Адамгершілік деген ұлы сөз

Мақсаты

Оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеу; баланың жеке тұлғалық қабілетін қалыптастыру мен дамытудың маңызды бағыты ретінде ұжымға, қоғамға, Отанға, еңбекке, өз міндеттеріне және өзіне деген жауапкершілігін нығайту.

Көрнекіліктер

  • Нақыл сөздер
  • Тақырыптық суреттер
  • Шарлар

Әдістер

  • Пікірталас
  • Сұрақ-жауап
  • Әңгімелесу

Нақыл сөздер

«Адамның адамшылығы — ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан басталады».
Абай
«Адамгершілік — ұлы ұғым. Адамның іс-әрекеті, еңбек, достық, татулық — осының бәрі адамгершіліктің көрінісі».

Тәрбие сағатының барысы

  1. I кезең: Тәрбие сағатымен таныстыру
  2. II кезең: Оқушылардың адамгершілік туралы түсінігі
  3. III кезең: Қонақтардың ойы
  4. IV кезең: «Адамгершіліктің негізгі қағидаларын білесің бе?» (өз ойларын ортаға салу)
  5. V кезең: Қорытындылау

Кіріспе сөз

Қымбатты оқушылар, құрметті қонақтар, ұстаздар! Бүгінгі «Адамгершілік — асыл қасиет» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!

Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы әрдайым басты назарда. «Рухани құндылық пен биік адамгершілік жоқ жерде үлкен өркен орнату мүмкін емес» деген ой — бүгінгі әңгімеміздің өзегі.

Адамның адамгершілік және саналылық деңгейі оның тәртібі мен іс-әрекетін айқындайтыны әлдеқашан дәлелденген. В. А. Сухомлинский: «Тәрбиесіз адам адамгершілік жағынан надан, дүмше» деп жазған.

Адамгершілікке тәрбиелеу — баланың жеке басын қалыптастыру мен дамытудың аса маңызды саласы. Ол ұжымға, қоғамға, Отанға, еңбекке, өз міндеттеріне және өзіне деген қатынасын қалыптастыруды көздейді.

Бүгін біз адамгершілікті қалай түсінетінімізді, әдеп нормаларын қаншалықты білетінімізді талқылап, ой бөлісеміз. Ендеше, адамгершіліктің бастауы неде деп ойлайсыңдар?

Оқушылардың ой-пікірі

Айбану

Жақсыны алыс, жаманды жақын көрме. Жақсы атансаң, өзгенің хақын жеме. Жақсымын деп момынның малын жеме. Жаман адам сол болар — «мақұл» деме.

Адам тумысынан жамандыққа үйір емес. Жамандық уақыт өте келе бой көтереді. Жақсылықтың өніп шыққаны немесе оны жамандықтың арамшөптері басып кеткені — сонда ғана білінеді.

Ізеттілік пен сыпайылық сияқты адамгершілік қасиеттер алдымен отбасынан басталады.

Толқын

Отбасындағы тәрбиені адам мектеп қабырғасында жалғастырып, өмір заңдылықтарын үйренеді. Мектепте халқымыздың әдептілік, әдемілік, имандылық, қайырымдылық сияқты рухани-адамгершілік тағылымдарын әрі ата-ана мен ұстаз өнегесін білімімізбен ұштастырамыз.

Кенже

Адамгершілік қасиет ең алдымен отбасын сыйлаудан басталады. Әке-шешеге дауыс көтеруге, сөз қайтаруға болмайды. Ата-анасын сыйламаған адам өзгені де құрметтей алмайды. Ата-ананы ренжітпеу — әр баланың өмір бойғы міндеті.

Ән:

«Адамдық қағидасы» (Әлия мен Мадина)

Сұрақ-жауап және қонақтар пікірлері

Балалар, адамға ақыл беретін кімдер? (Ата-ана, дос, ұстаз.)

Бүгін бізге ақыл-кеңесімен бөлісуге қонақтар келіп отыр.

1-қонақ: Салима апа

Бірнеше немеренің әжесі, ауылымыздың ардақты аналарының бірі. Әлия мен Айбанудың әжесі.

  • Жалпы адамгершілік қасиеттерге нелер жатады?
  • Қазіргі кезде адамдар бойынан қандай қасиеттер жиі байқалады?
  • Кей адамның жаман әдетке үйір болуының себебі неде?

Бейнеролик:

«Отбасы»

Пікірталас: бейнероликтен не байқадыңдар?

2-қонақ: Алтын апай

Тәрбие ісінің меңгерушісі. Ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, саналы әрі адамгершілігі мол жас ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосып жүрген ұстаз.

  • Адам бойындағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайсыз?
  • «Адам адамға дос, жолдас және бауыр» деген сөздің мәні неде?
  • Адам адамнан несімен ерекшеленеді?

3-қонақ: Әсем

Мектебіміздің үлгілі оқушыларының бірі, 7-сынып оқушысы.

  • Адамгершілік қасиеттерді қаншалықты бағалап жүрміз?
  • Өзің жіберген қателігіңді мойындай аласың ба?
  • Адамгершілік туралы қандай мақал-мәтел, нақыл сөздер білесің?

Бейнеклип:

«Өзіңнен баста!»

Көрініс: «Үш ана»

Үш ана бас қосып, әңгімелесіп тұрады. Бірінші ана баласын мақтап: «Балам өте ақылды, әнші, өнерлі. Математикадан әлсіздеу болса да, болашақта танымал тұлға болады деп сенемін» дейді.

Екінші ана: «Балам әдемі, таза киінеді. Ақшаның да есебін жақсы біледі. Болашақта ірі бизнесмен болады-ау» деп мақтанады.

Үшінші ана үндемей қалады. Сол сәтте олар қарияның жолдан өтуіне көмектесіп, қолтығынан демеп, сөмкесін көтерісіп келе жатқан баланы көреді. Бұл — үшінші ананың баласы еді. Қария алғыс айтып, жолын жалғастырады.

Үш бала аналарына жақындайды: алғашқы екеуі балмұздаққа ақша сұрайды, ал үшінші бала бүгін сабақтан «бестік» алғанын айтады.

Талқылау сұрағы

Қай баладан болашақта не күтуге болады?

Мұғалімнің түйіні:

«Жақсы-жаман болу міндет емес, жақсы адам болу — борыш».

Негізгі қағидалар

Бүгінгі әңгімеден адамгершіліктің мынадай негізгі қағидаларын атап өттік:

  • Кешірімді болу, кек сақтамау
  • Сөйлесе білу, тыңдай білу
  • Әділ болу
  • Ізеттілік
  • Рұқсат сұрау
  • Кешікпеу
  • Амандасу
  • Өсек айтпау
  • Уәдеде тұру
  • Имандылық
  • Мейірімділік
  • Сабырлылық
  • Қайырымдылық

Түсіндірмелер

Камила: Ізеттілік және амандасу

Ізеттілік — айналаңдағы адамдарды құрметтеу, кішілік мінез таныту. Амандасу — бейбіт пейілдің, достық ықыластың белгісі әрі мінез-құлық нормасы.

Толқын: Әділ болу

Әділ болу — адамшылықтың асыл белгісі. Әділетті қоғам адамдар имандылық қағидаларын сақтап, әдет-ғұрып пен дәстүрге, құқықтық нормалар мен заңға сүйенгенде ғана орнығады.

Мадина: Рұқсат сұрау

Рұқсат сұрау — қарым-қатынастағы ішкі мәдениетті білдіретін этикалық қағида. Бұл өзгенің меншік құқығын құрметтеу және оған қол сұқпау деген сөз.

Айбану: Имандылық

Имандылық — адамның рухани тазалығы мен сенімін айқындайтын қасиет. Иманды бала дөрекілікке бармайды, ата-анасын ардақтайды, кісіге қиянат жасамайды.

Кенже: Кешікпеу

Кешікпеу дағдысын бала жастан қалыптастырған дұрыс. Кешігу — өзгені сыйламау. Уәделі жерге ерте барып, кешіккен жағдайда міндетті түрде кешірім сұрау керек.

Әлия: Сабырлылық

Сабырлылық адамға екі жолмен дариды: бірі — туа біткен, екіншісі — өзін-өзі тәрбиелеу арқылы қалыптасады. Сабырлы адам өз мінез-құлқын басқара алатынын көрсетеді.

Даяна: Қайырымдылық

Қайырымдылық — айналаңдағы адамдарға ізгі іс жасау. Қайырымдылық бар жерде қатыгездікке жол жоқ. Өзге үшін жасалған жақсылық адам жанын нұрландырып, мәртебесін көтереді. Қайырымды бала — ата-анасының мақтанышы.

Қорытынды

Бүгінгі сабақта біз бойымызға адамгершілік қасиеттерді ұялата білудің маңызын түсіндік. Қонақтарымызға алғыс білдіре отырып, құрмет ретінде шағын сыйлықтар табыстаймыз.

Адам болып туғаннан соң өмірге,
Адам болып келгеннен соң өмірге.
Адамдықты ұмытпайық, ағайын,
Адам болып жаратқан соң өмірге.

Адамгершілік — жылы жүректен бастау алатын асыл қасиет. Ендеше, бәріміз шаттық шеңберіне тұрып, бір-бірімізге жүректен шыққан ақ тілектерімізді арнайық.

Сабақты тақтада жазылған нақыл сөздермен аяқтаймыз.

Ән:

«Өзгермеңдерші, адамдар» (Әлия мен Мадина)