Спирттер - құрамындағы сутек атомдары бір немесе бірнеше гидроксил топтарымен алмасқан көмірсутектің туындылары
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Органикалық заттардың құрамында оттек бар жаңа тармағын таныстыру және функционалдық топ ұғымына анықтама беру. Оттекті органикалық қосылыстардың негізгі қасиеттерін түсіндіру, молекулалық байланыстың ерекшелігін көрсету және спирттер туралы түсінік қалыптастыру.
Дамытушылық
Заттардың қасиеттері олардың құрылысына тәуелді екенін дәлелдер арқылы көрсету. Құрылысы мен қасиеттеріндегі негізгі ерекшеліктерді ажырата білу қабілетін дамыту.
Тәрбиелілік
Салауатты өмір салтын насихаттау және спирт өнімдерінің құрамындағы химиялық заттардың адам денсаулығына әсері мен маңызын түсіндіру.
Сабақтың құрылымы
-
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сәлемдесу, назарды сабаққа аудару. Сергіту сәті: «Мен қазақпын» жаттығуы.
-
II. Үй тапсырмасын сұрау
Көмірсутектер туралы сұрақтар және Қазақстанның мұнай-газ, көмір өнеркәсібімен байланыс.
-
III. Қызығушылықты ояту
«Жанбайтын орамал» тәжірибесі арқылы жаңа тақырыпқа кіріспе.
-
IV. Мағынаны тану
Оттекті органикалық қосылыстар, функционалдық топтар және спирттер түсінігі.
-
V. Ой толғау
Қорытындылау, сұрақ-жауап, рефлексия.
-
VI. Бағалау
Қалыптастырушы бағалау, тапсырма нәтижелерін талдау.
-
VII. Үй тапсырмасы
Тақырып бойынша бекіту тапсырмалары мен есептер.
Үй тапсырмасы бойынша сұрақтар
Негізгі анықтама
Көмірсутектер — құрамына тек екі элемент: көміртек пен сутек атомдары кіретін органикалық қосылыстар.
Қазақстанның мұнай, газ және көмір өнеркәсібі бойынша сұрақтар
-
1) Мұнай елімізде алғаш рет 1899 жылы Қарашүңгілдегі қай кен орнында атқылады? (Ембі)
-
2) Табиғи газ «табиғи газ гидраттары» түрінде қандай күйде кездеседі? (Кристалл)
-
3) Калориясы жоғары, тасымалдануы жеңіл, бағалы химиялық шикізат: (Газ)
-
4) Көмірдің тек жоғары сатыдағы өсімдік қалдықтарынан тұратын генетикалық тобы: (Гумолиттер)
-
5) Қазақстанда тас көмір мен қоңыр көмірдің қанша алабы және қанша кен орны бар? (400)
-
6) Маңызы жағынан екінші орынды алатын көмір алабы: (Екібастұз)
-
7) Мұнай мен газдың мол қоры Қазақстанның қай аймақтарында шоғырланған? (Атырау)
-
8) Қазіргі таңда мұнайды басқаша қалай атайды? (Қара алтын)
-
9) Мұнай электр тоғын өткізбейді. Сондықтан ол электроникада не ретінде қолданылады? (Изолятор)
-
10) 1930 жылы қай қалада алғашқы 4 шахта ашылды? (Қарағанды)
Қызығушылықты ояту: «Жанбайтын орамал» тәжірибесі
Қажетті құралдар
- Мақталы матадан жасалған қол орамал
- Этил спирті
- Ұстағыш, шырпы
Орындау барысы
- 1 Орамалды суға малып, сәл сығыңыз.
- 2 Орамалды спиртпен жақсылап қанықтырыңыз.
- 3 Орамалды бір рет қысып, қолды алға созған қалыпта ұстаңыз.
- 4 Шырпыны орамалға жақындатыңыз (тәжірибені қауіпсіздік үшін екі адам орындағаны дұрыс).
Бақылау және түсіндіру
Спирт бірден жанады, орамал жанып жатқандай әсер қалдырады. Алайда жану тоқтағаннан кейін орамал бүлінбей, бастапқы күйін сақтайды. Бұл құбылыстың мәні жаңа тақырыпты түсіндіру барысында ашылады: сулы матаның жану температурасы спирттің жану температурасынан жоғары, сондықтан жылудың едәуір бөлігі суды қыздыруға жұмсалады.
Мағынаны тану: оттекті органикалық қосылыстар және спирттер
Бұған дейін сендер көміртек пен сутектен ғана түзілетін қосылыстар — көмірсутектер туралы оқып-үйрендіңдер. Енді молекула құрамына оттек атомдары кіретін заттармен, яғни оттекті органикалық қосылыстармен танысасыңдар.
Функционалдық топ ұғымы
Оттекті органикалық қосылыстардың қасиеттері олардың құрамындағы функционалдық топтарға тәуелді. Дәл осы топтар әртүрлі кластардың (қатарлардың) түзілуіне және заттардың химиялық мінез-құлқына әсер етеді.
Спирттердің анықтамасы
Спирттер — көмірсутектердің туындылары: олардың құрамындағы сутек атомдарының біреуі немесе бірнешеуі гидроксил топтарымен (–OH) алмасқан.
Негізгі белгі: молекулада –OH тобының болуы.
Автор туралы мәлімет
Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы — Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжі. Химия-биология пәнінің оқытушысы, топ кураторы: Ерғалиева Назгүл Мұратовна.