Желтоқсан тақырыбындағы топтардың қабырға газеттері және буклеттер
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Тақырып
«Ар-намысым, қасіретім, мақтанышым – Желтоқсан» (Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған)
Сабақтың түрі
Ашық тәрбие сабағы
Мамандық
0302000 — Медбикелік іс
Біліктілік
0302033 — Жалпы практикадағы медбике
Қатысушылар
1 мс «А» және 1 мс «В» тобының студенттері (I курс, I семестр)
Мақсаты
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында әміршіл-әкімшіл жүйенің солақай саясатына қарсы алғаш рет бас көтеріп, демократия жолында құрбан болған ұл-қыздарымыздың ерлігін таныту. Жастардың алаңға қандай себеппен, қандай мақсатпен шыққанын терең түсіндіру.
Тәрбиелік міндет
Отанға, туған жерге сүйіспеншілікті арттыру; ана тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін қадірлеуге баулу; патриоттық сезімді күшейту.
Дамытушылық міндет
Әрбір студенттің еркін сөйлеп, өз пікірін ашық айтып, ойын жүйелі жеткізу қабілетін дамыту.
Көрнекіліктер
- Қайрат Рысқұлбеков, Сабира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова суреттері
- «Ар-намысым, қасіретім, мақтанышым – Желтоқсан» плакаты
- Топтардың қабырға газеттері, буклеттер, қанатты сөздер
Алғы сөз
Армысыздар, құрметті ұстаздар, қадірлі қонақтар, студенттер! Бүгін біз тарихымыздың алтын әріппен жазылған беттерінің бірі — 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған ашық тәрбие сағатын ұсынамыз. Бұл күн — қазақ халқы үшін әрі қасіретті, әрі үміт сыйлаған, әрі мақтанышқа айналған кезеңнің символы.
Жүргізуші 1 (Табиғат)
Бүгінгі күн — қазақ халқы үшін ұлы күн: әрі қайғылы, әрі бақытты. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы — ел тарихындағы бұрын-соңды болмаған ауыр да әділетсіз көтерілістердің бірі.
Жүргізуші 2 (Нұржігіт)
Осыдан 25 жыл бұрын Алматыдағы оқу орындарының бірінің жатақханасы алдындағы оқиға — кейін үлкен қоғамдық қозғалыстың көрінісіне айналды.
Көрініс: тергеу сәті
Кезекші (Настя)
«Рысқұлбеков, тергеуге!»
Қайрат Рысқұлбеков (Бақдәулет)
Иә, мен сіздерден ештеңе жасырмаймын: 1986 жылдың 18 желтоқсанында алаңға бардым. Қонаевтың жайын күйттеп барған жоқпын. Ең алдымен, ол жерде не болып жатқанын өз көзіммен көру үшін бардым.
Екіншіден, алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып, өлтіріп жатыр дегенді естіген соң, қол қусырып отыруға еркектік ар-намысым жетпеді. «Қыздың жолы жіңішке» дейді. Менің түсінігімше, әйел затына қол көтеруге ер адамның құқы жоқ.
Сондықтан әйелдерге қорған болып, қолұшымды беруге, араша түсуге бардым. Сол жерде қолымнан келгенше көмектестім. Ол үшін әлі күнге дейін өкінбеймін, керісінше мақтан тұтамын.
Бірақ бір Құдай куә: ешкімді өлтірген емеспін. Ал әйел затына айуандықпен қол көтеріп, шашынан тартып, сүйрегені үшін бір милиция қызметкерін ұрғаным рас. Ол адам бүгінге дейін аман-есен жүр. Менің бар «қылмысым» — осы.
Кезекші (Настя)
«Әкетіңдер! Құртыңдар! Атыңдар!»
Қайраттың сөзі
Тоқта! Айтар сөзім бар.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты – құрбандық,
Атам десең, атыңдар!
Мен не етермін, не етермін,
Мен келмеске кетермін.
Көрмеген, қош бол, таңдарым,
Көре алмай мен өтермін.
Қош, аман бол, артымда
Ағайын, туған азамат!
Артымда қалған ата-анам,
Ел-жұртым, саған аманат!
Үндер мен хаттар: Ләззат тағдыры
Ләззат Асанова (Гүлдерай)
Қазақтар! Кіріптарлық құлдықта өмір сүргеніміз жетеді! Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат бола аламыз!
Ләззаттың анасы (Арайлым)
Оу, көздің жасын бұлайын,
Жүректі жеді-ау уайым.
Саған ғұмыр бермеді-ау
Жарылқағыш құдайым.
Мынау неткен зар заман,
Жүректіге тар заман.
Сені өлтірген дұшпанға
Зауал келсін Алладан.
Құлыным менің қор болды-ау?!
Заманың сенің зор болды-ау?!
Желтоқсанның қайғысы
Сан анаға сор болды-ау?!
Заманына қайқайып,
Қарсы тұрған боташым.
Алтын сақа асықтай
Алшы тұрған боташым.
Ләззаттың (за кадрдан) хаты
Аяулы, ардақты анашым, асқар таудай әкешім және кішкентай періште сіңілім! Мен аман-есен оқып жүрмін, сабағым ойдағыдай, денсаулығым да жаман емес. Ауа райы қар жауып, қыстың ызғары сезіліп тұр.
Бүгін ұстазым Әбдіраш ағай «болашақта сенен үлкен қобызшы шығады» деп мақтады. Қатты қуанып қалдым. Алла қаласа, сіздердің үміттеріңізді ақтап, елім сүйсінер қобызшы боламын.
Жаңа жылға қарай барып қалармын. Кішкентай Еркетайға да базарлығым бар. Ол не істеп жүр? Әпкем қашан келеді деп күтіп жүрген шығар. Өзін қатты сағындым. Анашым, мен үшін бетінен сүйіп қойыңызшы.
Әкетай, сіз берген ақылыңыз әрдайым жадымда. Анашым, сіздің ақ сүтіңізбен дарыған адалдығымды ешқашан аттамаймын деп үміттенемін. Әзірше осы. Қош, көріскенше аман болайық!
Сәлеммен, қыздарыңыз Ләззат.
Ләззаттың сіңлісінің сөзі (Аяулым)
Ләззат әпке, әпкетай — менің жол сілтеуші тұмарым! Қарашы, мен де бой жеттім. Әкем мен анам сіз туралы үнемі айтып отырады: сіздің ерлігіңіз әрдайым ел жадында.
Біз сіздер алып берген Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Біздің өз Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бар. Президентіміз — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Тәуелсіздігімізге 25 жыл толды: жетістіктеріміз көп, еңсеміз биік.
Алдымыздағы 2017 жылы Қазақстанда EXPO-2017 халықаралық көрмесі өтеді. Сіздің Еркетайыңыз биыл Астана қаласында ашылған «Шипагер» медициналық колледжіне оқуға түсті. Мен болашақта мейіргер боламын.
Әпкетай, сіздер сыйлаған тәуелсіздіктің дәмі — өте тәтті. Біз бейбіт елде тұрамыз. Міне, менің курстастарым көк туларын алып келе жатыр… Қараңызшы, өздері де келе жатыр!
Желтоқсанның сабағы
Жүргізуші 1 (Табиғат)
Алаңға шығып өз ойын айтуға тырысқан қарусыз қазақ жастарына солдаттар мен милиция қызметкерлері қарсы қойылды. Қыз-жігіттерді аяусыз ұрып-соғып, түрмеге қамады. Ербол, Ләззат, Сабира секілді бүршік атып келе жатқан тал шыбықтай жастарымыздың өмірі қиылды.
Жүргізуші 2 (Нұржігіт)
Ізгілік атаулыдан күдер үзіп, соңғы үміті мен сенімі күйреген, рухани езілген жас Қайраттың көзі тірісінде жазған өлеңдері әлі де адам жүрегін тебірентеді.
Өнер бөлімі
Сайысқа қатысушылар — 1 мс «А» және 1 мс «В» тобының студенттері көк туларын желбіретіп, хор болып «Атамекен» әнін орындады.
Қорытынды ой
Тәуелсіздіктің түп тамырына Желтоқсан оқиғасының тікелей байланысы бар екеніне ешкім дау айта қоймас. 1986 жылдың қайғылы желтоқсаны — бір күндік немесе бір жылдық наразылық қана емес, ұлттық сананың серпілісі болды.
Бүгінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 25 жыл толды. Ел іргесі тыныш, халқымыз бай-қуатты болсын!
Іс-шараның аяқталуы
Соңында колледж директоры А. М. Адылканова сөз сөйлеп, екі топты марапаттады. Оқытушылар мен кураторлар Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Білім беру ұйымы
Астана қаласы, «Шипагер» медициналық колледжі
Құрастырған және ұйымдастырған оқытушылар
- Адылканова А. М.
- Оспанова Н. М.
- Абылкасымова Р. А.