Сіздермен тола берсін ортамызда

Фанфар: «МҰҒАЛІМ»

Ортаға жеті оқушы шығып, қолдарындағы әріптерді көрсетеді. Әр әріп ұстаз бейнесін айқындайтын қасиеттерді білдіреді:

  • Әріп Мәні

    М

    Мейірімді

  • Әріп Мәні

    Ұ

    Ұлағатты

  • Әріп Мәні

    Ғ

    Ғазиз

  • Әріп Мәні

    А

    Ақылшы

  • Әріп Мәні

    Л

    Лайықты

  • Әріп Мәні

    І

    Іскер

  • Әріп Мәні

    М

    Маман

Барлығы бірге: «Мерекелеріңіз құтты болсын!»

Оқушылардың құттықтау жырлары

Шәкірт жүрегінен шыққан ақ тілектер ұстаздың еңбегін айрықша айшықтайды.

1-оқушы

Сәлем бердік, ұстаздар, баршаңызға, Сіздермен тола берсін ортамыз да. Бүгінгі ел басқарған азаматтар Білім алған сіздердің арқаңызда.

2-оқушы

Бүгінгі күн құшақтарың гүлге толсын, Дендеріңнің саулығы мықты болсын. Білімменен суарған шәкірттерің, Төл мерекең, ұстаздар, құтты болсын!

3-оқушы

Ұстаздарым — биік тұлға, байсалды, Құшақ жайып өз мерекең қарсы алды. Қуанышты, жарқын тілек білдіріп, Құттықтаймыз, ұстаздарым, баршаңды.

4-оқушы

Ұлы өмірге жетелеп, Ашқан білім есігін, Құрметтейік мәпелеп Ұстаздардың есімін.

5-оқушы

Келешекке алтын бақ, Қосар таудай үлесін. Жасай берсін жарқылдап, Ұстаз атты ұлы есім.

6-оқушы

Ұстазыңды тереңнен түсінген жан Бар әлемге еңбегімен еленген. Сенің бағың өрге қарай өрлесе, Ол да бірге қуанышқа кенелген.

7-оқушы

Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып, Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып? Ұстаз деген — ұлылардың ұлысы, Қасиетіне бас иейік мәңгілік!

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші

Армысыздар, аса қадірменді ұстаздар ұжымы және білім шыңына талпынған оқушылар!

2-жүргізуші

Қымбатты қауым, бүгін бізде үлкен мереке — ұстаздар қауымының төл мерекесі. Ендеше, бүгінгі күн ұстаздарға арналады. Күн сәулесі өмірге қандай жарық берсе, ұстаз есімі де шәкірттерге дәл сондай жарық береді.

Ұстаз туралы толғау

Ұстаз, ұстаз! Осы сөзде жатыр қанша ұлылық, Осы сөзде таусылмайтын жылылық. Әл-Фараби, Ыбырай мен Абайды Осы сөз ғой қойған бізге ұлы қып. Ұстаз — шебер: қисықтарды жөндейтін, Тентектерді ақылымен емдейтін. Болса-дағы малға кедей өмірде, «Бар байлығым — шәкірттерім» дейтін!

Құттықтау тілегі

Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Дана көңілдеріңіз әр оқушының жан дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат сәулесін төгуде. Мерекелі күні дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге сәттілік тілейміз.

Құрмет сөзі

Білім көшін алға жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымын кәсіби мерекелеріңізбен құттықтау үшін сахна төріне мектеп басшысы Дәмелі Қойбаққызын шақырамыз.

Айта берсек, ұстазға тіл жетпеген, Кімге ұстаз білім нәрін төкпеген?! Айтыңдаршы, адам бар ма өмірде Ұстаздарға қарыздар боп өтпеген? Ұстаздар — ұлағатты зиялылар, Сендерде ғалымдардың қиялы бар. Тойларыңа тарту етіп ұсынам — Шәкірттердің сәлемін қабыл алыңыздар!

Өнер бағдарламасы

Мерекелік кештің сәні — ән мен би, естелікке толы сәттер және жүрекке жақын қойылымдар.

2. Ән: «Алтын ұя мектебім»

Ұрпаққа айтар ақылы, көрсетер өнегесі бар, аналық-әкелік мейірімі мен дана ойдың жылуы бар аға ұрпақ өкілдері — мектептің жүрегі, ардагер ұстаздарымыз ортамызда.

Сағыныш сазы толқытқан, Арнамақ сөздің мәйегін. Шәкірттерін оқытқан Келіп тұр жолдап сәлемін.

3. Ән: «Ұстазым»

Құрметті қонақтар, сіздер салып кеткен сара жол — ұстаз жолы, ұлы жол. Өткенге көз жүгіртіп, естелікке бойлайық.

Қонақтарға қойылатын сұрақтар

  1. 1-сұрақ

    Ұстаздық өмірге қалай келдіңіз? Бұл жүрек қалауы ма, әлде таңдауға әсер еткен ерекше оқиға болды ма?

  2. 2-сұрақ

    «Ұстаз болу — жүректің батырлығы» дейді. Ұстаздықты таңдауда адам бойынан қандай қасиеттер табылуы керек деп ойлайсыз?

  3. 3-сұрақ

    Өзіңіз еңбек еткен мектебіңізден қандай өзгерістерді байқадыңыз? Мектебіңізге айтар тілегіңіз қандай?

Сіздерге көп рақмет, аяулы да мейірбан ұстаздар!

Ұстаздың ұлағаты

Ұстаз — ұлағатты есім

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беру — ұстаз еңбегінің өзегі. Сондықтан ұстаз әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.

Кейде біз осы асыл жандардың қадірін жете түсінбей жатамыз. Ендеше, осы тақырып аясында дайындалған музыкалық қойылымды тамашалайық.

4. Музыкалық қойылым

Сахналық көрініс ұстазға деген құрмет пен шәкірт алғысын әсерлі жеткізеді.

Бауыржан Момышұлының сөзі

«Ұстаздық — ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз».

Ендеше, аяулы ұстаздарымыздың қадіріне жетіп, ардақтай білейік!

Ақ лебіз

Шәкірттер санасына сәуле шашып, шырақ отын маздатқан ұстаздар қауымына ақ лебіз, жылы тілек айту үшін кәсіподақ ұйымының төрағасы Маржангүл Сағиданқызын шақырамыз.

Ән, әзіл және би

5. Ән: «Мектебім»

Тәтті әуен бағаланса балдан нәрі, Өнердің асулары алда әлі. Өнерге іңкәр етіп қояр жанды...

Ұстазға тән қасиеттер

Ұстаз — шәкірт алдында сыйлы адам. Ұстаз жайлы айтар сыр да, жыр да көп. Ұстаз сенімін ақтау — адамгершіліктің белгісі. Мұғалім жүрегінің соғып тұруы үшін: жауаптылық, қажырлылық, білімділік, жүректілік, сүйіспеншілік, сабырлылық қажет.

Жұмбақ-әзіл (жүргізушілер диалогы)

1-жүргізуші:

Қымбатты, мен саған жұмбақ жасырайын. Шешіп көрші.

2-жүргізуші:

Жарайды, жасырып көр, кәне.

  • Сұрақ:Жылдың ең қысқа күндері.
  • Жауап:Каникул.
  • Сұрақ:Оқушылардың үлкендерге көп көрсете бермейтін құпиясы.
  • Жауап:Күнделік.
  • Сұрақ:Бақылауда дәптеріне жазғандарын «бақылатып» отыратын қыз не ұл.
  • Жауап:Дос.
  • Сұрақ:Үзілісті зарықтыра күттіретін 45 минут.
  • Жауап:Сабақ.
  • Сұрақ:Әжеме айтатын басты сылтауым.
  • Жауап:Спорт секциясы.
  • Сұрақ:Қыздардың негізгі қаруы.
  • Жауап:«Апайға айтам!»

Әрине, мұның бәрі — әзіл. Бірге өсіп, бір үйдің баласындай болған ұл мен қыз жүректен сәлем жолдайды. Тәтті күй, асқақ ән мен әсем биді сіздерге тарту етіп ұсынамыз.

6. «Жылқышы» биі

1 «А» сынып бүлдіршіндерінің орындауында.

7. Ән: «Ұстазым»

Келесі әсем ән де сіздерге арналады. Қабыл алыңыздар!

Қорытынды: алғыс пен ақ тілек

Жүргізушілердің түйіні

Ұстаздың әсерлі үнімен, асықпай, мәнерлеп айтқан әр сөзінен оқушыға деген қамқорлықтың, аналық-әкелік мейірімнің, дана ойдың жылуы сезіледі. Адам жанын түсініп, ренжітпей, қателігін сезіндіре білу — нағыз шеберлік.

Қара сөздің дауылы, Құрмет еткен ауылы. Сыйымызға риза бол, Мұғалімдер қауымы!

8. Хор: «Ұстазым»

Көңілді әуенмен сахнаға барлық оқушы шығып, ұстаздарға біркелкі бас иеді.

Ізгі ниет

Аса құрметті ұстаздар қауымы, сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Егеменді еліміздің өрелі де өнегелі перзенттерін тәрбиелеудегі қажырлы қайраттарыңызға, еңбектеріңізге мол жеміс тілейміз. Мың алғыс!

Алтын ұя мектебіміздің шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде ел игілігі үшін жемісті еңбек етсін. Келесі кездескенше, сау-саламат болайық!