Қай сөз табынан екенін айту

Сабақ тақырыбы

Бастауыштан кейін қойылатын сызықша.

Білімділік мақсат

  • Оқушыларды тұрлаулы мүшелерді ажыратуға үйрету.
  • Бастауыштан кейін сызықша қойылатын жағдайларды түсіндіру.
  • Сөйлем мүшелері туралы білімді кеңейту.
  • Бастауыш пен баяндауыштың қай сөз табынан жасалғанын анықтауға дағдыландыру.

Дамытушылық мақсат

  • Ой-өрісін, танымдық белсенділігін және есте сақтау қабілетін дамыту.
  • Сөйлеу мәдениетін, тіл байлығын жетілдіру.
  • Көркем жазу дағдысын нығайту.

Тәрбиелік мақсат

  • Ұйымшылдыққа, ұқыптылыққа, сауатты әрі таза жазуға тәрбиелеу.
  • Адамгершілікке, тапқырлыққа баулу.

Сабақ түрі

Сайыс сабақ.

Әдіс-тәсілдер

Түсіндіру, сұрақ-жауап, талдау, баяндау.

Көрнекіліктер

Сызбалар, кестелер, үлестірмелі дидактикалық материалдар, слайд, бағалау парақшалары.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. а)Сынып оқушыларымен сәлемдесу.
  2. ә)Оқушыларды түгелдеу.
  3. б)Сабаққа назарын аударту.
  4. в)Сыныпты 4 топқа бөлу:

I топ

Фонетика

II топ

Лексика

III топ

Морфология

IV топ

Синтаксис

II. Өткенді еске түсіру: «Бәйге» ойыны

Әр топқа қысқа сұрақтар қойылады. Мақсат — өткен тақырыптарды жедел еске түсіру және жауапты дәл, нақты айту.

«Фонетика» тобының сұрақтары
  1. Есімдік қандай сөз табы?
  2. Сан есімнің мағыналық түрлері қанша?
  3. «Пунктуация» сөзінің этимологиясы қандай?
  4. Байланысудың қанша тәсілі бар?
  5. Бастауыш пен баяндауыш қандай сұрақтарға жауап береді?
«Лексика» тобының сұрақтары
  1. Шылау қандай сөз табы?
  2. Сын есімнің мағыналық түрлері қанша?
  3. Фонетика ғылымының зерттеу нысаны қандай?
  4. Байланысудың қанша түрі бар?
  5. Пысықтауыш қандай сұрақтарға жауап береді?
«Морфология» тобының сұрақтары
  1. Оқшау сөздерді ата.
  2. Есімдіктің қанша түрі бар?
  3. Көп нүкте қандай жағдайларда қойылады?
  4. Сөйлемнің айтылу мақсатына қарай түрлерін ата.
  5. Толықтауыштың сұрақтарын ата.
«Синтаксис» тобының сұрақтары
  1. Сұраулы сөйлемнің жасалуына қарай түрлерін ата.
  2. Етістіктің шақтарын қандай жұрнақтар жасайды?
  3. Нүкте қай жерлерде қойылады?
  4. Төл сөз бен автор сөзіне байланысты қандай тыныс белгілері қойылады?
  5. Анықтауыш қандай сұрақтарға жауап береді?

III. Қызықты сөзжұмбақ

Әліпби реті бойынша берілген сандарды орналастырып, жаңа сабақтың тақырыбын табады:

24, 37, 11, 37, 15, 34, 1 — «Сызықша»

IV. Ереже қорыту (топтық жұмыс)

Әр топқа әдеби шығармадан үзінді беріледі. Тапсырма: шығарманы, авторын анықтау және сөйлемдердегі бастауыш пен баяндауыштың қай сөз табынан жасалғанын айту.

Әдеби үзінділер (ереже шығаруға арналған)

Ашу — дұшпан, ақыл — дос, ақылыңа ақыл қос.
Қазыбек би, шешендік сөз
Әуелеп ұшқан алты қаз,
Етің — шекер, сорпаң — баз!
Атайын десем оғым аз,
Қонар болсаң, жануар,
Міне — майдан, міне — саз.
«Қыз Жібек», лиро-эпостық жыр (ауыз әдебиеті)
Жай жүргенде, оны ешкім де елемейді. Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі. Ол — тәтті үнге бола жаралған адам.
«Әнші», Ж. Аймауытов
Араның ауа сусылдатқан ызыңы тыйылып, енді шаңқ-шаңқ еткен тажал дауыс шыға бастады. Тасқа тигендей тайып кеткен балта бірде Қабасақалдың тобығына қадала жаздады. Оның бар ойы — шынарды түбінен шалу.
«Жүз жылдық жара», Ш. Мұртаза
Аянның асыға күтетін шағы — күн ұясына қонған шақ. «Күн ұясына қонды» дегенше-ақ жүзі жадырап: «Келіңдер, мен бүгін кешегіден де қызық ертегі айтып беремін», — деп еліктіре жөнеледі.
«Жусан иісі», С. Мұратбеков

V. Жаңа сабақты бекіту

198-жаттығу

  1. Мәтінді оқып шығу.
  2. Жаттығу мәтінін 4 бөлікке бөліп беру.
  3. Сызықша қойылған сөйлемдерді көшіріп жазу.
  4. Сызықшаның қойылу себебін түсіндіру.
  5. «Абайды білемін бе?» тақырыбында ойтолғау жазу.
  6. Мәтіннен тірек сөздерді тауып, синонимдік қатарын құрастыру.

Нақыл сөздер

Кемеңгерлікті танудың үш жолы бар. Бірінші жолы — ойға салып пайымдау. Бұл — негізгі жол… Үшінші жолы — тәжірибе жолы. Бұл — ең қиыны. (Конфуций)

Ақыл ісі — аңдау, қиял иесі — меңзеу, көңіл ісі — түю, толғау. (А. Байтұрсынов)

Тірек сөздер (синонимдер)

Жыршы
термеші
Шежіре
тарих, ғұмырнама
Данышпан
кемеңгер, ойшыл
Тағылым
тәлім, өнеге

199-жаттығу (әр топқа 2 сөйлем)

  1. Берілген сөйлемдерге тиісті жеріне сызықша қойып, көшіріп жазу.
  2. Сөйлемнен бастауыш пен баяндауышты табу.
  3. Бастауыш пен баяндауыштың қай сөз табынан екенін анықтау.
  4. Сөйлемдерден сөз тіркестерін шығару.
  5. Сызықшаның қойылу себептерін ереже арқылы нақтылау.
  6. Сөйлемдерді құрылымына қарай түрлерге ажырату.
Топ Сөйлемдер
I топ
  1. Бақанас, Байқоңыр (зат есім) — бұл өңірдегі тобықтының ең үлкен өзені (зат есім).
  2. Қыз-келіншек (зат есім) тербетіп тұрғанда (етістік), жігіттің қарызы (зат есім) — ән салу (тұйық етістік).
II топ
  1. Орталарындағы үлкені (сын есім) — Базаралы (зат есім).
  2. Арнап сөйлеген кісісі (зат есім) — Абай (зат есім).
III топ
  1. Оның аты (зат есім) — үлкен үміт (зат есім).
  2. Қонағым (зат есім) — Біржан (зат есім).
IV топ
  1. Ол (есімдік) — Тобықты көрмеген өнер иесі (зат есім).
  2. Бұлардан басқа қонақтың бірі (есімдік) — ең жас қонақ (зат есім), Абайдың аса жақсы көретін баласы Мағауия (айқындауыш).

Талдау бағыты

Бастауыш • Баяндауыш • Анықтауыш • Толықтауыш • Пысықтауыш

VI. Мақалдың жалғасын табу (жазбаша жұмыс)

Тапсырма талаптары

  1. Мақалдың жалғасын табу.
  2. Бастауыш пен баяндауыштың астын сызу.
  3. Бастауыштан кейін сызықшаның қойылуын түсіндіру.
  4. Бастауыш пен баяндауыштың қай сөз табынан екенін айту.
  5. Сөздердің байланысу түрін көрсету.
  6. Кез келген сөздің орысша және ағылшынша баламасын айту.

Топтық үлгілер

I топ

Әке — … (бала, ребенок, child)

Әке — асқар тау, Ана — бауырындағы бұлақ, Бала — жағасындағы құрақ.

II топ

Бірінші байлық — … (бірінші, первый, 1st)

Бірінші байлық — денсаулық, Екінші байлық — ақ жаулық, Үшінші байлық — он саулық.

III топ

Баланың … — … (сүт, молоко, milk)

Баланың тілі — бал, Ананың сүті — бал.

IV топ

Дау мұраты — … (қыз, девушка, girl)

Дау мұраты — біту, Жол мұраты — жету, Қыз мұраты — кету.

XI. Үй тапсырмасы

200-жаттығу (деңгейлік тапсырмалар):

A деңгейі

Бастауыштан кейін тиісті жеріне сызықша қойып, өлеңді көшіріп жаз.

B деңгейі

Сызықшаны қойып көшір. Аралас буынды сөздерді тауып, буындардың араласып келу себебін түсіндір. Сөздерге фонетикалық талдау жаса.

C деңгейі

A және B деңгейіндегі тапсырмаларды толық орында. Қосымша: 4 сөйлемге морфологиялық талдау жаса.

XII. Бағалау

Бағалау парақшалары арқылы әр топтың жинаған ұпайы есептеледі. Нәтижесінде топтар бағаланып, жүлдегер топ мадақталады.

Назар аударатын дағдылар

  • Сызықшаның қойылу себебін дәлелдеу.
  • Бастауыш пен баяндауыштың сөз табын дұрыс анықтау.
  • Жазу сауаттылығы мен талдау мәдениеті.