.
Әдеби жолдар (жалғастыру)
- Күлдей күңгірт шашы бар, … (М. Жұмабаев)
- Өзге емес, өзім айтам өз жайымда, … (Қ. Аманжолов)
- Ереуіл атқа ер салмай, … (Махамбет)
- Өзіңмен бірге өлмесін өлеңім деп, … (Қ. Аманжолов)
- Ақылды сөзге тоқтайды, … (мақал)
Мақал-мәтелдер (толықтыру)
- … , білім — өнер қазығы. (мақал)
- … , шешеннің сөзі ортақ.
- … , шеше көрген тон пішер.
- … , білімді мыңды жығар.
- … , жалқаудың жаны тәтті.
Бекіту, бағалау және үй тапсырмасы
7) Сабақты бекіту: семантикалық карта
Мысалдарды оқып, сөйлемнің түрін анықтаңыз: салалас, сабақтас, аралас.
| Мысалдар | Салалас | Сабақтас | Аралас |
|---|---|---|---|
| 1) Мен үндемедім, бірақ өз пікірімде қалдым. | □ | □ | □ |
| 2) Мейрам шахтадан шығып еді, денесі сергіп қалды. Ол жұмыстан келген соң, бүгінгі газеттерді қарап шықты. | □ | □ | □ |
| 3) Әбді дейтін жігіт сөз бастап еді, жұрттың құлағы елең етіп, бәрі де соған қарай қалды. | □ | □ | □ |
| 4) Бір нәрсе жалпылдап алдыма түскенде, алғашқыда жел ұшырып әкелген газет пе деп қалып едім, байқасам, қара түйіршікті өз көйлегім екен. | □ | □ | □ |
| 5) Оларға рақмет айту керек, ұмытқанымызды еске алады. | □ | □ | □ |
8) Бағалау
Белсенділік танытқан оқушылар жауаптарының толықтығына, дәлелдеуіне және тапсырмаларды орындау сапасына қарай бағаланады.
9) Үй тапсырмасы
- 95-жаттығу: мәтін бойынша бірнеше сұрақ дайындап келу.
- «Менің сүйікті мектебім!» тақырыбында құрмалас сөйлемдерді қатыстырып, шағын мәтін құрастыру.