Қаршыға күйлерінің иірімдерін түсіндіре отырып, орындалу ерекшеліктерін көрсету
Сабақтың тақырыбы
Қ. Ахмедияров — «Алтын ұя»
Сабақтың түрі
Бекіту сабағы.
Қолданылатын технология
Сын тұрғысынан ойлау стратегиялары.
Сабақтың мақсаты
Білім алушыға Батыс Қазақстан күйшілерінің көрнекті өкілі Қаршыға Ахмедияров күйлерінің сипатын түсіндіру; күйшінің орындаушылық ерекшеліктері мен өзіне ғана тән саздық өзгешелігі туралы толық мағлұмат беру. «Алтын ұя» күйіндегі иірімдерді талдап, орындалу ерекшеліктерін көрсету.
Білімділік
Күйдің тарихы мен мазмұнын таныстыру арқылы музыкалық қабілетті арттыру, білімді тереңдету.
Тәрбиелік
Күй өнері арқылы рухани мәдениетті қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды қадірлеп-қастерлеуге тәрбиелеу.
Дамытушылық
«Алтын ұя» күйінің шығу тарихын білу, характерін жеткізіп ойнау арқылы шеберлік деңгейін дамыту.
Оқыту әдістері мен ресурстар
Оқыту әдістері
- Түсіндіру, талдау
- Ойқозғау, іздендіру
- Жинақтау, сұрақ-жауап
Көрнекілігі
- Домбыра аспабы
- Видеопроектор, үнтаспа
- Кітаптар бұрышы, үлестірме қағаздар
Пайдаланылған әдебиеттер
- «Күй Ұран» — Қ. Ахмедияров.
- «Домбыра үйрету әдістері» — К. Сахарбаева.
- «Қазақ мәдениеті» энциклопедиялық анықтамалық.
- «Күй өнері» — А. Сейдімбек.
Сабақ жоспары
- I. Ұйымдастыру бөлімі
- II. Үй тапсырмасы
- III. Үй тапсырмасын бекіту
- IV. Қызығушылықты ояту
- V. Жаңа сабақ
- VI. Музыкалық сауаттылық
- VII. Сергіту сәті
- VIII. Мағынаны тану
- IX. Қорытынды
- X. Үй тапсырмасы
- XI. Бағалау
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру бөлімі
- Оқушымен амандасу, сабаққа назар аударту.
- Психологиялық дайындық (шағын әңгіме және сұрақтар).
Сабақты бастамас бұрын оң және сол қолдың қимылын теңестіру, домбыра пернесін еркін меңгеру үшін міндетті түрде гамма орындалады: Ре мажор гаммасы (арпеджиосымен).
II. Үй тапсырмасы
Сұрақ: Күй дегеніміз не?
Өткен сабақта үй тапсырмасына Қ. Ахмедияровтың «Алтын ұя» күйін соңына дейін жатқа орындап келу тапсырылған. Енді үй тапсырмасын орындаймыз.
III. Үй тапсырмасын бекіту
Сәйкестендіру тесті арқылы негізгі ұғымдарды бекіту.
Терминдер
- Халық күйі
- Позиция
- Гамма
- Пицикато
- «Алтын ұя»
Анықтамалар
- Музыкалық дыбыстар тізбегі
- Сол қол саусақтарының домбыра мойнындағы орналасу қалпын алмастыра орындау
- Қағыс түрі
- Композиторы ұмыт қалған күйлер
- Білім ордасы, мектеп
IV. Қызығушылықты ояту
Домбыраның қыр-сырын, қағысын, пернелерін және нота сауатын меңгергеннен кейін біз домбырада төкпе және шертпе күйлерді ойнап үйрендік. Төкпе күй дәстүрінің Батыс өңіріндегі ірі өкілдерінің бірі — Құрманғазы (күй атасы) мен Динаның (күй анасы) ізін жалғастырған ғасыр күйшісі Қаршыға Ахмедияров.
Шешердей дүниенің сан сұрағын,
Тыңдайсың таусылғандай жан шыдамың.
Теңіз боп тебіренесің, төгілгенде,
Күйлері құйын саусақ Қаршығаның.
Бүгінгі сабақтың өзегі — Қаршыға Ахмедияровтың арнау күйі «Алтын ұя». Алдымен автордың өмірбаянына қысқаша тоқталамыз.
V. Жаңа сабақ: Қаршыға Ахмедияров
Қаршыға Ахмедияров 1946 жылы 25 наурызда Атырау облысы, Махамбет ауданы, Таңдай ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын тәмамдаған. Қазақстанның халық артисі (1991).
1967–1991 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ академиялық халық аспаптар оркестрінде домбырашы, кейін концертмейстер, жеке домбырашы және дирижер қызметтерін атқарды.
Тұлғалық негізі мен өнер мектебі
Әкесі Ахмедияр — саятшы, күйші, қисашы, жыршы болған. Қаршыға домбыра дәстүрін отбасынан бастап меңгерді: ағалары Үмбетәлі, Үмбетияр; бауырлары Қырғи, Тұрымтай, Алғи, Бүркіт, Теңізбай — бәрі домбырашы, әнші. Кейін ауыл мұғалімдері Ш. Шәріпов, Н. Үлкенбаев, Қ. Мұхтаров, Х. Ризуановтардан тәлім алды. Кәсіби өнерге бет бұрғанда Қ. Жантілеуов, Р. Омаров, Қ. Мұхитов, Ш. Қажығалиев, У. Бекенов, Н. Тілендиев сынды майталмандардың ықпалын көрді.
Өнерсүйер қауым оны «Күй Қаршығасы», «Саңлақ күйші», «Күй аспанының Қаршығасы», «Ғасырдың күйшісі» деп бағалаған.
Жинақтары
- «Шашақты найза, шалқар күй» (Махамбет)
- «Әсемқоңыр» (Дина)
- «Сарыарқа» (Құрманғазы)
- «Жігер» (Дәулеткерей)
- «Атырау», «Күй Ұран» (күйлер жинағы)
Туындылары
- «Нарын»
- «Қуаныш»
- «Жібек-Жетісу»
- «Сағыныш»
- «Алтын ұя»
- «Аққайың», «Желдірме» және т.б.
Дәулескер күйшінің жүрегі 2010 жылы, 65 жасқа қараған шағында тоқтады. Соңғы демі туған жері Атырауда үзілген. Бойында Сейтектің сынығы, Махамбеттің өрлігі бар Қаршығаны халқы әрдайым тамсана тыңдаған.
Келесі қадам
Күйлерін тақырыбы мен тарихына қарай топтастырып, «Алтын ұя» күйінің мазмұны мен характерін орындаушылық тұрғыдан талдау.
Автор туралы белгі
Ақтөбе қаласы, МКҚК «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы» Домбыра студиясының педагогі — Бажабаев Талғат Теңізұлы.