Өмірдің қадірін білу

Рухани жаңғырудың бір қыры

«Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүкіл тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек».

Н. Назарбаев

Рухани тазару: адамзаттық тәжірибе және сабақтастық

Рухани тазару ілімінің алғашқы ұшқындары адамзат тарихында өте ертеден пайда болып, заман талабына сай түрленіп, өркендеп келеді. Ең көне діни дәстүрлердің бірі саналатын Будда ілімінде де рухани тазару ұғымдары күні бүгінге дейін сақталған. Мысалы, нирванаға жету — рухани тазарудың нәтижесінде жүзеге асатыны көрсетіледі.

Бүгінгі дәстүрлі діндердің бәрінде өзіндік рухани тазару қағидалары бар. Тіпті, діннің өзін рухани тазаруға бастайтын ілім деп танитындар да кездеседі. Осыдан болар, дінді ұлттық әдеп-ғұрыппен астастыра қабылдайтын түсінік кең тараған.

Қоғамның рухани иммунитеті және тарихи бұралаңдар

Кез келген қауымдастықтың рухани азғындауы оның әлсіреуіне, тіпті құрып-жойылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан қоғам өзін сақтап қалу үшін азғындықтан арылтатын жол іздеп, бағдар беретін рухани тазару үрдісіне мұқтаж болады.

Түркі дәуірінен бастап Алаш кезеңіне дейінгі аралықта рухани тазарудың бірнеше кезеңі болғаны тарихтан белгілі. Дегенмен, белгілі бір дәуірлерде рухани тазару ілімі халық санасын «шаю» секілді ұғымдармен алмастырылып, қасаң идеологиялық қысымға ұшыраған тұстар да болды. Мәселен, тәңіршілдік дүниетаным мен шамандық сенім кеңістігінде қызмет атқарған бақсы-балгер, көріпкел-тәуіптердің қуғындалған кезеңі де тарихта бар.

Осындай алмағайып шақта Қожа Ахмет Ясауи рухани тазару ілімін жаңғыртып, «хәл ілімін» қалыптастырды, пенделік кемелденудің жолын ұсынды. Ясауи ұлттық салт-сана мен дінді үйлестіре білді. Содан бері рухани тазару ілімі талай құлдырап, талай көркейіп, кейде үзіліп қала жаздаса да, Ұлы Дала Ұлық Ұстаздарының көрегендігі мен батылдығы арқасында егемендік дәуіріне жетті.

Кеңестік кезеңде интернационализм мен жауынгер атеизм үстем болып, рухани тазару ілімі «зиянды идеология» ретінде айыпталды, тамырына балта шабылуға жақын қалды. Бірақ оны ұлттың тарихи жадынан өшіру мүмкін емес еді. Жаңа ғасыр басында бұл арна қайта жанданып, «Рухани жаңғыру» идеясына ұласты.

Заманауи кемел кісі: өлшемдер және жауапкершілік

Бүгінгі рухани жаңғыру қазақтың рухани тазару іліміне сүйеніп жүзеге асады. Заманауи кемел кісі де осы негізде қалыптасады. Оның кісілік бейнесі, ақыл-ой парасаты, білім-біліктілігі — Ұлы Даланың ұлық ұстаздары ұсынған «Толық адам», «Текті тұлға» секілді өнегелік үлгілермен сабақтасып, уақыт талабына сай жаңа сапалармен толықтырылады.

Негізгі қағида

Заманауи кемел кісінің қалыптасу барысы оның даму, жетілу кезеңдеріне сәйкес үнемі тексеріліп, бағаланып, сыналып отырады.

Кісілікке бастайтын тұтас тәрбие

Адамның сана-сезімін, адамшылығын жоғары деңгейге көтеру оның тәжірибесі мен ақыл-ойына, зердесіне байланысты. Әрбір кісі бойындағы иманымен ұштасқан жауапкершілікті сезініп, өмірде кездескен мәселелерді, міндеттер мен мақсаттарды іс жүзінде шешуге ұмтылуы тиіс.

Түсінігі жеткіліксіз, білімі кем адам қоршаған ортаны сыни көзбен танып, тұжырым жасауға қиналады. Бірақ білімнің өзі де жеткіліксіз болуы мүмкін: егер кісі рухани мәдениетке көңіл бөлмесе, алған білімі сыңаржақ күйде қалады. Сол себепті әр адам халқымыздың рухани мәдениетінің барлық бағытынан нәр алып, жан-жақты дамуға тиіс. Сонда ғана ол салауатты, кемел азамат бола алады.

Қазақ ұғымындағы кісілік өлшемдері

Қазақы танымда адамның кісі деңгейіне көтерілуі өмір заңдылықтарын білуімен және оны ұстануымен өлшенген. Мысалы:

  • бес асылды бойға сіңіру;
  • алты байлықтың қадірін білу;
  • жеті атасын таратып, тегін тектей алу;
  • сегіз парыз-қарызды өтеу;
  • тоғыз жаудан аулақ болу;
  • он қағиданы ұмытпау.

Бұған қоса, ғалым-ғұламалардың, ойшылдардың, ақын-жыраулардың, би-шешендердің аманат-өсиеттерін жаттап қана қоймай, терең түсініп, өмірге ұластыра алған адам ғана «кісі» атанған.

Ескерілмей қалған қағидалар: алты қадір

Жасы үлкен болғанымен, кісілік деңгейге көтеріле алмаған жандардың кездесуі — текті тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыруда кеткен олқылықтың салдары. Ондай олқылық көбіне мына алты қадірді елемеуден басталады.

1) Жастықтың қадірін білу

Жастық шақ — қайта айналмас алтын дәуір: өнер-білім үйренетін, қиындықты елемей, арманға ұмтылатын, талап пен жігер таситын кезең. Жастықтың қадірін білу — уақыттың қадірін білумен тең. Уақыт — әрі сыншы, әрі сарапшы, әрі қатал өлшем. «Сағат сатып алсаң да, уақытты сатып ала алмайсың» деген ескерту осыны аңғартады.

Уақытты босқа өткізбей, мәнді пайдалану — үлкен мәдениет.

2) Денсаулықтың қадірін білу

«Бірінші байлық — денсаулық» деген қағида қазақ дүниетанымында ерекше орын алған. Дәстүрлі өмір салтында тазалыққа мән беріліп, табиғи әрі таза ас-суды тұтыну дәріптелген. Жас ерекшелігіне лайық тағам таңдаудың да өз тәртібі болған: қартқа — жылы-жұмсағы мен нәрлісі, жасқа — қуат берер қайраты молы.

Қымызды да мөлшермен ішкізу, қомағайлықты тежеу, жыл мезгіліне сай киіндіру — денсаулықты қорғаудың тұрмыстық мәдениеті ретінде қалыптасқан.

3) Өмірдің қадірін білу

«Өмір деген — бұйым емес қолдағы, өмір дейтін — ұлы бекет жолдағы». М. Мақатаев

«Өмір — теңіз, өтіп кетем демеңіз, ізгіліктен жаралмаса кемеңіз». Рудаки

«Өмірдің қызығын көрудің бір-ақ жолы бар: батыл болып, жеңілістер мен ауыртпалықтардан қорықпау». Дж. Неру

Өмір жолы көшкен керуен соқпағына ұқсайды: бұралаңы да, жазығы да, биік асуы да, құлдиы да бар. Кейде дауыл соғып, кейде нөсер құйып, өткел бермес өзенге айналатын тосқауылдар кездеседі. Мұндай бөгеттен шаршамайтын, талмайтын керуен ғана өтеді. (І. Есенберлин пайымы)

Өмір — баға жетпес сый. Ол бір-ақ рет беріледі. Сондықтан әрбір сәтті мәнді де сәнді өткізу, қиындықпен күресе білу, жауапкершілікпен таңдау жасау — кісілікке тән мінез.

4) Халықтың қадірін білу

Халық — береке мен ырыстың, құт пен қуаттың қайнар көзі. «Көппен көрген ұлы той», «Елдің күші — селдің күші», «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» секілді нақылдар бірлік пен ынтымақтың бағасын танытады.

Халықтың қадірін білу — елге, Отанға қызмет етудің, ұлтжандылықпен қараудың қарапайым да биік ережесі.

5) Ағайын-туыс, дос-жаранның қадірін білу

Қазақ тәрбиесінде туыстық байланыс пен достықтың құны ерте түсіндірілген: жақыныңның көмегі мен демеуі, ақыл-кеңесі — өмірлік тірек. Отбасындағы әке беделі, ана мейірімі, қарттың даналығы — мінез түзейтін тұтас жүйе ретінде қызмет еткен.

«Әке — асқар тау, ана — қайнар бұлақ, бала — жағасындағы құрақ».

«Әке сыйламағанның жақыны кем. Ана сыйламағанның ақылы кем».

Достық туралы халық тәжірибесі де терең: адал достық — өмірлік нұсқа, амал достық — қысқа өріс. «Жаман дос көлеңке: басыңды күн шалса қасыңнан қалмайды, бұлт шалса маңыңнан табылмайды».

А. Байтұрсынов: «Адамға адал жолдас табу қиын. Көбісін дос жасайды ақша, бұйым. Досым деп көрінгенге сене берме, Ахмет, бар болса егер баста миың».

6) Қолда бардың қадірін білу

Қолда бар игілікті бағалау — тек дүниені емес, қасындағы есті, өнегелі адамдарды да қадірлеу. Бар кезінде үйреніп қалу — парыз. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген сөз осыған саяды.

Абайдың өзін-өзі есепке алу қағидасы

«Егер есті кісі қатарында болғың келсе, өткенге ой жібер: күніне бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал…»

Қадірін білмеу — ысырапқа, мақтанға, астамдыққа жетелейді. Барға қанағат етіп, орнымен жұмсау, шүкірлік қылу — салиқалы кісінің белгісі.

Қазақ ұрпақ қамын ойлап, байлығын сақтап, қорғап, көбейтуге ұмтылған. «Он үште — отау иесі» деген сөз ерте есеюдің, жауапкершілікке ерте бейімдеудің белгісі ретінде орныққан.

Жас кезеңдері және қоғамдық сынақ мәдениеті

Қазақ тәжірибесінде жастың өсуі тек жас мөлшері емес, қоғам алдындағы сыннан өту, міндет арқалау ретінде қабылданған. Ертеректе Наурыз айында жастардың әзірлігі мен қабілетін сынап, өнерін көрсеткізіп, тіпті қыз күресін ұйымдастыруға дейін барған. Бұл — қоғамның тәрбиені бақылап, бағалауға қатысуының бір үлгісі.

Алғашқы мүшел: 13 жас

Есеюдің басы. Бұл шақта балаға әдептілік пен жауапкершілік үйретіліп, «өз басын ғана емес, бір шаңырақты ұстай алатын» деңгейге жеткізу мақсат етілген.

Екінші мүшел: 25 жас

Жігіттік жетілу, азаматтық нығаю, адамгершілік толысу кезеңі. Осы тұста «жігіт сыны», «қыз сыны», «азамат байқауы» секілді қоғамдық бағалау дәстүрлері күшейген.

Тәрбие туралы педагогикалық аксиомалар

1) 3–13 жас аралығы — мәдени кодты игертудің шешуші уақыты

Егер үш пен он үш жас аралығында балаға өз ұлтының әдеп-ғұрпы жүйелі түрде сіңірілмесе, кейін ол өздігінен өзіне ұнаған үлгілерді қабылдайды. Кейін қалыптасқан дағдыны кері қайтару өте қиын. Бұл заңдылық бүгін де өзекті: киіну әдебі, ауқаттану, демалыс мәдениеті, тіпті сәлемдесу мәнері қазақы болмысқа сыйыспайтын қылықтармен көбейіп барады.

2) Интеллект қалыптасуының кезеңдік шегі

Ғылыми дерек бойынша интеллектінің 40–50%-ы бес жаста, 60–70%-ы жеті жаста, 9 жаста 92%-ға дейін қалыптасып, 15 жаста толықтанады. Осы кезеңдерде баланы «басын білгеннің зияны жоқ» деген желеумен артық ақпаратқа тұншықтырудың орнына, шынайы сауаттылықты, ортақ білім негіздерін толық меңгерту маңызды.

Қазақ тәжірибесі мұны ерте аңғарған: балаларға зияткерлік ойындарды мол ойнатып, зердені өсіретін тәсілдерді көп қолданған. Мысалы: жұмбақ айтыс, қара өлең айтыс, ауызша есептеу (қазақтың қара есебі), жыр-дастан мен терме жаттау, тоғызқұмалақ, хан дойбы, шахмат, асық ойындарының есепке құрылған түрлері.

Ұсыныс: кісілік сапаны тексерудің қоғамдық үлгісі

Жастардың кісілік сапалары мен асыл қасиеттерді игеру деңгейін байқап, сынап, тексеру мәселесі — бүгін де маңызды. Осы тұрғыдан екі ұсыныс айтылады:

  1. 1 Он бес жасқа толған ұл мен қыздың ата-ана, ағайын-туыс алдында, қара шаңырақ көлемінде есеп беріп, жыл сайын Наурызда сынақ тапсыруын әулеттік деңгейде дәстүрге айналдыру.
  2. 2 Он сегіз жасқа толған қыз бен жігіттің ауыл, кент, шағын аудан деңгейінде өнер көрсетіп, педагогикалық-дәрігерлік комиссияға жазбаша емтихан тапсыруын жүйелеу.
Қобдабай Қабдыразақұлы (ғалым-жазушы)