Жіктеу есімдігі. Есімдік қандай сөз табы

Сабақтың тақырыбы

Есімдік. Жіктеу есімдігі

Білімділік

Есімдік туралы, соның ішінде жіктеу есімдігі жөнінде жалпы мағлұмат беру және ерекшелігін ұғындыру.

Дамытушылық

Сын тұрғысынан ойлауға, сауатты жазуға, оқу дағдыларын жетілдіруге және шығармашылық қабілетті дамытуға баулу.

Тәрбиелік

Белсенді ойлау қызметін жандандыру, грамматикалық тапсырмалар арқылы шапшаңдыққа тәрбиелеу, ұлттық дүниетанымды қалыптастыру.

Сабақтың әдісі

  • Түсіндіру
  • Сұрақ-жауап
  • Ой қорыту
  • Танымдық ойындар

Сабақтың форматы

Түрі: жаңа сабақты меңгерту, ұжымдық, ойын сабағы.

Көрнекілігі: тест жұмысы, жұлдызша, кесте сөздер.

Пәнаралық байланыс: әдебиет.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

  • Сыныптағы оқушыларды түгендеу.
  • Оқушылардың сабаққа даярлығын тексеру.

II. Үй тапсырмасын тексеру

«Жұлдызды сәт» ойыны арқылы есім сөздерді қайталау

Есіңе түсір (сұрақ-жауап)

  1. 1) Зат есім қандай сөз табы? — Есімдер тобы.
  2. 2) Зат есім мағынасына қарай нешеге бөлінеді? — Жалпы, жалқы, деректі, дерексіз.
  3. 3) Жалпы және жалқы зат есімдер дегеніміз не? — Біртектес заттарды, құбылыстарды жаппай атайтын сөздер — жалпы; арнайы берілген есімдер мен атаулар — жалқы.
  4. 4) Сын есім қандай сөз табы? — Есімдер тобы.
  5. 5) Сын есім мағынасына қарай нешеге бөлінеді? — Сапалық және қатыстық.
  6. 6) Туынды сын есімдер қалай жасалады? — Жұрнақ арқылы: есім сөзден де, етістіктен де жасалады.
  7. 7) Сын есім құрамына қарай нешеге бөлінеді? — Дара және күрделі.
  8. 8) Сан есім қандай сөз табы? — Есімдер тобы.
  9. 9) Сан есім мағынасына қарай нешеге бөлінеді? — Есептік, реттік, болжалдық, топтау, жинақтық, бөлшектік (6 түр).
  10. 10) Сан есім құрамына қарай нешеге бөлінеді? — Дара және күрделі.

Жауап берген оқушыларға жұлдызша беріліп отырады.

III. Жаңа сабақ

Мәтін арқылы түсіндіру

Талғат биыл мектепті бітірді. Ол енді қалада оқиды. Мен оған хат жазып тұрамын. Мұндайда кім қуанбайды дейсің?

Қарамен белгіленген сөздер есімдіктер деп аталады. Мысалы, бірінші сөйлемдегі Талғат сөзін екінші сөйлемде ол есімдігі алмастырып тұр. Үшінші сөйлемде баяндаушы адам мен Талғаттың есімдерінің орнына мен, оған есімдіктері қолданылған. Төртінші сөйлемде зат есімнің орнын кім есімдігі басқан.

Зат есім, сын есім, сан есімнің орнына жүретін сөз табы — есімдіктер. Олар кейде орынбасар сөздер деп те аталады: есім сөздердің атын да, белгісін де, санын да атамай, тек нұсқап, меңзеп көрсетеді және олардың орнына қолданылады.

Есіңде ұста: қазақ тіліндегі есімдіктер саны көп емес — шамамен 60–70.

Есімдіктердің мағыналық топтары (7 топ)

1) Жіктеу

мен, сен, сендер, сіз, сіздер, ол, олар, біз, біздер.

2) Сілтеу

ол, сол, бұл, осы, анау, сонау, әне, міне, әнеки.

3) Сұрау

кім? не? қалай? қашан? қандай? т.б.

4) Өздік

өз, өзім, өздері, өзіміз, өзінен, өзімнің, өздеріңіз.

5) Жалпылау

бар, барша, барлық, бәрі, күллі, бүтін, тегіс, түгел.

6) Белгісіздік

әр, қай, бір, біреу, әлде, кей (әркім, әлдебір).

7) Болымсыздық

ештеңе, ештеме, дәнеңе, ешкім, ешқашан, түк, дым.

Әдебиетпен байланыс: Қазыбек бидің сөзі

Балалар, біз қандай билерді білеміз? Төле би, Әйтеке би, Қаз дауысты Қазыбек би.

Біз қазақ деген елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз.
Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз.
Сен қалмақ та, біз қазақ қарпысқалы келгенбіз.
Табысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз.
Тұтқыр сары желімсіз жабысқалы келгенбіз.
Сен темір де, біз көмір еріткелі келгенбіз.
Берсең, жөндеп бітіміңді айт, не тұратын жеріңді айт.

Бұл үзіндідегі бізжіктеу есімдігі. Мұндағы «біз» бүкіл қазақ халқын білдіреді.

Белгілі бір жақ ұғымымен байланысты қолданылатын есімдіктің түрі жіктеу есімдігі деп аталады. Жіктеу есімдіктерінің үш жағы болады және жекеше, көпше түрге бөлінеді.

Жіктеу есімдіктері (жақ, жекеше/көпше)

Есімдіктер

I жақ
Жекеше: мен (айтушымын, сөйлеушімін)
Көпше: біз, біздер (айтушылармыз, сөйлеушілерміз)
II жақ
Анайы: сен (айтушысың, сөйлеушісің), сендер (айтушыларсыңдар, сөйлеушісіңдер)
Сыпайы: сіз (айтушысыз, сөйлеушісіз), сіздер (айтушыларсыздар, сөйлеушілерсіздер)
III жақ
Жекеше: ол (айтушы, сөйлеуші)
Көпше: олар (айтушылар, сөйлеушілер)

Етістікпен байланысы (мысал)

Жақ Жекеше Көпше
I оқушымын, сұрадым оқушымыз, сұрадық
II (анайы) оқушысың, сұрадың оқушысыңдар, сұрадыңдар
II (сыпайы) оқушысыз, сұрадыңыз оқушысыздар, сұрадыңыздар
III оқушы, сұрады оқушылар, сұрады

Екі кестені салыстыра отырып, жіктеу есімдіктерінің берілген етістік формаларымен байланысы түсіндіріледі.

IV. Деңгейлік тапсырмалар

I деңгей

169-жаттығу: көп нүктенің орнына тиісті есімдіктерді қойып, көшіріп жазу.

II деңгей

170-жаттығу: мәтінді оқып, есімдіктерді табу.

III деңгей

Жамбыл — XX ғасырдың Гомері. Ол жүз жасаған.

Сәкен, Ілияс, Бейімбет — қазақ халқының мақтаныштары. Олар қуғын-сүргін құрбандары болды.

V. Бекіту сұрақтары

10 сұрақтан тұратын тест

  1. 1) Есімдік қандай сөз табы?

    • A) Заттың сынын білдіреді
    • Ә) Заттың санын білдіреді
    • Б) Заттың атын білдіреді
    • В) Есім сөздердің орнына қолданылады
  2. 2) Есімдік мағынасына қарай нешеге бөлінеді?

    • A) 7
    • Ә) 6
    • Б) 5
    • В) 4
  3. 3) Жіктеу есімдігінің қанша жағы бар?

    • A) 4
    • Ә) 2
    • Б) 3
    • В) 6
  4. 4) Сан есімдерді белгіле.

    • A) он бір, табиғат, сары
    • Ә) адам, оқушы, жеті
    • Б) алты, он бір, екі мың екі
    • В) сегіз, оқыды
  5. 5) Дара сын есімдерді көрсет.

    • A) ақ, қара, ащы
    • Ә) қызыл ала, қара шұбар
    • Б) қара көк, сұлу, сары
    • В) қара торы, қып-қызыл
  6. 6) Жалқы зат есімдерді анықта.

    • A) тау, өзен, қала
    • Ә) қала, оқушы, сана
    • Б) Көксу, ой, газет
    • В) Астана, Мұхтар, Ұлан
  7. 7) Зат есім нені білдіреді?

    • A) Заттың атын білдіреді
    • Ә) Заттың қимылын білдіреді
    • Б) Заттың санын білдіреді
    • В) Заттың көлемін білдіреді
  8. 8) Жинақтық сан есімдерді тап.

    • A) төртеу, тоқсан екі, он тоғыз
    • Ә) үшеу, сегіз, он
    • Б) біреу, екеу, жетеу
    • В) екіден бір, үштен екі
  9. 9) Туынды сын есімдерді белгіле.

    • A) жақсы, алыс, ауыр
    • Ә) сары, әдемі, көркем
    • Б) ұзын, салқын, ақ
    • В) бойшаң, сөзшең, таулы
  10. 10) Сан есімнің сұрағын анықта.

    • A) қанша, неше, нешінші
    • Ә) қандай, қай, кімнің
    • Б) кім, не, несі
    • В) не істеді, не қылды

VI. Рефлексия

Сонымен, нені өттік?

Есімдік және жіктеу есімдігі.

Нені қайталадық?

Есім сөздер (зат есім, сын есім, сан есім) бойынша негізгі ұғымдар.

Нені оқыдым?

Есімдіктің анықтамасы, мағыналық топтары, жіктеу есімдігінің жақтары.

Нені білгім келеді?

Есімдіктердің басқа түрлерін мәтін ішінде ажырату және дұрыс қолдану.

VIII. Бағалау

Оқушылардың білімі сабақ бойындағы жауаптары, тапсырмаларды орындауы және тест нәтижесі бойынша бағаланады.

Ынталандыру: белсенді оқушыларға жұлдызша беріледі.

VII. Үйге тапсырма

Жазба жұмысы

  • Жіктеу есімдігін қатыстырып 5 сөйлем құрап жазу.
  • Ережелерді қайталау.

Жаттығулар

  • 172-жаттығу: есімдіктің мағыналық түрлеріне мысал келтіріп, «Біздің сынып қызықтары» тақырыбында шағын әңгіме жазу.
  • 174-жаттығу: жалқы зат есімді жіктеу есімдігімен алмастырып, көшіріп жазу.