Аяқталмаған мәтін
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Мекеме
Павлодар облысы, Екібастұз қаласы, Солнечный кенті, №28 Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп
Пән мұғалімі
Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі — Абилгаламова Айжан Кенжеханқызы
Сабақ тақырыбы
Мәтіндегі күрделі сөздер
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушыларға мәтін мен сөз мағынасы, сондай-ақ мәтіннің тақырыппен байланысы туралы толық мәлімет беріп, олардың ой-пікірін қалыптастыру.
Дамытушылық
Ой-өрісін кеңейту, ойлау белсенділігін арттыру, сөйлеу шеберлігін және тіл мәдениетін дамыту, сөздік қорын молайту.
Тәрбиелік
Елін, жерін, Отанын қадірлеуге, адамгершілікке, адалдыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Сабақтың құрылымы мен ұйымдастырылуы
Сабақ түрі
Қалыпты сабақ.
Сабақ әдістері
- Түсіндіру
- Суреттеу
- Салыстыру
- Сұрақ-жауап
- Сөздікпен жұмыс
- Бағалау
- Бекіту
- Қорытындылау
Көрнекіліктер
- Дидактикалық материалдар
- Кестелер
- Кеспе қағаздар
- Тірек сызбалар
Жұмыс формалары
- Жеке оқушымен жұмыс
- Топпен жұмыс
- Сынып ұжымымен жұмыс
Сабақ кезеңдері
- 1. Ұйымдастыру кезеңі
- 2. Үй тапсырмасын сұрау
- 3. Жаңа сабақты түсіндіру
- 4. Қорытындылау және бағалау
Сабақтың барысы
I. Үй тапсырмасын тексеру
- Мәтіннің түрлері.
- Ауызша және жазбаша мәтіндер, олардың ортақ белгілері.
Оқушылар үш топқа бөлінеді.
II. Қызығушылықты ояту
Ой қозғау: блиц (шұғыл) сұрақтар. Сыныптан 5 оқушы өз қалауымен ортаға шығады.
Карточкалар
- мұғалім
- аспаз
- мектеп директоры
- оқушы
- күзетші
Ереже
Сынып оқушылары кейіпкерлерге кезекпен сұрақ қояды. Сынып ең ұтымды әрі мәдениетті жауап берген кейіпкерді анықтайды. Ал кейіпкерлер өздеріне мәнді, мағыналы сұрақ қойған оқушыны белгілейді. Әр таңдаудың себебі қысқаша дәлелденеді.
III. Мағынаны тану
1) Мәтінді оқу тапсырмасы
- Мәтіннің сөз саптау тәсіліне қарай қай түрге жататынын дәлелде.
- Мазмұны бойынша әр абзацқа тақырып қой.
- Осы тақырыптарды біріктіретін негізгі тақырыпты анықта.
Оқылым мәтіні
Тоқтар ғарышқа ұшып, аман-есен елге оралған соң осында, туған жеріне келді. Қарқаралы халқы Тоқтарды хан көтеріп күтіп алды. Содан Шайтанкөлге келдік.
Ол мұнда келген бойда дереу шешінді де, суға қойып кетті. «Ай-хой, ой-хой» деп ары-бері әбден жүзді. «Туған жерін сағынған ғой» деп біз де еміреніп тұрмыз.
Бірақ көп ұзамай бұл оқиға қиын жағдайға ұласты. Ертесінде ғарышкердің денесінде адам көргісіз жаралар пайда болды. Дәрігерлер дереу қарап, түрлі жақпамай жақты. Алайда жара кетер емес.
Жағдайдан Алматы да құлағдар болса керек, апыл-ғұпыл Тоқтарды сонда алып кетті. Сізге өтірік, маған шын — әлгі жара оңайлықпен жазыла қоймады.
Бір күні Тоқтар түс көріпті. Түсінде аппақ киімді, аппақ сақалды бір ақсақал: «Әй, Тоқтар! Сен менімен амандаспадың ғой!» — десе керек.
Содан Тоқтар дәрігерлердің қарсылығына қарамай, Қарқаралыға салып-ұрып жетеді. Келе сала Шайтанкөлге беттейді. Жоғары көтеріліп, көлді көре сала: «Ассалаумағалейкум!» — деп амандасады.
Бір түн түнейді. Түсінде әлгі шал ырза кейіпте көрініп, Тоқтардың үсті-басын қолымен бір сипап өтеді. Қанша мықты дәрігер емін таба алмай, жаза алмай қойған жара сол сәтте-ақ жоғалып кетеді.
Тоқтар құлан-таза айығып шығады. Ғарышкерлердің денсаулығын қарайтын дәрігерлер аң-таң болады.
Сергіту сәті
«Қара жорға» биі.
2) Аяқталмаған мәтін
Оқушылар мәтінді өз ойларымен аяқтайды. Мәтіннен күрделі сөздерді тауып, олардың жасалу жолдарын түсіндіреді.
I топ
Ұйқыдан тұрған адамдай мең-зең болған Ақылбайдың құлағына сыбыр-сыбыр дыбыс естілді. Ол тұра сала, жан-жағына сезіктене көз салды. Бұрын оянған Михаил тозығы жеткен етігімен жерде жатқан қурайды ерсілі-қарсылы бытыр-бытыр басып жүр екен.
Сұлап-сұлап жығылып жатқан ұзын-ұзын қарағайларды көрді. Оқшау өскен зәулім үйеңкінің басында жалғыз аққұтан отыр. Ол адамнан жасқанып ұшып кетпеді, керісінше, көзі жасаурап, көмек сұрағандай жалтақ-жалтақ қарай береді. Оның балапандары «шыр-шыр» етеді…
II топ
Мектепті биыл аяқтаған Бекболат ҰБТ-дан жоғары ұпай алды. Оның арманы — жоғары оқу орнына түсіп, таңдаған мамандығының иесі болу.
Ол бүгін екі-үш досымен бірге Екібастұздан Алатау баурайында орналасқан Алматыға ИЛ-62 ұшағымен ұшып келді. Себебі ол ҚазМҰУ-ға оқуға қабылданған…
III топ
Орталық Қазақстанда ағаштың көптеген түрі бар. Қарқаралы, Баянауыл, Көкшетау, Ереймен тауларында әдемі ақ қайыңдар, боз талдар өседі.
Бұл өңір түрлі-түсті металдарға да өте бай. Республикамызда көмір, мұнай, мыс, темір шығатын жерлер көп. Қарағанды, Екібастұз, Жезқазған, Қоңырат, Бозшакөл, Қарқаралыдағы Кентоғай, Қостанайдағы Соколов–Сарыбай және Лисаков кен орындары — еліміздің басты байлығы…
IV. Талдау
«Ғарышкер» сөзіне дыбыстық талдау жасау.
V. Қорытынды
Ойын: «Білдік — білмедік».
VI. Үй тапсырмасы және бағалау
Үй тапсырмасы
- 30-жаттығу.
- Берілген сөз тіркестері мен тірек сөздерді пайдаланып, «Сынып міндеттемесі» тақырыбында шығарма жазу.
Бағалау
Оқушылардың жауаптары мен тапсырмаларға қатысу белсенділігі бойынша қорытынды баға қойылады.