Шеңбердің бұрышы барма
Сабақ туралы қысқаша
Білім беру саласы
Таным
Бөлімі
Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру
Тақырыбы
Геометриялық пішіндер әлемінде
Мақсаты
- Балалардың геометриялық пішіндер туралы білімін тексеру.
- Сипап сезу және көру арқылы пішіндерді өз бетінше ажыратуға үйрету.
- Заттардың кеңістіктегі орналасуын (жоғары/төмен, оң/сол) дұрыс айтуға дағдыландыру.
- Есте сақтау қабілетін дамыту.
Қолданылатын материалдар
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Балалар бүгінгі қонақтармен сәлемдеседі. Одан кейін саусақ жаттығуына арналған санамақ айтылады:
Кел санайық санамақ,
Саусақтарды даралап.
Бас бармағым алғашқы,
Балаң үйрек — жалғасы.
Ортан терек — кезекші,
Шылдыр шүмек — көмекші.
Шынашағым — балапан,
Бәріне ортақ алақан.
II. Іздену кезеңі: «Сиқырлы қалта»
Бір дыбыс естіледі. Тәрбиеші балалардың назарын үстел үстіндегі сиқырлы қалтаға аударып, қалтада не бар екенін білгісі келетінін сұрайды. Балалардың бірі (мысалы, Жасұлан) көзін жұмып, қалтадан алған затты сипап сезу арқылы анықтап, атын айтады.
Қалған балалар қалтадан геометриялық пішіндерді кезекпен алып, оларды бір қатарға орналастырады. Содан кейін пішіндер саналады: 1-ден 4-ке дейін тура және кері санау.
Назар
Пішіндерді санағанда балалардың бірізділігі, реттік саны және кері санауы бақыланады.
Қолдау
Қиналған балаларға тәрбиеші жеке көмек береді.
Дидактикалық ойын: «Шеңберге ұқсас заттарды ата»
Балалар топ ішінен шеңберге ұқсас заттарды атайды. Мысалы: алма, доп, апельсин, мандарин, бағдаршамның көздері, шәйнектің қақпағы, машинаның доңғалағы, шкафтың тұтқасы, шарлар.
Қорытынды: шеңбердің бұрышы болмайды; ол домалап кете алады.
Практикалық тапсырма
Балалар орындарына отырып, шеңберді сызуды үйренеді: қаламды оң қолмен ұстайды, қағазды сол қолмен басып тұрады. Қағаздың сол жағындағы суреттерді санап, оң жағына дәл сондай мөлшерде шеңбер сызады.
Жұмыс аяқталған соң балалар жанындағы досының тапсырмасын тексеріп шығады.
Үшбұрыш: түсіну және қимыл-қозғалыс
Балалар шеңбер құрып тұрады да, үшбұрышқа ұқсас заттарды атайды (үйдің шатыры, шырша, қайтқан құстар және т.б.). «Неге оны үшбұрыш дейміз?» деген сұраққа балалар: «Үш бұрышы болғандықтан» деп жауап береді.
Ойын: «Күн мен жаңбыр»
Бұл ойында балалар құстарға айналады. Тәрбиеші «Күн шықты!» дегенде — балалар сыртқа «ұшады», ал «Жаңбыр жауды!» дегенде — тоңбас үшін «үйге» кіреді.
Көк аспанға қараймын (қолды көлегейлеп аспанға қарау),
Кеткен құсты санаймын (саусақпен санау).
Үшбұрыш боп тырналар (қолды төбеде үшбұрыш етіп ұстау),
Жылы жаққа оралар! (қанат қағып, айналып «ұшу»)
Кеңістікті бағдарлау: «Жоғары — төмен»
Балалар орындарына отырады. Қағаздың ортасындағы сызық қағазды екі бөлікке бөлетінін байқайды. Балалар бөліктердің атауын айтады: жоғарғы бөлік және төменгі бөлік.
Тапсырма барысында балалар өзара көмектеседі, ал тәрбиеші қажет болған жағдайда жеке қолдау көрсетеді.
Есте сақтау қабілетіне арналған тапсырма
Балалар үлгіге қарап геометриялық пішіндердің орналасуын мұқият есте сақтайды да, сол орналасуды қағаз бетіне өз бетімен қайта құрастырады. Кейін үлгімен салыстырып, жұмыстарын тексереді.
Балаларды пішіндерді қай жерге орналастырғанын нақты сөзбен айтуға ынталандыру маңызды: «оң жақта», «сол жақта», «жоғарыда», «төменде», «ортасында».
III. Рефлексия және түзету
Балалар бүгін не үйренгенін достарына айтып береді.
Сабақта меңгергенін өз бетінше жеткізуіне жағдай жасалады.
Ерекше белсенділік танытқан балалар марапатталады.
Күтілетін нәтиже
Білді
Геометриялық пішіндерді дұрыс атауды.
Игерді
Геометриялық пішіндердің орналасуын өз бетінше ажыратуды.
Меңгерді
Геометриялық пішіндерге ұқсас заттарды дұрыс атауды.