Сайыс кезеңдері. Құрметті қонақтар

Сценарий Қыз сыны 8 Наурыз

«Қыз – ұлт болашағы» қыз сыны байқауының сценарийі

Бұл материал лицей/мектеп сахнасында өтетін мерекелік байқауды жүйелі, көркем әрі түсінікті түрде өткізуге арналған. Мақсаты – қазақ қызына тән ізеттілік, инабат, білім, өнер, ұлттық салт-дәстүрді бағалау мәдениетін дәріптеу.

Жүргізушілер

  • 1-жүргізуші: Алтынбек
  • 2-жүргізуші: Орынбек

Кіріспе сөз

1-жүргізуші (Алтынбек)

Қайырлы кеш, қадірменді қонақтар, аяулы ұстаздар! Шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз, Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын.

Бұл жарқын мейрам көктемнің алғашқы айының басында келіп, барша үміт пен арманды жаңғыртады. Дәстүр бойынша бүгін Сіздерге – аналарымыз бен апа-қарындастарымызға, қыздарымызға – ең ыстық құттықтауларымыз бен ең ізгі тілектерімізді арнаймыз.

2-жүргізуші (Орынбек)

Армысыз, өнер сүйер асыл халқым! Мереке құтты болсын, ауылдасым! Тағы да келіп жетті сайысымыз – жырлайтын қазағымның дәстүр-салтын.

Бүгінгі байқауымызды «Қыз – ұлт болашағы» деп атауымыз тегін емес. Еліміздің ертеңі – ұрпақтың қолында. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, бүгінгі қыз – ертеңгі ана.

Сондықтан ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты жас ұрпақтың бойына сіңіру – басты мақсат. Бұл байқау қыздарымыздың білімін кеңейтіп, өнерін танытуға мүмкіндік береді деп сенеміз.

Қатысушыларды таныстыру және жеребе

Сахналық ескерту

Арулар бірінен кейін бірі әсем қадаммен сахнаға шығып, қатарға тұрады. Осы сәтте «Қыз сыны» әнінің әуені ойнап тұрады.

Жүргізушілердің өлеңмен таныстыруы

2-жүргізуші: Бірінші ару – ақша маңдай, үлкен-кіші мақтағандай.

1-жүргізуші: Екінші ару – өз әлінше, жақсыларды жақтағандай.

2-жүргізуші: Үшінші ару – достарын сары алтындай сақтағандай.

1-жүргізуші: Төртінші ару – көңілді, мінсіз, оқуын да даттағандай.

2-жүргізуші: Бесінші ару – ажарлы, ақша бетті, жұмақтағы хор қызына ұқсағандай.

1-жүргізуші: Алтыншы ару – еркін басып келеді, шекесіне үкі таққан.

Жеребе тарту

2-жүргізуші: Аруларға сәттілік тілей отырып, жеребе тартайық. Мына қоржыннан өз нөмірлеріңізді алыңыздар.

Қоржын ішіндегі асықтарға нөмірлер жазылады. Сол нөмір бойынша жауап береді. Нөмірі бар эмблема қатысушының кеудесіне тағылады.

Қазылар алқасы және бағалау

1-жүргізуші: Сайыста бақ сыналар, бап сыналар. Бас жүлдені өнерлі, тапқыр алар. Әділ баға беретін қазылар алқасымен таныстырып өтейік.

Әр кезең 10 ұпай бойынша бағаланады.

(Осы жерде қазылар алқасы таныстырылады немесе тағайындалады.)

Байқау кезеңдері

  1. 1

    «Мен қазақтың қызымын» — өзін таныстыру

    Уақыты: 2 минут

  2. 2

    «Бәйге» — салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғы бойынша сұрақтар

    Уақыты: 1 минут

  3. 3

    «Өнерлі өрге жүзер» — өнер көрсету

    Уақыты: 3 минут

  4. 4

    «Халқын сүйген – салтын сүйер» — үй тапсырмасы

    Уақыты: 3–4 минут

  5. 5

    «Қонақ күте білеміз бе?» — тағам дайындау және таныстыру

    Уақыты: 3 минут

  6. 6

    «Қыздарға әсемдік жарасады» — ұлттық киім үлгісін көрсету және таныстыру

    Уақыты: 1 минут

Кезеңдердің жүргізілуі

1-кезең: «Мен қазақтың қызымын»

2-жүргізуші: Таныстыруды бастайық, көрерменді бір серпілтіп тастайық. Сайыскерлер өздерін таныстырсын, білгірлерді ду қол соғып қостайық.

(Кезекпен қатысушылар сахнаға шығып, өздерін таныстырады.)

2-кезең: «Бәйге»

1-жүргізуші: Ендігі сайысымыз «Бәйге» деп аталады. Қоржын ішінен асық алып, асық нөмірі бойынша сұрақтарға 1 минут ішінде жауап бересіздер.

(Сайыскерлер кезек-кезек жауап береді. Жауап берген соң сахнадан түсіп, келесі кезеңге дайындалады.)

3-кезең: «Өнерлі өрге жүзер»

2-жүргізуші: Құрметті ұстаздар, оқушылар, аналар мен қыздар! Мерекелеріңіз құтты болсын! Енді аруларымыздың таң қалдырар өнерін тамашалайық.

1-жүргізуші: Қазақ жұрты киелі өнерліні сүйеді. Би билеп, ән салып беріңіздер!

(Қатысушылар кезегімен өнер көрсетеді.)

5-кезең: «Қонақ күте білеміз бе?»

1-жүргізуші: Қазақ халқы үшін дастарханнан үлкен нәрсе жоқ. «Анасын көріп, қызын ал» демекші, қыздарымыз өз қолымен дәмді тағам әзірлейді.

2-жүргізуші: Тағам дайындаумен қатар, оны таныстырып, қорғайсыздар. Іске сәт, арулар!

Музыка ойнайды. Қатысушылар берілген уақыт ішінде тағам дайындайды және қысқаша таныстырады.

6-кезең: «Қыздарға әсемдік жарасады»

2-жүргізуші: Келесі кезеңде аруларымыз қазақ халқының ұлттық киім үлгісін көрсетеді. Байқаудың ерекшелігі – ұлттық киімді таныстыру.

(«Қыз сыны» әнінің әуенімен қатысушылар сахнаға шығып, киім үлгісін таныстырады.)

Қорытынды, концерттік үзіліс және марапаттау

1-жүргізуші: Құрметті қонақтар! Қазылар алқасы қорытынды шығарғанша, оқушылардың дайындаған музыкалық қойылымдарын тамашалайық.

(Қойылымдар көрсетіледі. Қазылар алқасы нәтижені жариялайды.)

Марапаттау номинациялары

  • Лицей аруы — 2014
  • Инабатты ару
  • Өнерлі ару
  • Сымбатты ару
  • Зерделі ару
  • Көрікті ару

Қорытынды сөз (өлең)

Ару қыздар, ай көрік, қылығы – күн,

Сезбейсіңдер өздерің мұны бүгін.

Сезбейсіңдер керемет қыз тағдырдың сұлулығын,

Күн текті ұлылығын.

Бұл сендер – құлпырған, құндыз бәрің,

Серпіп алға жалғайтын тіл тағдырын.

Ескеріңдер ертеңгі ел тағдырын,

Сендердің қолдарыңда жер тағдыры.

1-жүргізуші: Ф. Оңғарсынованың нәзік жандарға арналған жыр жолдарымен бүгінгі «Қыз – ұлт болашағы» байқауын аяқтаймыз. Мереке құтты болсын!