Оқушыларға үстеу туралы түсінік беру, құрамдық және мағыналық түрлерін ажырата білуге үйрету

Сабақ тақырыбы

Көктем. Үстеу.

Білімділік

Оқушыларға үстеу туралы түсінік беру, оның құрамдық және мағыналық түрлерін ажырата білуге үйрету.

Дамытушылық

Көру, есту және ойлау қабілеттерінің дамуына ықпал ету.

Тәрбиелік

Қазақ тілі сабағына қызығушылықты арттыру және оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеу.

Сабақтың ұйымдастырылуы

Әдістері

  • Түсіндіру
  • Әңгімелеу
  • Сөздік жұмыс
  • Тірек сөздермен жұмыс

Көрнекілігі және түрі

  • Көктем суреті
  • Сызба
  • Кеспе қағаздар
  • Интерактивті тақта
  • Сабақ түрі: аралас сабақ

Сабақ барысы

  1. 1 Ұйымдастыру: сәлемдесу, түгендеу.
  2. 2 Кезекшімен сұхбат.
  3. 3 Психологиялық дайындық: назарды сабаққа аудару.
  4. 4 Үй жұмысын тексеру.
  5. 5 Жаңа сабақ.

Жаңа тақырып: Үстеу

Үстеу — іс-әрекеттің белгісін білдіретін сөз табы. Ол қимылдың орнын, мезгілін, амалын және мақсат-себебін көрсетеді. Сондықтан үстеулер көбіне етістікпен тіркесіп қолданылады.

Үстеудің мағыналық түрлері

Мезгіл Мекен Сын-қимыл (бейне) Мөлшер Күшейткіш Мақсат Себеп-салдар

Мезгіл үстеуі

Қимылдың, әрекеттің мезгілін, мерзімін білдіреді. Қашан? қашаннан? сұрақтарына жауап береді және етістікпен тіркесіп қолданылады.

Мысалдар: бүгін келді, ертең барады, бұрын жүрді, күні бойы дайындалды, жазғытұрым келеді.

Мекен үстеуі

Іс-әрекеттің болу орнын, бағытын білдіреді. Қайда? қайдан? сұрақтарына жауап береді. Негізінен етістікпен тіркеседі.

Мысалдар: ілгері жүр, жоғары тартты, төмен түсті, алды-артынан орады, әрі-бері жүрді, жолшыбай ала кетті.

Сын-қимыл (бейне) үстеуі

Қимылдың амалын, сынын, бейнесін, тәсілін білдіреді. Қалай? қайтіп? қалайша? кімше? сұрақтарына жауап береді және көбіне етістікпен тіркеседі.

Мысалдар: ақырын жүрді, тез келді, бірден сөйледі, шалқасынан құлады, балаша мәз болды, емін-еркін отырды.

Бұл үстеулер құрамы жағынан негізгі, туынды немесе күрделі түбір түрінде келе береді.

Мөлшер үстеуі

Қимылдың не сынның мөлшерін, көлемдік дәрежесін, шама-шарқын білдіреді. Қанша? қаншама? қаншалық? қаншалап? (кейде қалай? қалайша?) сұрақтарына жауап береді.

Етістікпен тіркескенде

Мысалдар: онша жараспайды, анағұрлым көбейді, едәуір өсіпті.

Сын есіммен тіркескенде

Мысалдар: онша биік емес, анағұрлым үлкен, едәуір ұзын.

Күшейткіш үстеу

Сынның немесе қимылдың белгісін күшейтіп не солғындатып көрсетеді. Көбіне сапалық сын есімдермен тіркесіп, сын есімнің күшейтпелі шырайын жасауға негіз болады.

Мысалдар (сын есіммен): ең әдемі, тым биік, өте жақсы, аса терең, орасан зор.

Мысалдар (етістікпен): мүлдем білмейді, әбден шаршаған, сәл жүріңкіре, керемет сөйледі.

Құрамы жағынан күшейткіш үстеулер көбіне негізгі түбір күйінде келеді.

Мақсат үстеуі

Қимылдың, іс-әрекеттің болу мақсатын білдіреді. Қалай? не мақсатпен? сұрақтарына жауап береді. Сан жағынан көп емес.

Сөздер: әдейі, жорта, әдейілеп, қасақана.

Мысалдар: әдейі келдім, жорта айтты, әдейілеп шақырды, қасақана үндемеді.

Себеп-салдар үстеуі

Қимылдың, іс-әрекеттің болу себебін немесе салдарын (нәтижесін) білдіреді. Не себепті? неге? қалай? сұрақтарына жауап береді.

Сөздер: босқа, құр босқа, амалсыздан, лажсыздан, шарасыздан, бекерге, жоққа.

Мысалдар: босқа әуре болма, амалсыздан келіп отыр, бекерге айтқансың.

Көктем туралы мәтін және әңгіме

Көктем — жылдың төрт мезгілінің бірі. Ол наурыз, сәуір, мамыр айларын қамтиды: қыс мезгілінен кейін келіп, жазға дейін жалғасатын кезең.

Көтеріп жасыл туын көктем келді,
Деміне маужыратып көк пен жерді.
Қарлы тау қаһарлана қараса да,
Етегін гүлге бөлеп өрнектеді.

Наурыз — көктемнің алғашқы айы

Наурыз — ең тамаша айлардың бірі. Бұл кезде күн жылына бастайды, қар ериді, жыл құстары қайта оралады. Гүлдер ашылып, ағаштар бүршік жарады. Көктем — жылдың ең көрікті мезгілі.

Қандай құстарды білесіңдер?

  • Қарлығаш
  • Қараторғай
  • Бұлбұл
  • Тырна

Қандай гүлдерді білесіңдер?

  • Бәйшешек
  • Қызғалдақ
  • Бақбақ
  • Інжігүл

Көктемде адамдар не істейді?

Көктемде шаруа жұмыстары басталады: диқандар жер жыртып, егін егеді, бау-бақшаға жеміс ағаштарын отырғызады. Мал төлдейді, табиғат та, тіршілік те жаңарады.

Сурет бойынша жұмыс: «Көктем»

Көктем айлары: наурыз, сәуір, мамыр. Көктемде жер күндіз жібиді, кешке қатады. Өзендерде сең жүре бастайды.

Наурызда күн көбіне бұлтты болады. Ағаш бұтақтарында бүршіктер пайда болады. Жыл құстары келе бастайды. Жер беті гүл-бәйшешекке бөленеді.

Көктем мезгілі шынымен де тамаша: табиғат түрленіп, адамдар еңбегі қызатын кез басталады.

Оқулықпен жұмыс

Кестедегі жаңа сөздерді қатыстырып, диалог құрастырыңдар және өзара сөйлесіңдер.