Журнал Қазақстан мектебі

Педагогтың кәсіби құзыреттілігі – білім сапасын арттыру кепілі

Ахметова Гүлзада Мыңжасарқызы Жамбыл облысы, №3 Байзақ колледжі

«Егер мен сабақ беруші ғана болсам, педагогтік деңгейге көтеріле алмас едім; шәкірттерімнің жүрегі мен үшін қақпасын мәңгі ашпас, тас қамалдай болып қала берер еді».

— В. Ф. Сухомлинский

Қазіргі педагогтың қоғам алдындағы міндеті

Қазіргі қоғамда педагогтың міндеті — ғылым мен техниканың қарқынды дамыған кезеңінде өмір сүруге икемді, қоғам игілігі үшін өзін толық жүзеге асыруға дайын, білімді, шығармашылыққа бейім, құзыретті әрі бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру.

Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Білім және кәсіби машық — заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары. Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына зор көңіл бөлу қажет» — деп атап көрсетті.

Демек, білім берудің мазмұнын жетілдіру және үздіксіз білім беру арқылы болашақ мамандарды кәсіби тұрғыдан жан-жақты дамыту мәселесі бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті бағыттардың бірі болып отыр.

Құзыреттілікке бағдарланған білім берудің мәні

Бүгінгі күні құзыреттілік ұғымы оқыту үдерісінде білімді қолданудың негізгі нәтижесі ретінде қарастырылады. Заманауи білім берудің негізгі мақсаты — еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, кәсіби өсуге ұмтылатын, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге тез бейімделетін, әлемдік стандарт деңгейінде нәтижелі жұмыс істей алатын білікті маман даярлау.

Неліктен педагогтың кәсіби құзыреттілігі шешуші?

Қазақстан Республикасында сапалы білім берудің стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруда педагогтардың кәсіби құзыреттілігін дамыту негізгі рөл атқарады. Ұлттық үлгіге сүйенген білім беру халықаралық деңгейге бағытталуы үшін кәсіби тұрғыдан жетілген, жаңашыл ұстаз қажет.

Қоғам сұранысы қандай ұстаз?

  • Ойы жүйрік, ақылы терең, бәсекеге қабілетті
  • Өзгерістерге бейім, шығармашылығы жоғары
  • Кәсіби шеберлігі жетілген, ізденуші-зерттеуші
  • Жасампаз, жаңашыл, рефлексияға қабілетті

«Сабақ беру — үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол — жаңадан жаңаны табатын өнер».

— Жүсіпбек Аймауытов

Негізгі ұғымдар: құзыр, құзырет, құзыреттілік

Құзыр

Адам бойындағы білім, білік және қабілеттер жиынтығы.

Құзырет

Қойылған мақсаттарға жету үшін ішкі және сыртқы ресурстарды тиімді іске асыруға дайындық; жеке және қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған табысты іс-әрекетке дайын болу.

Құзыреттілік

Жүктелген істі нәтижелі орындау деңгейін сипаттайтын көрсеткіш. Ол жауапкершілік, коммуникабельдік, жаңалыққа ашықтық, мәселе шешу, адамгершілік, жоғары білім, жаңа технологияны меңгеру, ұжымда жұмыс істеу сияқты қасиеттермен айқындалады.

Оқыту үдерісіндегі құзыреттілік — студенттің алған білімі, тәжірибесі, дағдылары мен біліктерін белгілі бір мәселені шешуде қолдана алуы. Бұл — білім нәтижесінің іс-әрекет арқылы көрінуі.

Оқытудың фокусы: білім алушының белсенді рөлі

Басты мақсат — білім игеру кезінде күтілетін нәтижеге қол жеткізу. Бұл үдерісте негізгі бағыт оқытушыдан студенттің жеке тұлғасына ауысады: студент енді тек білімді қабылдаушы емес, өздігінен білім алушы, үйренуші ретінде танылады. Сондықтан білім алушы тұлғасын бүгінгі заман талабына сай даярлау — өзекті міндет.

Физика сабақтарында коммуникативтік құзыреттілікті дамыту

Физика сабақтарында студенттердің коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру мен дамыту маңызды. Студенттер қарым-қатынас модельдерін, мәдени белгілер мен таңбаларды меңгеруі тиіс. Бұл физиканы табиғат құбылыстарымен байланыстыра түсінуге көмектеседі.

Коммуникативтік құзыреттілік нені қамтиды?

Коммуникативтік құзыреттілік (лат. competere — «қол жеткізу», «сәйкес келу») — қоршаған ортамен және оқиғалармен әрекеттесу тәсілдерін білу, жеке және топта жұмыс жасау, ұжымдағы түрлі әлеуметтік рөлдерді меңгеру.

  • хат жазу және ойын анық жеткізу
  • өзгенің пікірін тыңдау
  • оқиғаны талдау және сұрақ қою
  • пікірталасқа қатысу

Коммуникативтік құзыреттілік тұлғаның рухани өсуіне ықпал етеді және адамдарды тереңірек түсінуге көмектеседі.

Құзыреттілікке бағытталған тапсырмалар

  • тақырып бойынша өз пікірін білдіру
  • диалог құру
  • белсенді топтық өзара әрекет ұйымдастыру
  • тақырыпты күнделікті өмірмен байланыстыру

Шығармашылық ойлауды дамытуға тиімді әдістер

«Атаулар көмегімен болжау» «Елеспен жетелеу» Ой қозғау Болжау Топтау Тізбек жасау

Бұл тәсілдер студенттердің ой ұшқырлығын бақылауға, стандартты емес шешім қабылдауға және шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.

Ақпараттық құзыреттілік және АКТ мүмкіндіктері

Қазіргі таңда студенттердің ақпараттық құзыреттілігі мен ақпараттық мәдениетін қалыптастыру үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесіндегі ең өзекті мәселелердің біріне айналды.

Физика сабақтарында АКТ қолданудың тиімділігі

  • студенттің өз бетімен жұмысын күшейту
  • аз уақытта көп білім алып, уақытты үнемдеу
  • тест тапсырмалары арқылы білімді тексеру
  • шығармашылық есептерде құбылысты түсіндіру
  • қашықтан білім алу мүмкіндігі
  • қажетті ақпаратты жедел алу
  • экономикалық тиімділік
  • тәжірибелер мен күрделі процестерді көрнекі көрсету
  • студенттің ой-өрісін, дүниетанымын кеңейту

Ақпараттық құзыреттілік анықтамасы

Ақпараттық құзыреттілік — жеке тұлғаның әртүрлі ақпаратты қабылдау, табу, сақтау, өңдеу, қолдану және ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың мүмкіндіктерін жан-жақты пайдалану қабілеті.

Сабақ құрылымы, есте сақтау және білімді бағалау

Кәсіби құзыреттілігі дамыған оқытушы өз сабағында ғылым мен педагогика саласындағы жаңалықтарды үнемі қолданып отыруы тиіс. Үлкен тақырыптарды блоктарға бөліп оқыту, ал заңдылықтар мен құбылыстарды меңгертуде тірек белгілері мен тірек конспектілерін пайдалану ұзақ мерзімді есте сақтауды күшейтеді.

Білімді тексеру тәсілдері

  • тестік жүйе
  • өзін-өзі тексеру
  • көршісін тексеру және өзара бағалау

Халықтық педагогика элементтері және қызықты тәжірибелер

Студенттердің кәсіби құзыреттілігін дамыту мақсатында сабақта халықтық педагогика элементтерін де тиімді қолдануға болады. Бұл тәсіл құндылықтарды таныммен ұштастырып, пәнге қызығушылықты күшейтеді.

Қолданылатын бағыттар

  • ертегі, аңыз, өлең-жырлардан үзінді келтіріп, мағынасын талдату
  • ұлттық ойындардың мәнін физика тілімен түсіндіру
  • табиғи құбылыстарға қатысты жұмбақ, сөзжұмбақ, бейнесөз құрастыру

Қызығушылықты арттыру

Сабақта студенттерді таң қалдыратын, себебін білгісі келетін қызықты тәжірибелер мен «физикалық фокустарды» жүйелі қолдану пәнге қызығушылықты арттырып, бақылау мен пайымдауды дамытады.

Қорытынды

Білім — қоғамды әлеуметтік және мәдени үрдіспен қамтамасыз ететін жоғары құндылық. Осы құндылықтың сапасын арттырудың басты шарты — педагогтың кәсіби құзыреттілігін үздіксіз дамыту.

Студенттерді шығармашылықпен жұмысқа баулып, алған ақпаратты өмірде қолдана алуына жағдай жасау үшін құзыреттілік тұрғысынан оқыту тәсілдерінің маңызы зор. Болашақ маманның білімді, жан-жақты, коммуникабельді, мәдениетті, өмірге икемді тұлға болып қалыптасуы — ең алдымен ұстаздың кәсіби ұстанымы мен күнделікті тәжірибесіне байланысты.