Аналарға арналған сұрақтар

Мақсаты

Жас бүлдіршіндердің білімін, өнерін тамашалап, салт-дәстүрді жетік білуге баулу және өз өнерлерін еркін көрсетуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Сайысқа қатысты құрал-жабдықтар
  • Сыйлықтар, шарлар
  • Мадақтамалар

Барысы

I жүргізуші

Аяулы аналар, ардақты арулар мен ұстаздар! Сіздерді 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен құттықтай отырып, ғұмырларыңызға саулық, өмірлеріңізге сәттілік тілейміз!

Олай болса, «Ару аналар, сұлу қыздар» атты сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер!

II жүргізуші

Ана десем, сезім билер тым ыстық,
Жарасымды адамдарға туыстық.
Бір адамға берсе ана мейірін,
Орнар еді бар әлемде тыныштық.

Ана десем, шешек атып жанары,
Өмірімнің бастау алар жаңа әні.
Ана деген — тіршілікте пана боп,
Әрбір үйде жұлдыз болып жанады.

Көктем мерекесі, Аналар мерекесі құтты болсын!

I жүргізуші

«Арулар — аяулылар, ардақтылар,
Өмірдің жылуы боп қалмақ бұлар.
Арулар — тіршілікке күре тамыр,
Өмірді бір-біріне жалғап тұрар», — деп ақиық Мұқағали ақын жырлағандай, бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен аналардың еңбегін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Аналары бақытты елдің ұрпағы да бақытты ғұмыр кешеді. Анасы жыламаған елдің баласы да жыламайды.

II жүргізуші

Ендеше, бүгінгі кешіміздің қадірлі қонақтары — асыл аналарымызға құрмет көрсету біздің перзенттік парызымыз. Аналарымыздың жүздерінен шаттық пен күлкі кетпесін!

Ән: «Сенің анаң»

I жүргізуші

Біз ғана емес, қадір тұтқан бабалар —
Аналардан туған небір даналар.
Ана деген — тіршіліктің тірегі.
Армысыздар, қасиетті аналар!

Сайыс бөлімдері

I тур — «Сәлем — сөздің анасы»

«Қыз аты — қыз, қыз әдебі…» — сайысқа келген қыздарымыз бен аналарымызды таныстырып, өздерін таныстыруға кезек береміз.

II тур — «Шебердің қолы ортақ»

Сырмақ ойып, текемет басып, киіз басқан өнерлі шеберлердің даңқы асқан. «Шеше көрген тон пішер» деген рас: қыздарымыз бен аналарымыздың үйден дайындап келген қолөнер жұмыстарын тамашалайық.

Қолөнер көрмесі Би: Түрік биі

III тур — «Өнерлі өрге жүзер»

Кімнің өнері қандай деңгейде? Бірі би билеп, бірі ән шырқайды. Бүгінгі сайыста бәйге алуға аналарымыз бен қыздарымыз барын салады.

Ән: «Мереке күніңмен»

IV тур — «Салт-дәстүрді білесіз бе?»

Салт — әр ұлттың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшеліктеріне сай ғасырлар бойы қалыптасқан, өмірдің өзі тудырған негіз. Бұл бөлімде қазақтың салт-дәстүріне қатысты сұрақтар қойылады.

Аналарға арналған сұрақтар

  1. Еттен табақ тарту дәстүрі: Қыздар табағына қандай ет мүшелері салынады?
    Жауабы: жүрек, бүйрек, жағы мен тіл.
  2. Ерулік деген не?
    Жауабы: жаңа көшіп келген көршіні қонаққа шақырып, ерулік беру.
  3. Тұсаукесер тойы: нені білдіреді?
    Жауабы: сәби жүре бастағанда «тез жүріп кетсін» деген ниетпен жасалатын дәстүр.
  4. Бәсіре деген не?
    Жауабы: қыз ұзатылғанда немесе жиен алғаш келгенде меншіктеп берілетін, ен салынған мал.
  5. «Жиен ел болмайды…» дегендегі жиен кім?
    Жауабы: күйеуге шыққан қыздан туған бала.
  6. Тоқым қағар қандай дәстүр?
    Жауабы: сапарға шығарда немесе сапардан аман келсін деген тілекпен мал сойып, жұртты қонақ ету.
  7. Сыбаға деген не?
    Жауабы: құрметті қонаққа немесе жақын-жуығына арнап сақталған кәделі ет мүшелері.
  8. Тұлым қою деген не?
    Жауабы: кішкентай балаға екі шекесіне екі шоқ шаш қалдыру.

Қыздарға арналған сұрақтар

  1. Ертеден келе жатқан қандай мейрамдарды білесің?
    Мысалы: Ораза айт, Рамазан айт, Наурыз.
  2. Қазақ халқының ұлттық тағамдарын ата.
    Мысалы: көже, қазы-қарта, жал-жая, қымыз, ет, қуырдақ, айран, бауырсақ, құрт, ірімшік.
  3. Сәндік зергерлік бұйымдарды ата.
    Мысалы: сырға, жүзік, моншақ, білезік.
  4. Ұлттық ойын түрлерін ата.
    Мысалы: ақсүйек, арқан тарту, сақина салу, көкпар, қыз қуу, бәйге.
Ән: «Қайран жеңгем»

V тур — «Сән үлгісі»

«Адам көркі — шүберек» дейді халық. Бүгін ару аналар мен сұлу қыздарымыздың ешкімге ұқсамайтын, өз қиялынан туған киім үлгілерін тамашалайық.

VI тур — «Дәм тата білейік»

Өздеріңізге жарасып тұр сәндеріңіз,
Таусылмасын айтылатын әндеріңіз.
Ару ана, сұлу қыздар, бүгінгі
Дәмді болсын дайындаған дәмдеріңіз.

Қорытынды лебіз

II жүргізуші

Аналар-ау, менің шалқар көлдерім,
Көлдерім мен асқар-асқар белдерім.
Мына өмірде қуанышты жүргенім —
Сенің арқаң: мына өмірге келгенім.

I жүргізуші

Айналайын қазақ деген халқынан,
Таймасын екен рухани қалпынан.
Өнері бар — сан қырлы құндылық,
Жеткен бізге ата-баба салтынан.

Ардақты аналар, аяулы апайлар, ақкөңіл жеңгейлер, қылықты қыздар — әрқашан да өмірдің мәні мен сәні болып жүре беріңіздер! Мейірімді жүздеріңізден күлкі кетпесін!

Хор: «Анаға арнау»