Жетімдердің анасы, жесірлердің панасы

Сабақтың тақырыбы

Мейірімділік — асыл қасиет.

Сабақтың мақсаты

Қазақстанның бірінші ханымы, «Бөбек» балалар қорының Президенті Сара Алпысқызы Назарбаеваның өмір жолын таныстыру; оның жалпыадамзаттық рухани құндылықтарға бастайтын қайырымдылық істерін түсіндіру.

Елімізде адамгершілік-рухани білім берудің дамуына қосқан өлшеусіз үлесін атап өтіп, жер бетіндегі халықтардың ортақ арманы — өзара түсіністік пен сыйластықты сақтау қағидасын ұғындыру.

«Өзін-өзі тану» әлемінің басты мақсаты — ұл-қыздарымызды өзімен және қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүруге баулу екенін ашып көрсету.

Сара Алпысқызының ұлағатты ұстанымдары арқылы жас ұрпақтың жүрегінде мейірім, бауырмалдық, сүйіспеншілік, махаббат, достық сияқты ізгі қасиеттерді тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

Шаттық шеңбері

Қайырлы күн, құрметті оқушылар! Сіздерді шаттық шеңберін құруға ортаға шақырамын. Шеңбер бойымен бір-бірімізге жылы тілек айтып шығайық.

Тілектеріңізге көп рақмет! Жүрегіміз қуанышқа толды. Ендеше, сабағымызды бастайық.

Ой қозғау: сұрақтар

  • «Алтын жүректі», «үлкен жүректі» деген сөздер қандай мағынада айтылады?
  • Алтын жүректі, үлкен жүректі адамдар деп кімдерді айтамыз?
  • Айналадағы адамдардың жақсылығын, мейірін сезіп, байқап, бағалай аласыздар ма?
  • «Мейірімділік», «мейірбан», «мерейлі» сөздерін қалай түсінеміз? Бұл ұғымдар туралы не білеміз?

Оқушылардың жауаптары мұқият тыңдалады, ойлары толықтыру сұрақтарымен нақтыланады.

Мәнерлеп оқу: Сара Алпысқызына арналған өлеңдер

Жетімдердің анасы, жесірлердің панасы,

Алпыс аға бөбегі, Нұрағаңның Сарасы.

Жанын салып жүр бүгін қарлығашы бақыттың,

Жақындаса түссін деп адамдардың арасы.

Қиындықсыз өмір жоқ, қиындықтан өтерсің,

Дейді бізге Сарамыз — дегеніне сенеміз.

1-оқушы

«Бөбек» сөзі түспейді сенің сөздік қорыңнан,

Баспана боп оларға келе жатсың болып нан.

Сол балалар үшін бір бәйек болып күндіз-түн,

Аяп көрген жоқсың сен келгеніңді қолыңнан.

2-оқушы

Алда талай қиналу, алда талай толғаныс,

Жетсем екен дейтұғын арман да асыл, жол да алыс.

Шешек жару, гүл ату — Жер ананың төл ісі,

Жылығанды жұбату — Ел-анаға тән ісі.

3-оқушы

Осының бәрін кішкентайдан үйреткен,

Мейіріммен сәбилерге нұр төккен.

Біз тілейміз Сара апаға денсаулық,

Шаттыққа толы жүрекпен.

4-оқушы

Танымдық бөлім: игі істер мен марапаттар

Сара Алпысқызы — «Бөбек» қайырымдылық қорының негізін қалаушы. Ол жетім балалардың мүддесін қорғауға елеулі үлес қосып, оларды тәрбиелеудің жаңа жүйесін қалыптастыруға ықпал етті. Елімізде тұңғыш SOS Kinderdorf балалар ауылының ашылуына мұрындық болды.

«Бөбектің анасы» атанған Сара Алпысқызы көптеген игі бастамалардың ұйытқысы болды: елімізде балалар емханаларының ашылуына, түрлі қайырымдылық шараларының ұйымдастырылуына белсенді атсалысып келеді. Ерен еңбегі әлемдік қауымдастық назарын аударып, 1999 жылы SOS Kinderdorf халықаралық қорының Алтын медалімен, 2002 жылы ЮНИСЕФ-тің арнайы сыйлығымен марапатталды.

Сара Назарбаева — Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының И. Дограмачи атындағы және Юнита халықаралық сыйлықтарының лауреаты. Оның бастамасымен елімізде жетім балаларды қорғау туралы заң қабылданды.

2006 жылы мамыр айында Мәскеуде адамзаттың ізгі мұраттарына қызмет еткені үшін «Алтын жүрек» халықаралық сыйлығы табысталды. 2012 жылы аналар мен балаларды қорғаудағы, сондай-ақ жас ұрпаққа рухани-тағылымдық білім берудегі еңбегі үшін «Достастық жұлдызы» сыйлығы берілді.

Күлкісіне сәбидің толсын деп кең даламыз,

Шапағат пен мейірім дәнін сепкен панамыз.

Алдыңызда мәңгілік қарыздар боп қаламыз,

Құтты болсын туған күніңіз, Алтын жүрек анамыз.

Оқушы

Шығармашылық жұмыс

С. А. Назарбаеваға арналған оқушылардың тілектері мен құттықтау хаттарын дайындау.

Қорытынды сөз

Құрметті оқушылар, қонақтар! Сабақты Сара Алпысқызының ұрпаққа арнаған өнегелі тілегімен қорытындылайық:

Қымбатты балалар, мен — анамын, әжемін, шөбере сүйдім. Мен еліміздегі барлық баланы өз баламдай жақсы көремін. Сендерді үлкендердің өнегесін ғасырларға жалғайды деп сенемін. Ата-анаңа, айналаңдағы адамдарға мейірімді бол. Оларды сыйлай біл. Өтірік айтпа. Сонда сенің бойыңда сенімділік, өмір сүруге деген құштарлық, жалын пайда болады. Жүрегіңде өмірге, ата-анаңа, ең жақын адамдарыңа деген бауырмалдық пен сүйіспеншілік бүр жарып, махаббатқа, достыққа ұласады. Мен сендерге осындай ізгі тілек тілеймін.

Жүректен — жүрекке

Шеңберге тұрып, «Бала тілегі» әнімен сабағымызды аяқтайық.