Қытай шайы

Сабақтың тақырыбы

Ыстық сусындар

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Ыстық сусындар туралы, олардың өндірушілері мен тұтынушылары, пайдасы мен зияны жөнінде түсінік беру.

Тәрбиелік

Оқушыларды еңбекке, өзіне және халқына қызмет етуге тәрбиелеу.

Дамытушылық

Оқушылардың технологиялық білімін дамыту.

Сабақ түрі

Аралас

Сабақ әдістері

Түсіндіру, ойын, сұрақ-жауап

Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен сәлемдесу, түгелдеу.
  • Топқа бөлу.

«Кім көп біледі?»

Сұрақ-жауап: әр сұрақ — 100 теңге

Сұрақтар

  1. Бутербродтарды қандай азық-түліктен жасайды?
    Нан, кепкен нан, көкөністер, жемістер, шұжық, ірімшік.
  2. Бутербродтың қандай түрлерін білесің? Олардың бір-бірінен айырмашылығы неде?
  3. Тамақ дайындайтын адамға қандай талаптар қойылады?
  4. Көкөністі алғашқы өңдеу деген не?
  5. Қандай ыдысты пайдалануға болмайды?
  6. Азық-түлік пен дайын тағамды қайда сақтайды?
  7. Қандай азық-түлікті қолдануға болмайды?
  8. Электр қуатымен жұмыс істейтін аспаптарды қауіпсіздік үшін қайда орналастырады?
  9. Пышақты адамға қалай ұсынады?
  10. Неліктен асханада әр азық-түлікке жеке тақтайша мен пышақ қолдану керек?
  11. Қандай бутербродпен түскі ас орнына тамақтануға болады?
  12. Дайын бутербродты тоңазытқышта қанша уақыт сақтауға болады?

«Кім жылдам?» тапсырмасы

  • Жиналған қаржыға қанша бутерброд жасауға болатынын есептеу.
  • Бір бутербродтың өзіндік құнын шығару.
  • Бутербродтың суретін салып, жарнама мәтінін құрастыру.
  • Сатылым жоспарын ұсыну: бір күнде қайда және қалай өткізер едің?

Жаңа сабақ: Ыстық сусындар

Біздің елімізде қою сүт немесе қаймақ қосылған шай ішпейтін адам кемде-кем. Шай мен кофе, жеміс шырындары мен квас — негізінен алкогольсіз сусындар. Олардың кең таралуы сүйкімді дәмі мен жұмсақ сергіткіш әсеріне байланысты.

Судың сапасы және дәм

Қазіргі уақытта ауыз суына хлор қосылуына байланысты кей сусындардың дәмдік сапасы төмендеуі мүмкін. Ал хлорсыз, бактериялық жолмен өңделген, терең артезиан құдықтарынан алынған мөлдір, таза ауыз сумен дайындалған шай мен кофе ерекше дәмді болады.

Дегенмен, қандай сумен қайнатып ішсе де, шайдың өзіне тән жақсы қасиеті сақталады. Қазақтай шайқұмар халық аз шығар.

Шай: шығу тегі және түрлері

Шай (Thea) — шай тұқымдасына жататын мәңгі жасыл ағаштар мен бұталар туыстастарының бір түрі. Шай жапырағынан сусын дайындалады.

Қытай шайы

Оңтүстік-Шығыс Азияның таулы аймақтарында өседі. Шамамен 3 м биіктіктегі бұта. Екі тармағы бар: қытай және жапон.

Ассам шайы

Үндістанның Ассам ормандарында өседі. Биіктігі 10–15 м болатын ағаш. Бірнеше тармағы бар (ассам, лушан, нага, хилл, манипурий, бирма, шан, юань және т.б.).

Цейлон шайы

Қытай шайы мен ассам шайының табиғи гибриді. Тропиктік және субтропиктік аймақтарда кеңінен өсіріледі.

Өсіру аймақтары және өнімділігі

ТМД елдерінде (әсіресе Әзербайжан, Грузия, Ресейдің Краснодар өлкесі) қытай шайы негізінде бірнеше сұрып өсіріледі. Шай ағашы шамамен 100 жыл өмір сүріп, 70 жылға жуық өнім береді.

Шайдың құндылығы туралы пікірлер

Тамақтану саласының белгілі ғалымы, америкалық Алиса Чейз «Денсаулық тағамы» кітабында шай мен кофені ағзаға зиян келтіруі мүмкін сусындар қатарына жатқызған. Алайда көптеген ғалымдар бұл пікірмен келіспейді: шай мен кофені ұнататындар олардың пайдалы, тіпті шипалық қасиеттері бар деп есептейді.

Шай түрлері және әзірлеу тәсілдері

1) Сүт қосылған шай

Әзірлеу үшін шамамен 2/3 бөлік қою шай тұнбасы және 1/3 бөлік сүт қажет. Бұл шай асқазан-ішек жолдары ауыратын адамдарға пайдалы деп есептеледі.

2) Қытай шайы (көк шай)

Бір кесе қайнатылған суға 1 шай қасық көк шай қажет. Жылытылған ыдысқа құрғақ шай салып, үстіне ыстық су құяды. 3 минуттан соң алдын ала жылытылған фарфор ыдысқа құйып береді. Қант және тәтті қоспалар қоспайды.

3) Жапон шайы

½ литр қайнатылған су және 1–2 шай қасық ұнтақталған шай қажет. Алдын ала жылытылған ыдысқа шай салып, үстіне шамамен 60°C-қа дейін салқындатылған қайнаған су құяды. Дайын болғанда хош иісі айқын сезіледі.

4) Ағылшын шайы

Бір кесеге 1 шай қасық шай алынады және шайнекке де қосымша сондай мөлшер салынады. Қайнаған су құйып, 5 минут тұндырады. Жақсылап жылытылған кесеге алдымен сүт (көлемнің шамамен ¼ бөлігі) құйып, үстінен шай тұнбасын қосады. Қалауыңызша қант қосуға болады.

Кофе: құрамы және әсері

Кофе — тропиктік кофе ағашының тұқымы (кофе бұршағы), сондай-ақ сол дәндерден дайындалатын өзіндік дәмі мен жағымды хош иісі бар сусын. Кофе дәнінің құрамында клетчатка, азотты заттар, кофеин, қант, май және минералды тұздар болады.

Сергіткіш әсері

Кофеин мөлшерінің көптігіне байланысты табиғи кофе орталық жүйке жүйесін қоздырып, сергітеді. 1 шай қасық ұнтақ кофеде шамамен 0,07–0,1 г кофеин болады. Бұл мөлшер дені сау және қан қысымы төмен адамдардың еңбек қабілетін арттыруға жеткілікті болуы мүмкін.

Ескерту

Жүйке жүйесі өте сезімтал, жүрек ауруы бар, қан қысымы жоғары, ұйқысы нашар адамдарға тым қою кофе ішуге болмайды.

Сабақты бекіту

1) «Ыстық сусындар туралы не білеміз?»

Оқушылар сабақтан алған білімін қысқаша түртіп жазады. Білмегенін сыныптастарынан сұрап, толықтырады.

Уақыты: 3 минут

2) «Шай сатылымы туралы не білеміз?»

Видеороликтегі мәліметке сүйене отырып, аудан бойынша бір айда қанша шай сатылатынын және бір жылдағы көлемін есептеу.

3) «Дәмді және тез»

Бутерброд, шай және кофе әзірлеудің қысқа демонстрациясы.

Уақыты: 3 минут

Үй тапсырмасы

Тақырып бойынша қайталау: ыстық сусындар.

Бағалау

Белсенділік, дұрыс жауаптар саны, есептеу дәлдігі және топтық жұмысқа қатысуына қарай бағаланады.