Үшінші топтың тапсырмасы

«Көкпар» форматындағы білім сайысы

Бұл ашық сабақ «Көкпар — білім сайысы» тақырыбында өткізіледі. Негізгі бағыт — химия сабағын этнопедагогика элементтерімен байланыстырып, өткен материалды қайталау және қорытындылау. Сабақ барысында әдет-ғұрып, салт-дәстүр мазмұны химия ұғымдарымен ұштастырылады, ал ұлттық ойындар арқылы оқушылардың білім сапасы, ой-өрісі және топпен жұмыс дағдысы дамытылады.

Мақсаты

  • Химияны этнопедагогикамен байланыстыру.
  • Өткен тақырыптарды пысықтау және қорытындылау.
  • Ұлттық ойындарды насихаттау, білім сапасын арттыру.
  • Ой-өрісті дамыту және командалық рухты күшейту.

Сабақ түрі

Қайталау сабағы, қорытындылау.

Әдіс-тәсіл

Ойын түрінде, топпен жұмыс.

Көрнекілік

  • Ұлттық ойындар бейнеленген суреттер.
  • Мультимедиялық материалдар.

Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім сөзі: «Оқушылар, бүгін бізде ашық сабақ өтеді. Жарысқа үш топ қатысады, әр топта төрт оқушыдан. Жарыс сегіз бөлімнен тұрады және “Көкпар” бағыты бойынша өтеді».

Көкпар — қазақ халқының ұлттық ойыны. Әдетте ат үстінде ойналып, күш-қайратты, ептілікті, батылдықты талап етеді. Бұл сабақтағы көкпардың мәні — білім сайысы: кім көбірек біледі, кім жылдам ойлайды, сол алға шығады.

Мақсат — татулықты, бірлікті және білімділікті көрсету. Іске сәт!

Сайыс бөлімдері (8 кезең)

1-бөлім. «Жарнама»

Топтық таныстырылым

Әр топ химия пәнін қазақ халқының тағамдарымен байланыстыра отырып, өз тобының қысқа жарнамасын дайындайды.

2-бөлім. «Егер..., онда...» ойыны

Сапалық реакциялар

Ойын бастаушы сөйлемді «Егер...» деп бастап береді, ойыншы «Онда...» деп жалғастырып аяқтайды. Әр топтан бір оқушы шығады.

1-топ тапсырмасы

Егер метанальға күміс оксидін қоссам, онда сынауық қабырғасында жылтыр «күміс айна» пайда болады.

2-топ тапсырмасы

Егер глюкозаны ашытсам, онда этил спирті түзіледі.

3-топ тапсырмасы

Егер этиленге марганцовка қоссам, онда ерітіндінің түсі өзгереді.

3-бөлім. «Сырыққа шығу»

Реакция теңдеулерін аяқтау

1-топ

  • CH4 + Cl2 =
  • CH4 + HNO3 =
  • CH4 + O2 =

2-топ

  • C2H4 + Cl2 =
  • C2H4 + H2 =
  • C2H4 + H2O =

3-топ

  • C2H2 + H2 =
  • C2H2 + HCl =
  • C2H2 + H2O =

4-бөлім. «Теңге ату»

Өзара тест алмасу

Әр топ алдын ала дайындап әкелген тест тапсырмаларымен алмасады. Әр жинақта 5 сұрақ болуы тиіс.

5-бөлім. «Санамақ»

Жылдам атау

Ойын шарты: бір қатысушы ортаға шығып, біртектес атауларды жаңылмай, кідірмей айтып шығуы керек.

1-топ

10 органикалық заттар тобын атау.

2-топ

10 химиялық реакция түрін айту.

3-топ

10 химик-ғалымды атау.

6-бөлім. «Сымсыз телефон»

Терминді дәл жеткізу

Мұғалім бір оқушының құлағына химияға қатысты терминді сыбырлап айтады. Оқушылар бір-біріне сыбырлап жеткізеді. Соңғы ойыншы терминді дауыстап айтып, дұрыстығы тексеріледі.

Терминдер

изомер, гомологтар, гибридтену

7-бөлім. «Орамал тастау»

Қысқа, тез жауап

Топтарға қысқа сұрақтар қойылады. Сұрақ қойылатын оқушыға орамал тасталады. Әр топтан 3 сұрақ беріледі.

8-бөлім. «Екі жеп, биге шықтым»

Есептер шығару

1) 200 г глюкоза қанша зат мөлшерін құрайды?

2) 100 г фруктозада (қ.ж.) қандай көлемге сәйкес келеді?

3) 50 г сахарозада қанша зат мөлшері бар?

Топтардың «жарнама» мәтіндері

«Глюкоза» тобы

Әр нәрсеге тәттілік сыйлаған, моносахаридтің бір өкілі — глюкоза. Біздің топ осы атауды таңдап, тәтті жемістей түрленіп тұр. Химиядан озық болуға әр оқушы талпынады, ізденеді. Осы пәнге қызығып, біліммен алға басайық.

«Белоктар» тобы

Ата-бабамыз ет пен сүтті тіршілік көзі еткен, сол сүттің белогымен нәрленген. Ағзаға пайдасы мол белок — өмірдің өзегі. Ендеше, адамзат, белоктан қашпағын.

«Ас тұзы» тобы

— Қыздар, қазақтың қай тағамында тұз көп болады?
— Құртта!
— Дұрыс. Ал оны қалай әзірлейтінімізді білесіңдер ме?

  • Алдымен сүтті ұйытамыз.
  • Дорбаға құйып, сарысуын сорғызамыз.
  • Ыдысқа салып, үстіне тұз қосып араластырамыз.
  • Қолмен түрлі пішін беріп, кептіреміз.

Тұз — тағамның дәмін келтіретін негізгі құрам. Қазақта: «Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма?» деген сөз бар.

Тест сұрақтары (әр топқа 5 сұрақ)

«Глюкоза» тобы

  1. Қазақстанның ең ірі көмір базасы:

    а) Екібастұз   б) Қарағанды   в) Абай

  2. Құрамында екі қос байланысы бар қанықпаған көмірсутек:

    а) алкан   б) алкен   в) алкадиен

  3. Циклоалкандардың жалпы формуласы:

    а) CnH2n   б) CnH2n+2   в) CnH2n−2

  4. Елімізде химия өнеркәсібі қай жылдары дами бастады?

    а) 1932 жыл   б) 1940 жыл   в) 1945 жыл

  5. Мұнайды айдауға арналған қондырғы неше бөліктен тұрады?

    а) екі   б) төрт   в) бес

«Белоктар» тобы

  1. Табиғи газдың метан үлесі:

    а) 96%   б) 90%   в) 70%

  2. Органикалық заттар қай ғасырдан бастап зерттеле бастады?

    а) XIX   б) XX   в) XVIII

  3. Жүйелеу номенклатурасы бойынша алкендерге жалғанатын жұрнақ:

    а) -ен   б) -ан   в) -ин

  4. Мочевинаны алғаш синтездеп алған ғалым:

    а) Вёлер   б) Берцелиус   в) Кучеров

  5. Алкандардың гомологтық қатары қай көмірсутектен басталады?

    а) этан   б) метан   в) пентан

«Ас тұзы» тобы

  1. Майды синтездеп алған ғалым:

    а) Марковников   б) Лебедев   в) Бертло

  2. Алкиндердің гомологтық қатары қай көмірсутектен басталады?

    а) метан   б) этин   в) пропин

  3. Бензолдың құрылымдық формуласын ұсынған ғалым:

    а) Кекуле   б) Фарадей   в) Кучеров

  4. Қай көмірсутек «балшық газы» деп аталады?

    а) пропан   б) бутан   в) метан

  5. Глюкозаға тән реакция:

    а) ашуы   б) нитрлену   в) галогендену

Қорытынды

Осымен білім сайысымыз аяқталды. Енді қай топтың алға озып шыққанын анықтаймыз. Сабаққа белсенді қатысқандарыңыз үшін көп рақмет. Қош сау болыңыздар!