Тіл байлығы
Құрметті қонақтар, ойынға қатысушы оқушылар! Бүгінгі тіл мерекесімен құттықтай отырып, бойларыңызға күш-қуат, тілдеріңізге мол байлық, ойларыңызға тереңдік тілеймін.
Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім, мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін.
Ақын айтқандай, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтас болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін құндылықтың бірі – ана тілі мен дәстүрі. Біздің қасиетті мұрамыз – қазақ тілі.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Ол – бай да көркем тіл. Сондықтан ұлттық тілімізді әрдайым қадірлеп, дамытып отыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Оқушылардың тіл туралы жыр жолдары
1-оқушы
Ана тілі – біздің туған анамыз, Анамыздай сыйлап, бағып-қағамыз. Ана тілін бағаласақ, қалай біз, Өзіміздің сондай болмақ бағамыз. Ана тілін кім аялай білмесе, Анасынан безген ұл деп қараңыз.
2-оқушы
Тілім, дінім, мақтанышым, шаттығым, Үнім барда пәк көңілде жоқ мұңым. Қазақ болып, қазақ тілім болмаса, Не етемін өзге тілдің көптігін. Тілім, дінім, самғасын, шарықтасын, Самғаудан еш уақытта жалықпасын. Өз алдына өмірден теңдік алған, Ана тілім көгімде қалықтасын.
3-оқушы
Жаса мәңгі – ана тілім, жан тілім, Жаса мәңгі – дара тілім, жарқылым. Көкірегімнен көтерейін ар туын, Мәңгілікке нұрландырсын жарқылың.
4-оқушы
Сенің арқаң – дүниеден сыр ұқсам, Сенің арқаң – жүзіп ішсем тұнықтан. Туған анамды ұмытқаным емес пе? Туған тілім – егер сені ұмытсам.
Интеллектуалдық ойын: «Сөз мерген»
Ұлағатты сөздерден кейін, тебірене отырып сайысымызды бастайық. Ойын 7 бөлімнен тұрады. Әр бөлімде 10 ұяшық болады.
Сәт сапар!
Білім мен тіл байлығын сынға салатын кезеңдер.
1-бөлім: «Мақал – сөздің мәйегі»
Мақал-мәтелдердің жалғасын табу.
- 1) Шебердің қолы ортақ, …
- 2) Бал тамған тілден …
- 3) Ең тәтті де тіл, ең ащы да тіл, …
- 4) Тіліңмен жүгірме, …
- 5) Қотыр қолдан жұғады, …
- 6) Атпаз көрген ат таныр, …
- 7) Атаңа не қылсаң, …
- 8) Аға – еңбекпен көркем, …
- 9) Піл көтермегенді …
- 10) Өнер алды …
2-бөлім: «Білгенге маржан»
Ұяшықтардағы сөздердің синоним және омоним қатарларын табу.
3-бөлім: «Тіл байлығы»
Ұяшықта жасырылған тұрақты тіркестердің мағынасын ашу.
| Тұрақты тіркес | Мағынасы |
|---|---|
| Бетінің кіріне бес ит тойғандай | Кір, лас |
| Жүрегі аузына тығылды | Қорқу |
| Тайға таңба басқандай | Анық, дәл |
| Қоян жүрек | Қорқақ |
| Бетінен оты шықты | Ұялу |
| Тонның ішкі бауындай | Жақын |
| Қас пен көздің арасында | Лезде, жылдам |
| Маңдай терімен тапты | Өз еңбегімен |
| Кірпік қақпады | Ұйықтамады |
| Терісіне сыймады | Ашуланды |
4-бөлім: «Сөз мерген»
Әр ұяшықта тіл туралы тақырып беріледі. Сол тақырыпқа шағын ойтолғау жазу керек. Уақыт: 3 минут.
- Ана тілім – айбыным
- Қасиет пен құт дарытқан ана тіл
- Мемлекеттік тіл – достық пен бірлік тілі
- Тіл тағдыры – ел тағдыры
- Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз
- Түркі тілдерінің ішіндегі ең гауһары – қазақ тілі
- Тілім – тірегім
- Өнер алды – қызыл тіл
- Би: «Қара жорға»
5-бөлім: «Болмасаң да ұқсап бақ»
Әр ұяшықта екі жол өлең беріледі. Қатысушылар оны өз ойымен жалғастырады.
1-ұяшық
Жазира даласы бар, Өскелең қаласы бар.
2-ұяшық
Мектеп – білім кемесі, Айқара ашық есігі.
3-ұяшық
Ана тілім бәрінен қымбат маған, Сол тіліммен нәр алып қуаттанам.
4-ұяшық
Әжетайым, әжешім, Қандай жақсы әжесің.
5-ұяшық
Қандай қызық көктемде, Күн шуағын төккенде.
6-ұяшық
Қадірлі анам, жан анам, Сені көрсем қуанам.
Өте жақсы! Ақындарымыздан кем емессіңдер. Ойларың одан әрі шыңдала берсін.
Оқушылардың толғауы
Сайыскерлер тапсырмаларын орындап жатқанда, тіл туралы толғауларды тыңдайық.
5-оқушы
Ана тілін – болашағың, келешегің, Сен арқылы биікпен теңесеміз. Өлең жазып, ой толғап өз тіліңде, Жетістікке жетемін, өсемін де.
6-оқушы
Ана тілім – дана тілім, бақ тілім, Сенсіз бақыт дүниеден тапты кім! Сенсіз менің қасіретті шаттығым, Сенсіз менің тазалығым, пәктігім.
7-оқушы
Бабамыздың тілі деп, Даламыздың үні деп, Ана тілін, ана тілін, Ана тілін – сүйеміз.
6-бөлім: «Сұрақ – жауап»
Ұяшықта жасырылған сұрақтарға жауап беру.
- Қазақ тілі туралы өлең жолын және мақал-мәтелді жатқа айт.
- Тіл туралы заң қашан қабылданды?
- Ең алғаш мектеп ашқан кім?
- Қазақстан Республикасының нышандарын ата.
- Елтаңбаның авторлары кімдер?
7-бөлім: «Ұшқыр ой»
Тапсырма: «Қанағаттандыралық» сөзінен 3 минут ішінде мүмкіндігінше көп сөз құрау. Ең көп сөз құрастырған ойыншы жеңімпаз атанады.
Қорытынды ой
Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері көк туымыздың астында бейбіт өмір сүріп келеді. Тәуелсіздігіміздің ең басты белгілерінің бірі – ана тіліміз бен ұлттық мәдениетіміз.
Тіл жайында толғанбайды кім бүгін, Тіл жайында үгіттемейді кімді – кім. Сан мың жылдан сарқылмаған бұлағым, Тілім менің, тілім менің – тірлігім!