Шыңғыс хан мен Қайыр ханды салыстыру

Сабақ тақырыбы

М. Шахановтың «Отырар дастаны» немесе «Туады ерлер ел үшін».

Білімділік

Оқушыларға М. Шахановтың өмірі туралы мәлімет беру; «Отырар дастанын» оқыта отырып, шығарманы талқылауға, ой бөлісуге үйрету.

Дамытушылық

Отырар туралы бұрынғы білімдерін негізге алып, жаңа деректермен толықтыру; ізденімпаздық қабілетін дамыту.

Тәрбиелік

Өз ойын еркін жеткізуге, ойлау мен пайымдау мәдениетін қалыптастыруға бағыттау.

Сабақ әдістері

  • Сұрақ–жауап
  • Баяндау

Пәнаралық байланыс

  • Тарих
  • Қазақ тілі

Көрнекіліктер

  • Слайдтар
  • Кестелер

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Сыныптың сабаққа дайындығын тексеру, назарды жаңа тақырыпқа бағыттау.

2) Жаңа сабақ

Олжас Сүлейменовтің пікірін негізге ала отырып, қоғам алдындағы түйінді мәселелерді батыл көтеретін, елі мен тілі үшін күрескен қайсар да шыншыл ақын әрі қоғам қайраткері ретінде Мұхтар Шаханов тұлғасына тоқталамыз. Бүгінгі сабақ ақынның көпқырлы шығармашылығына және «Отырар дастанына» арналады.

Ақын өміріне шолу (слайд бойынша)

М. Шаханов 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар өңірінде дүниеге келген. Жастай жетімдік көрсе де, өжеттігі мен қайсарлығының арқасында білім алып, тынымсыз еңбек етіп, ел құрметіне бөленген.

3) Шығармашылығы туралы пікір алмасу

Ақын өлеңдерінде махаббат, достық, адамгершілік тақырыптары кеңінен көрініс табады. Сонымен бірге ол қоғамдағы екіжүзділік пен жағымпаздықты да сынайды.

М. Шаханов поэзиясының ерекшелігі — қазіргі заманға тән ұғымдарды батыл қолдануы: космос, бизнес, теорема сияқты атаулардың өлең өрісіне енуі.

«Төрт ана» ұғымы

Ақын туған жер, туған тіл, салт-дәстүр және туған тарихты «төрт ана» деп атап, оны азаматтық ұстанымының өзегіне айналдырады.

Қасиетті бұл төрт ана — тағдырыңның тынысы,
Төрт ана үшін болған күрес — күрестердің ұлысы.

4) Азаматтық үн: Желтоқсан тақырыбы

Жыл сайын 16 желтоқсанда атап өтетін мерекеміз — Тәуелсіздік күні. Ақын 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында құрбан болғандар мен жазықсыз сотталған азаматтардың, қазақ қыздарының ақталуына елеулі еңбек сіңірген. Мұны оның «Желтоқсан алаңы», «Оралу» сияқты өлеңдерінен көруге болады.

5) «Отырар дастаны»: сахналық көрініс

Бүгінгі сабақта М. Шахановтың «Отырар дастанымен» танысып, негізгі идеяларын сахналық көрініс арқылы талдаймыз.

Көрініс (үзінді)

Шыңғыс хан

Алты ай бойы кіп-кішкентай Отырарды ала алмауың менің сүйегіме таңба түсірді. Қол астыңдағы екі жүз мың әскермен Отырардың осал тұсын таба алмауың — намысымызға сызат. Менің алғырлығым аяқ асты болды.

Шағатай

Әке, бұл өкініш менің де жанымды өртеп барады. Аянып жүргенім жоқ. Рухы — өр, тәні — бекем, бұл бір қайсар халық екен. Тірліктен де артық қойған бірлікті.

Шыңғыс хан

Шалағайсың. Жауыңның мықтылығына дауым жоқ. Бірақ әр мықтының бір осал жері болады. Менің жеңіске жетуімнің құпиясы — айла. Әр жаудың осал жерін табу керек.

Шағатай

Ұқтым, әке!

Шыңғыс хан (Қайыр ханға)

Иә, Қайыр хан. Құлағыңды кесіп, тәніңді жеңгенімен, әттең, жаныңды жеңе алмапты. Маған қарап күліп тұрсың. Рухың биік. Сендей бес қолбасшым болса, бүкіл дүниені бағындырар едім. Ал мына бір қу түлкінің қанатыңның астына жасырынғанын білмепсің. Өр ісіңе сыйлығым болсын — осы сатқынның билігін саған қидым.

Қарашоқы

Хан ием, мұныңыз не? Өле-өлгенше құлыңыз болып өтейін. Мен қол ұшын бермесем, сіз Отырарды жаулап ала алмас едіңіз.

Шыңғыс хан

Оған дау жоқ. Сен болмасаң, мен Отырарды жаулап ала алмас едім. Бірақ менің нөкерлерім безбүйрек болса да, ешқашан сатпайды. Сен бүгін Отаныңа опасыздық жасадың — ертең мені де сатасың. Қайыр ханның қолына қылыш ұстатыңдар.

Қайыр хан

Тоқта, Шыңғыс. Бұл баланың әкесі бір нар текті адам еді: елге сыйлы, зиялы, адал жан. Мен әкесіне қарап баласын қасыма алған едім. Әкесін алдыр.

Қайыр хан (толғау)

Жылан туса — жыланнан, құлан туса — құланнан, таңданатын түгі жоқ.
Бірақ жылан қалай туды қыраннан?

Қария

Менің қыран болғанымды заман бүгін өтірікке шығарды. Бүгін міне, менен сорлы жан бар десең — сенбеймін. Еліме көрінетін бетім бар ма? Азғындықтың соңы бізбен құрысын. Ертеңгі атар күн үшін сабақ болсын: мына сатқын перзентіме қосақтап, өлтіруге міндеттісің мені де!

Қайыр хан

Иә, қоштасар келді күн. Бір өкініш жанымды жеп тұрғаны: осы Отырардың даңқын, ерлігін жыр ететін бір тұяқтың қалмауы-ай.

Шыңғыс хан

Өкінішті. Отырардағы еркек кіндіктіні қырып тастауға бұйрық бердім. Амал нешік.

Қария

Қателесесің! Жұма бұрын шеткі қақпадан жүзінен жалын ескен бір баланы құтқардым.

Қайыр хан

Бәрекелді, бұл еңбегің жарады.

6) Талдау және бекіту тапсырмалары

Кейіпкерлерді анықтау

  • Дастанда кездескен кейіпкерлерді атау.
  • Шыңғыс ханға қатысты білетін деректер мен шығармаларды айту.
  • Қайыр хан, Отырар туралы мәліметтерді еске түсіру.

Себеп–салдар

  • Отырарға шабуыл жасаудың себебі қандай?
  • Отырардың орнында қазір не орналасқан?
  • Дастан мазмұнына жақын мақал-мәтелдер келтіру.

Шыңғыс хан мен Қайыр ханды салыстыру

Шыңғыс хан

  • Ұлты: моңғол
  • Діні: будда
  • Азияда тұңғыш біртұтас империя құрушы
  • Мемлекет қайраткері, жаулап алушы

Қайыр хан

  • Ұлты: қазақ
  • Діні: ислам
  • Отырар қаласының билеушісі
  • Қорғанысты ұйымдастырған тарихи тұлға

Ортақ қасиеттері

  • Хан, ел басқарған тұлға
  • Ақылды, айлакер
  • Соғыс тәсілдерін меңгерген
  • Жауынгерлік мінезі бар

Шығармашылық тапсырма

  • Өздеріне ұнаған тұстар бойынша салған суреттерін көрсетіп, таңдау себебін түсіндіру.
  • «Дастаннан алған әсерім» тақырыбында ойтолғау айту.

Топтастыру стратегиясы

«М. Шаханов кім?» сұрағына жауапты кілт сөздер арқылы жинақтау: ақын, Отырар, депутат, Желтоқсан оқиғасы, редактор.

7) Өлең жолдарын толықтыру

Берілген шумақтардың 2 және 4 жолдарын толықтыру.

Ақынның өлеңіне арқау болған,
Сөздері ел сенімін алған.
Қашанда туған жұртын мақтан етіп,
Жүрегін туған елге шын арнаған.

Біз — Отанның ертеңі,
Шарықтайтын көктегі.
Отан үшін отқа түсіп,
Гүліндей құлпыратын көктемгі.

8) Қорытынды

«Мұхтар Шаханов кім?» деген сұраққа сипаттама бере отырып, сабақта айтылған ойларды жинақтау: ақынның азаматтық үні, тарихи жад пен отаншылдық құндылықтары, «Отырар дастанындағы» ерлік пен сатқындық мәселесі.

Үй тапсырмасы

  • Дастандағы бір кейіпкерге мінездеме жазу.
  • Өлеңді оқып келу (мәнерлеп оқу дағдысын бекіту).