Ықыластың күйі Жез киік қобыз аспабында орындау
Сабақтың тақырыбы
Домбыра және қобыз аспаптарының түрленуі
Сабақтың мақсаты
Оқушылардың музыкалық мәдениетін қалыптастыру арқылы аспаптық музыкаға деген сүйіспеншілігін арттыру.
Күтілетін нәтиже
- Аспаптардың үнін ажырата біледі, композиторлармен танысады.
- Әнді мәнеріне келтіріп, сүйіспеншілікпен орындайды.
Сабақ міндеттері
Дамытушылық
- Әртүрлі аспаптардың тембрін ажыратуға үйрету.
- Өздігінен оқып-үйренуге ықпал ету.
- Музыкалық шығармаларды ерекшелігіне қарай талдауға дағдыландыру.
Тәрбиелік
- Ән-күй тыңдау арқылы әуендік сезімталдықты арттыру.
- Есте сақтау, қиялдау, ойлау қабілеттерін дамыту.
- Өнерді құрметтеуге, өзін-өзі ұстауға, адамгершілікке тәрбиелеу.
Әдістері
- Сұрақ-жауап
- Шығармашылық жұмыстар
- Музыкалық-дидактикалық ойындар
Қажетті құралдар мен көрнекіліктер
- Музыкалық аспаптар, интерактивті тақта
- Суреттер, слайдтар, тапсырмалар кестесі
- Бағалау кестесі, семантикалық карта, стикерлер
Сабақтың жоспары
- IҰйымдастыру кезеңі (топқа бөліну)
- IIҮй тапсырмасын сұрау (ой толғау)
- IIIЖаңа сабақ (мағынаны тану)
- IVЖаңа сабақты бекіту
- VОқушы әрекетін бағалау
- VIҮйге тапсырма беру
- VIIКері байланыс парағы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Топқа бөліну
Оқушылар 4 топқа бөлінеді: Домбыра, Қобыз, Баян, Пианино. Топтық жұмыс өзара ынтымақтастықты күшейтіп, бірлесіп әрекет етуге, бір-бірін тыңдауға және қолдауға мүмкіндік береді.
Мұғалімнің ұраны
«Өнерді үйрен, үйрен де жирен».
Ұранды дауыс жаттығуында төмен және жоғары дыбыста қайталап айтамыз: До, ре, ми, фа, соль — ө-нер-ді үй-рен, үй-рен де жи-рен
II. Үй тапсырмасын сұрау
1) Интерактивті тақтамен жұмыс (сұрақ-жауап)
Оқушылар ноталарға сәйкес ұяшықтарды таңдап, сұрақтарға жауап береді.
| Ұяшық | Нота | Сұрақ |
|---|---|---|
| 1 | До | Оркестр деген не? |
| 2 | Ре | Қазақ ұлт аспаптар оркестрі қашан құрылды? |
| 3 | Ми | Дирижер дегенді қалай түсінесің? |
| 4 | Фа | Ең алғашқы ұлт аспаптар оркестрінің дирижері кім? |
| 5 | Соль | А. Жұбанов туралы не білесің? |
| 6 | Ля | Оркестр ең алғаш неше адамнан құрылды? |
| 7 | Си | Қазір бұл оркестр қандай күйшінің атымен аталады? |
2) Әнді жатқа айту
Халық әні «Бипыл» — хормен қайталау және жеке орындау.
III. Жаңа сабақ (мағынаны тану)
Шифрды шешу тапсырмасы
Әр топқа карточка таратылады. Мақсат: берілген мәтіндерден «Ф» әрпін алып тастап, бүгінгі сабақтың тақырыбын шығару.
Домбыра
Жұмбақ
Қатар-қатар текпішек,
Ұзын мойын, екі ішек.
Басып көрсең бір-бірлеп,
Үн шығады күмбірлеп.
Жауабы: Домбыра.
Домбыра — қағып, шертіп тартылатын ішекті аспап. Негізінен екі ішекті, кейде үш ішекті түрлері де кездеседі. Оркестрлік орындауға бейімдеу үшін домбыра тобына әртүрлі өлшемдегі аспаптар жасалып, еуропалық атаулармен аталды.
Домбыра тобы
- Домбыра-прима
- Домбыра-альт
- Домбыра-бас
- Домбыра-контрабас
Оркестрдегі аспаптардың пішіні ұқсас болғанымен, көлемі әртүрлі: аспап үлкейген сайын үні қоюланып, төмендей береді. Домбыраның ішегі де өзгерді: бұрын қой ішегін қолданса, бүгінде көбіне нейлон ішек пайдаланылады. Қазіргі таңда домбырада кәсіби орындаушылық дамып, күймен қатар еуропалық шығармаларды орындауға кең мүмкіндік туды.
Қобыз
Жұмбақ
Қарағайдан жасалған,
Қорқыттан мұра боп қалған.
Мың бір түрлі үні бар,
Тарихта жетпес құны бар.
Жауабы: Қобыз.
Қобыз — ысқышпен ойналатын ішекті музыкалық аспап. Оның пішіні ерекше, тембрі бай. П. Паллас қобыз үнін кейде құстың дауысына, тіпті аққудың үніне ұқсатады деп жазады: ат қылынан жасалған ысқыш шекпен үйкелгенде нәзік, сырлы үн пайда болады. Музыка зерттеушісі Б. Сарыбаев қобыз үнін адамның ащы, зарлы, өксікті үнімен салыстырады.
Ерекшеліктері
- Шанағы терімен қапталады.
- Ысқығы көбіне жылқы қылынан жасалады.
- Шеберлік күрделенуіне байланысты төрт ішекті қобыз пайда болды (ішектері сымнан жасалады).
Қобыз негізіндегі түрлер
- Қобыз-прима
- Қобыз-альт
- Қобыз-бас
- Қобыз-контрабас
Домбыра мен қобыздың негізінде оркестр құрамына лайықталған көптеген жаңа аспап түрлері жасалды. Нәтижесінде халық композиторларының күйлері — Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина шығармалары — сахнада оркестр орындауында жаңаша қырынан танылды.
Музыка тыңдау
- Құрманғазы — «Адай» (домбырада орындау).
- Ықылас — «Жез киік» (қобызда орындау).
Музыкалық-дидактикалық ойын: «Жоғалған ноталарды тап»
Карточкалар таратылады. Дайын болған топ қол соғады. Белгі берген 1–2 топтан жауап сұралады.
РЕ. ФА. СИ. ДО. МИ. РЕ. ДО. МИ. СИ. — ?
Жауабы: СОЛЬ, ЛЯ
СОЛЬ. МИ. РЕ. ЛЯ. СИ. РЕ. СОЛЬ. СИ. МИ — ?
Жауабы: ДО, ФА
ДО. РЕ. … ФА. РЕ. ДО. ФА. ЛЯ. ДО — ?
Жауабы: МИ, СИ, СОЛЬ
ЛЯ. СОЛЬ. ДО. ЛЯ. МИ. ЛЯ. ДО. СОЛЬ — ?
Жауабы: РЕ, ФА, СИ
Музыкалық диктант
Нота дәптерімен жұмыс.
IV. Жаңа сабақты бекіту
Семантикалық карта
Төмендегі кесте арқылы домбыра мен қобызға тән ерекшеліктерді ажыратып белгілейміз.
| № | Атауы | Домбыра | Қобыз |
|---|---|---|---|
| 1 | Қыл | — | + |
| 2 | Прима | + | + |
| 3 | Альт | + | + |
| 4 | Бас | + | + |
| 5 | Контрабас | + | + |
V. Оқушы әрекетін бағалау
Оқушылардың жұмысы сабақ бойы жинақталып бағаланады. Алдын ала дайындалған бағалау кестесі бойынша әр топтың ұпайы қойылады. Жекелеген оқушылардың белсенділігі мен орындаушылық дағдылары ескеріліп, марапатталады.
VI. Үйге тапсырма
- 1«Қобыз» және «домбыра» сөздеріне сөзжұмбақ құрастыру.
- 2Қобыз және домбыра туралы қосымша мәлімет жазу.
- 3«Бипыл» әнін қайталау.
VII. Кері байланыс парағы
Оқушылар қысқаша рефлексия жазады:
- Бүгін мен не үйрендім?
- Маған не ұнады, не ұнамады?
- Жаңа сабақ бойынша сұрағым немесе пікірім қандай?
Үйрендім
Ұнады / Ұнамады
Сұрақ / Пікір