Досыңмен қызықты шақтарды бөлісе біл

Тәрбие сағаты

«Біздің тілегіміз — достық»

Бұл тәрбие сағаты оқушылардың достық туралы түсінігін тереңдетіп, сыйластық, адалдық, мейірім және адамгершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған.

Сабақтың тақырыбы

Біздің тілегіміз — достық

Көрнекіліктер

  • Интерактивті тақта
  • Нақыл сөздер
  • Шарлар
  • Мақал-мәтелдер

Негізгі идея

Нағыз дос — қиын сәтте сүйеніш болатын, сырыңды сақтайтын, шындықты айта алатын және жақсылығыңа қуана білетін адам.

Сабақтың мақсаты

Түсіндіру

Достың адам өміріндегі маңызы мен орнын, достықтың шынайы белгілерін таныту.

Тәрбиелеу

Оқушыларды адамгершілікке, имандылыққа, адалдыққа, татулық пен мейірімге тәрбиелеу; әр баланың досының жақсы қасиеттерін үлгі етіп, өз бойына сіңіруіне және досын дұрыс тани білуіне ықпал ету.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылармен амандасу, сабаққа дайындық, сыныптың назарын тақырыпқа бағыттау.

II. Тақырыпты жариялау және мақсатты түсіндіру

1-жүргізуші

Құрметті қонақтар, оқушылар! Бүгінгі тәрбие сабағымыздың тақырыбы — «Біздің тілегіміз — достық». Сабақ барысында екі топқа бөлініп жұмыс жасаймыз:

  • 1-топ: «Сыйластық»
  • 2-топ: «Достық»

Ойланып көрейік: дос, дос болу, достық дегеніміз не?

2-жүргізуші

Дос деген кім?

  • Сыр бөлісетін адам
  • Сені жақсы түсінетін адам
  • Көмекке әрдайым дайын адам
  • Қандай жағдай болмасын қасыңнан табылатын адам
  • Сенімді адам

Сендердің достарың бар ма? Ол қандай адам? Оның мінезі мен қасиеттері қандай?

III. «Дос» күншуақтарын құрастыру

Тақтаға «Дос» сөзін жазып, оның айналасына достың қасиеттерін орналастыру ұсынылады.

адал жомарт адамгершілігі мол қарапайым мейірімді кешірімді төзімді ақылды сабырлы салмақты кек сақтамайды ашық бүкпесіз

2-жүргізуші

Дос — өмірдегі ең шыншыл, ең адал, ең қымбат жан. Халқымыз «Жаман дос — көлеңке» дейді. Демек, дос деп қиын сәтте арқа сүйей алатын, көмегін аямайтын, сырыңды басқаға шашпайтын ізгі жанды айтамыз.

«Дұшпан күлдіріп айтар, дос жылатып айтар» деген мақалдың мәні — дос шындықты айтып, кемшілігіңді түзетуге көмектеседі. Сондықтан сөзіне берік, абзал дос таңдау маңызды, әрі өзің де сондай дос болуға ұмтылуың керек.

1-жүргізуші

Достық — бір-бірін шын жақын көріп, қалтқысыз сеніп, тілектес болу. Достық — өмірдің ең үлкен қуаныштарының бірі: сырыңды айтып, қуаныш-қайғыңды бөлісетін адамның болуы.

Шекспирдің ойы да осыған үндес:

«Не жетеді нағыз досқа, асылға,
Қуансаң да, қайғырсаң да қасыңда.
Қиналады, сен қиналсаң болғаны,
Ұйықтамасаң — ұйықтамайды ол дағы.»

IV. Достық туралы өлеңдер

Оқушылар достық жайлы жатқа білетін өлең шумақтарын оқиды.

1-оқушы

Дос дегенің байлық қой,
Басқа байлық іздеме.
Досың болса ойнайтын,
Қарамайсың түзге де.
Досыңменен ұрыспа,
Досың барда еркесің.

2-оқушы

Бір-біріңді бағалар,
Дос болыңдар, балалар.
Дос болсаңдар қуанар,
Ата, әже, аналар.

3-оқушы

Дос дегенің — ұлы ұғым,
Бала кезден мұны ұғын.
Достарыңа әр күні
Сыйла көңіл тұнығын.

4-оқушы

Адал дос барлық жерде екен,
Өмірде достың орны ерек екен.
Жақсы дос жадыратса жан дүниеңді,
Жаман достар жамандық ойлайды екен.

V. Хаттар мен жағдаяттарды талдау

«Айгөлек» журналы арқылы келген хаттардан үзінділер оқылып, оқушылар көмек сұралған мәселелерді талқылайды.

Пікірталас: жағдаяттан шығу

1-жағдаят

Сырым мен Дина дос болатын. Бірде Сырымның лақтырған добы Динаның басына тиіп кетті. Ал Сырым болса добын домалатып теуіп, ойынын жалғастыра берді.

  • Сырым мен Динаны шын дос деуге бола ма? Неліктен?
  • Бұл жағдайдан кейін достық қалай жалғасуы мүмкін?

2-жағдаят

Құрбылары Жанарға балмұздақ берді. Жанар алға қарай тез кетіп, артына қарамай, «рахмет» деп айтуға да жарамады.

  • Осыдан кейін балалар Жанармен дос бола ма? Неліктен?
  • Сыйластық пен алғыс айту достыққа қалай әсер етеді?

VI. Ойын: «Досымның жүрегі»

Әр оқушы кеудесіне тағылған жүрекше қағазға сыныптасының жақсы қасиеттерін жазып, соңында дауыстап оқиды. Бұл тапсырма бір-бірін бағалауға және жылы сөз айту мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі.

VII. Қорытынды: мақал-мәтелдер

Достық тақырыбын бекіту үшін мақал-мәтелдер айтылады:

Кемшіліксіз дос іздеген адам доссыз қалады.
Дұшпан күлдіріп айтады, дос жылатып айтады.
Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ.
Киімнің жаңасы жақсы, достың көнесі жақсы.
Көп ақшаң болғанша, көп досың болсын.
Досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас.
Досы жақсының — өзі де жақсы.
Дос басқа қарайды, дұшпан аяққа қарайды.

Достық ережесі

Төмендегі ережелерді есте сақтап, күнделікті өмірде қолдануға тырысайық:

  • Қиын кезде бір-біріңе көмек көрсетіңдер.
  • Досыңды алдамай, оған адал бол.
  • Досыңды қорлама.
  • Қызықты сәттерді бөлісе біл.
  • Досыңды барда да, жоқта да әділ бағала.
  • Досыңның кемшілігін кешіре біл.

Мұғалім сөзі

Достық тек адамдар арасында ғана емес, ұлттар мен мемлекеттер арасында да болады. Қазақстан әлем елдерімен достық қарым-қатынас орнатып келеді. Тәуелсіздік алғаннан бері еліміз бірлік пен ынтымақтың арқасында әлемге танылды. Бірлігі жарасқан республикамыздың көк байрағы биіктеп, халқымыздың арманы орындалсын!

Рефлексия және қорытынды ән

Оқушылардан сабақ туралы әсері сұралады. «Арамызда тек достық болсын» деген тілекпен сабақ «Достық» әнімен аяқталады.

«Достық» әні

Ортақ мекен — жер шары,
Төбемізде бір аспан.
Барлық ұлттың баласы,
Достығымыз жарасқан.
(2 рет)

Ортақ бізге бір Отан,
Ортақ жердің байлығы.
Еңбек ортақ, жыр ортақ,
Ортақ бізге барлығы.
(2 рет)

Туыспыз біз бәріміз,
Біз Отанды сүйеміз.
Бақытты елде туған соң,
Бақытты өмір сүреміз.
(2 рет)

Оқушыларды мадақтау

Бүгінгі сабаққа белсене қатысып, өз ойларыңды ашық білдіргендерің үшін алғыс айтамын. Достығымыз нығая берсін!