Математикалық жұмбақ
Математикалық жұмбақтар
Төмендегі жұмбақтар математика мен геометрия ұғымдарын қызықты теңеулер арқылы танытады. Әр жұмбақтан кейін жақша ішінде жауабы берілген.
1) Бөлшек сан
Біз — санбыз, сызықпен бөлінген. Математиканы ұқпаған адамға құбыжық болып көрінген. Дұрыс, бұрыс, аралас және ондық болып бөлінген. (Жауабы: бөлшек сан)
2) Бұрыш
Нүктеден және екі сәуледен құралған бұл не? (Жауабы: бұрыш)
3) Түзу
Алдымыз да, артымыз да — шексіз, бізге жету мүмкін емес. Сәуле мен кесіндінің шыққан тегін білсең де, бізді шектей алмайсың. (Жауабы: түзу)
4) Шахмат
Алпыс төрт бөлмеде отыз екі тұрғын бар. Ақ пен қараға бөлінсе де, бір-бірін қуғындар. Ханы үшін де, жаны үшін де намысын бермейді. (Жауабы: шахмат)
5) Дойбы
Бір «көлден» он екіден «қаз» ойнайды, алсам деп бір-бірін аңдиды. Жақындаса қожаңдасып, бір-бірін алмастан тынбайды. (Жауабы: дойбы)
6) Жыл, ай, тәулік (күн мен түн)
Бір ағаштың он екі бұтағы бар. Әр бұтағында отыздан жапырағы бар. Жапырақтың бір жағы ақ, бір жағы қара. (Жауабы: жыл, ай, тәулік — күн мен түн)
7) Шексіздік
Күшіне сенген бір мықты сегізді жығып алып, «қайда барайын?» дегізді. (Жауабы: шексіздік)
8) Гипербола
Координатаның басынан өте алмайды. Осьтерге жақындайды, бірақ жете алмайды. Екеуі бөлек тұрғанымен, бір-бірінен ажырап кете алмайды. (Жауабы: гипербола)
9) Дискриминант
Ұғымдардың ең бастыларының бірі, әркез «түбір астында» жүреді. Өрнек болып құрылғанда 4 саны да құрамына араласады. (Жауабы: дискриминант)
10) Конус
Бір мінсіз жұмырланған қабырғасы бар. Үш шамасы π арқылы есептеледі. Өлшемдерін анықтауда Пифагор теоремасы да қажет. (Жауабы: конус)
11) Теңдеулер жүйесі
Екеуін бір қосақтап матап қойдым да, соларға дәрежелі атақ бердім. Матаудың қос түйінін шешудің үш тәсілін атап қойдым. (Жауабы: теңдеулер жүйесі)
12) Тік бұрышты үшбұрыш
Бір сабаз мінезі тік, қатал, мықты. Жаңа геометриялық ұғым ойлап тауып, Пифагордан бата алыпты. (Жауабы: тік бұрышты үшбұрыш)
13) Шеңбер мен түзудің жанасуы
Бір оғым бір нүктеге тиіп кетті. Бір оғым екі жерден қиып кетті. Бір оғым нысанаға жақындамай-ақ, далаға күйіп кетті. (Жауабы: шеңбер мен түзудің жанасуы)
14) Синус пен косинус
Басында координатаның қазығы бар. Қорегі — сүйір бұрыш. Мәңгіге екі «егізді» қамап қойған: ажырап кетпейді. (Жауабы: синус пен косинус)
15) Пирамида
Келбеті келген бір сұлу. Жағасы жоқ, жеңі жоқ. Үшбұрыш көйлек киіп тұр, етегі жерге тиіп тұр. (Жауабы: пирамида)
16) Циркуль
Шекер жейтін ақ құтан бір қазыққа байланды. Аузына тістеп шекерін, сол қазықты айналды. (Жауабы: циркуль)
17) Параллель түзулер
Егіз туған қос жүйрік жарыса шауып терлейді. Терлеген сайын өрлейді, бірін-бірі көрмейді. Дамылсыз шапса да, бір мәреге келмейді. (Жауабы: параллель түзулер)
18) Иррационал сан
Үйшігі бар бір сабаздың бізбен бірге жүргенін байқамадым. Құйрығы ұзын екен, бірақ ұшы жоқ: іздесем де табылмайды. (Жауабы: иррационал сан)
19) Трапеция
Екі ғана қабырғасы бар, белбеуі бір жануар. Белбеуіне өз «меншік заңы» жазылған. Бірі кіші, бірі үлкен қос табаны тағы бар. (Жауабы: трапеция)
20) Есеп: барлығы 28
Он бір түйе, бес жылқы, екі сиыр, бес ешкі, екі қоян, үш түлкі — таба алмайсың бос күлкі. (Жауабы: барлығы 28)
21) Есеп: барлығы 24
Бес бұтақты ағашта, бұтақ сайын бес алма. Біреуін бер Алашқа — сонда қанша алма қалады? (Жауабы: барлығы 24)
22) Сызғыш
Өзінде бас та жоқ, қас та жоқ, мойын да жоқ. Ал ұзындығы бір бойына жазулы. (Жауабы: сызғыш)