Табиғат сұлулығың үшін рақмет

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, «Болашақ» бөбекжайы

Ән-саз жетекшісі: Эльмира Джумагулова Сансызбаевна

Тақырыбы: «Жайдарлы жаз» (музыкалық ойын-сауық кеші)

Жүргізушінің кіріспе сөзі

Сапырып алған сары қымызымды,
Барамын жасыл жайлауға.
Қызықтап көркін күн ұзын,
Асыр салып, көкте ойнауға.

Сәлеметсіңдер ме, менің сүйкімді бүлдіршіндерім және қадірлі қонақтар! Бүгінгі «Жайдарлы жаз» музыкалық ойын-сауық кешіне қош келдіңіздер!

Балалар, ең алдымен бізге шуағын төгіп тұрған нұрлы Күнмен, содан соң аяғымызды басып жүрген қара Жермен амандасып алайық.

Сабақтың барысы

Амандасу

Амансың ба, нұрлы Күн!

Амансың ба, қара Жер!

Аман-есен болайық!

Бейбітшілік қалайық!

Табиғат туралы әңгіме

Балалар, адам мен табиғат әрқашан егіз. Тіршілікте табиғаттан асқан ғажап жоқ. «Табиғат», «Жер-ана», «Туған жер» деген сөздер құлаққа жағымды естіліп, жүрекке шаттық ұялатады.

Табиғатты неліктен анамызға теңейміз? Өйткені анамыз бізді ақ сүтімен өсірсе, табиғат — біздің қамқоршымыз әрі асыраушымыз. Табиғат дегеніміз — бізді қоршаған орта, ол жыл мезгілдеріне қарай өзгеріп отырады.

Сұрақ-жауап

Жүргізуші сұрақтары

  • Қазір жылдың қай мезгілі? (Суреттен табайық.)
  • Күз мезгілінде ауладағы ағаштардың жапырақтары қандай түске боялады?
  • Қыс мезгілінде балалар қалай киінеді?
  • Көктемде құстар қай жақтан келеді?
  • Жаз мезгілінде жапырақтардың түсі қандай болады?
  • Неліктен жапырақтар жазда жасыл болады?
  • Неліктен адамдар жеңіл киінеді?
  • Жылдың қай мезгілінде балалар суға шомылады?

Балалардың жауаптары

Жауап: Жаз мезгілі.

Жауап: Жапырақтардың түсі — жасыл.

(Қалған сұрақтарға балалар өз ойларын айтып жауап береді.)

Көңілді жазға шақыру

Жүргізуші: Мына табиғат неге көңілсіз болып тұр екен? Осы табиғаттың көңілсіз бейнесін кім жадыратып жібереді?

Балалар, сендер ән айтып, би билеп, тақпақ айтып білесіңдер ме? Олай болса, ортаға Дидарды шақырамын.

Дидардың тақпағы (3-топ)

Көңілді жаз — тамаша, Ән саламыз жараса. Тақпақ айтып, би билеп, Ойнаймыз-ау таласа. Көңілді жаз — тамаша, Күледі Күн қараса. Жағасында ойнаймыз, Жалаң аяқ балаша.

Дидар: Қараңдаршы, балалар! Табиғатымыз жанданып, жадырап, көңілденіп қалды. Күніміз де күлімдеп тұрғандай.

Ендеше, табиғатқа ризашылығымызды білдірейік.

Ризашылық сөздері (хормен)

  • Жер, дем беріп, күш қосқаның үшін рақмет!
  • Су, өмірдің нәрі болғаның үшін рақмет!
  • Ағаш, көлеңкең үшін рақмет!
  • Табиғат, сұлулығың үшін рақмет!

Жұмбақ

Жүргізуші: Қазір мен сендерге жұмбақ жасырамын. Мұқият тыңдаңдар. Кім жауабын тапса, сол бала керемет ән айтып береді.

Қойны толы жеміске,
Көк майсалы еңіске.
Көбелек қуып ойнайтын,
Қай мезгіл деп ойлайсың?

Жауабы: Жаз

Жазға арналған өнер көрсетілімдері

Райымбектің тақпағы (3-топ)

Гүлім, гүлім, өсе бер, Әдемі болып, асыл болып. Күндей жайнап кете бер, Қызыл, сары, жасыл болып.

Ән: «Гүл көбелек» (3-топ)

Жүргізуші: Енді 3-топтың қыздарын «Гүл көбелек» әнімен ортаға шақырамын. «Гүлдер» тобының сұлу қыздарын қошеметпен қарсы алыңыздар!

Жүргізуші: Жарайсыңдар, қыздар! Талаптарыңа нұр жаусын!

Оқиға желісі: Күн күркіреп, жаңбыр жауғалы тұр

(Күннің күркіреген әуені ойнап, найзағайдың дыбысы естіледі.)

Балалар, қараңдаршы: ауа райы бұзылып, күннің көзі көрінбей қалды. Бұлт торлап, жаңбыр жауғалы тұрған сияқты. Ендеше, гүлдер мен көбелектерді жаңбырдан бірге қорғайық.

«Күншуақтай жайнаймыз, күлімдейміз, ойнаймыз» демекші, сайқымазақ сендермен бірге «Күн мен жаңбыр» ойынын ойнағысы келіп тұр.

Ойын: «Күн мен жаңбыр»

Ойынның шарты жүргізуші тарапынан түсіндіріледі. Балалар белгіге сай қимылдап, шапшаңдық пен ұйымшылдық танытады.

Жүргізуші: Жарайсыңдар, балалар! Ойынды өте жақсы ойнайсыңдар. Ал сендер тағы қандай ойын түрлерін білесіңдер? Атап көрейік.

(Балалардың жауаптары тыңдалады.)

Сүйікті ойыншықтар туралы

Жүргізуші: Балалар, сендердің сүйікті, сүйкімді ойыншықтарың бар ма? Ендеше сол ойыншықтарға арнап кім тақпақ немесе көңілді ән айтып береді?

Ортаға Әсемжанды шақырамын.

Әсемжанның тақпағы (1-топ)

Ойыншықтар көп екен, Бірге ойнайық, балақай. Көкорай шалғын көк екен, Жарысайық, алақай!